Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз не көріп жүр?

Балаңыз не көріп жүр?

Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күніңде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Қазақтың мыңжылдық тарихына көз жүгіртсеңіз, ата-әжелердің сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткенін, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырғанын аңғарамыз. Осындай тәрбиенің жемісі болар, қазақ халқында ержүректі, наркескен, хас батырлар мен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан, қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен, қара қылды қақ жарған, от ауызды, орақ тілді дана, дара кемеңгерлер көп болған. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Тәрбиенің негізі – еңбекте» дегендей, атам қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие беру үшін еңбектенді, тер төкті. Таңды таңға ұрып, жыр-дастан айтты, қиялына қанат бітіріп, ертегі шығарды. Мұның әрқайсысы тәрбиенің діңгегі қатты болуына септігін тигізді. Ал қазір ше? Баламызға тағылымды тәрбие беру үшін еңбек етіп жүрміз бе? Әсілінде, баланың болашағы жарқын болуы үшін әдемі киім мен дәмді ас жеткіліксіз. Егер балаңыз жарық жұлдыздай жарқ етсін десеңіз, тәрбиесіне көңіл бөліңіз.

Тәрбиені алмастырған телефон
«Сынықтан басқасының бәрі жұғады». Хош. Жаһандану деп жар салған заманда ұялы байланыс құралы елімізге де жетті. Көзді-ашып жұмғанша қазақстандықтар да қалтафонның түр-түрін ұстап, тіпті бесіктен белі шықпаған баласына да алып беруде. Сондықтан болар, қазіргі ұрпақтың жасы кіші демесеңіз, санасы, ойлау қабілеті сізбен бірдей-ақ. Ұялыны қолына ұстатсаңыз болды, лезде «youtube» желісіне қосылып, қажетті дүниесін тауып алады. Осыдан кейін әшейінде у-шуы басылмайтын баланың дыбысы да естілмейді. Тіпті ас-суға қарамай, сағаттап телефонға телміреді. Әрине, мұндайда ата-ана да құлағының тыныш болғанына қуанады. «Ең бастысы, мені мазаламаса болды» деген оймен балаға қой демейді. Ал қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмаған бала «youtube» арнасынан не көріп жүр?

Қайдасың, қазақ мультфильмі?
Бүлдіршіннің ұялы телефоннан тамашалайтын туындылардың бірі – мультфильм. Ол бұғанасы қатпаған баланың сана-сезіміне, бүтіндей болмысына, одан қалды ойлау қабілетіне әжәптәуір әсер етеді. Сенбесеңіз, бір сәт балаңызға зер салып қараңызшы. Қолына семсер алып, «тасбақа – ниндзия» яки «өрмекші адам» боламын деп ойнап жүр ме? Ал сол бөбектерден қазақ мультфильмі хақында сұрасаңыз жауап бере алмайды. Себебі, ютуб арнасын былай қойғанда теледидардың өзінен заманға сай, әр сәбидің жүрегіне жол табатын мультфильм көрсетпейді. Иә, отандық өнімдер де әлеуметтік желіде жетіп артылады. Бірақ олардың қаралымы шетелдік туындылардан әлдеқайда төмен. Демек елімізде қазақтың емес, батыстан келген анимациялық фильм­дер сұранысқа ие. Өкінішке қарай, батыстық мультфильмдер жас ұрпақтың санасын улап, ұлттық тәрбиенің ауылынан алыстатып барады. Рас, шетелдік мультфильмдердің барлық жағдайы жасалған. Баланы баурап алатын алуан түрлі бояуы қанық, даусы анық, сапасы жақсы. Алайда, ол туындылардың тәрбиелік мәні ақсап тұр. Тамашалаған жанға қатыгездікті насихаттап жатқандай. Одан қалды таусылып бітпейтін атыс-шабыс, ұрыс-төбелес. Міне, осыдан кейін баланың мінез-құлқы адам танымастай өзгермеуіне кім кепіл? Ал қазақ анимациялары ше? Графикалық тұсы батыстікінен әлдеқайда төменде болса да, көрген жанның көңілінен шығатыны жасырын емес. Әсіресе, сәбидің санасына сіңіретін тәрбиесінің маңызы зор. Мәселен, қазақ мультфильмінің тұсауын кескен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысын алайық. Балаларға арналған бұл туынды алғаш пайда болғанда-ақ шетелге ұсынылып, 48 елдің экранынан көрсетілген. Өз елімізде де көрермен көзайымына айналған. Өйткені, бұл туынды исі қазақ жұртынан хабар беріп тұратын. Домбыраның құлақ құрышын қандыратын дауысы мен адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік анық байқалатын. Балаларды жақсылыққа, мейірімділікке һәм достыққа баулитын. Өкініштісі, қазір осы сынды туындыларды бүгінгі ұрпақ танымайды. Әлде оны көрсету үшін ата-ана құлықсыз ба?
– Балаларым бос уақытта алаңсыз телефон қарайды. Тіпті үш жасар қызым да мультфильмді өзі тауып алады. Көретіндері «Настя», сосын «Кукутики», сосын мульт­фильм сияқты емес, бірақ әртүрлі машина немесе басқа нәрсе құрастыратын бейнеролик көреді. Ал ұлдарым «Маша и медведь» пен «Тачкиді» тамашалайды, – дейді Мөлдір есімді үш баланың анасы.
Міне, осылайша қазақ анимациясын атымен білмейтін, тіпті көрмеген бүлдіршіндерге қарап ішің ашиды. Бұл отандық мультипликацияның мүшкіл халінен шығар бәлки? Егер біз де шетелдік туындылар секілді түрлі-түсті бояуды қосып, баланы еліте білсек, ютубта ғана емес, теледидарда да топ жарар ма едік? Әйтпесе, қазақ қаһармандарының батыстың «Бетмэнынан» қай жері кем? Я болмаса айды аузына қаратқан хас сұлуларымыздан шетелдің «Барбиі» артық емес шығар? Қарап отырсақ, қазақ тарихында мультфильмге арқау болатын тақырып жетіп артылады. Олай болса келешекте қазақ мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысы секілді танымалдылыққа ие болады деген сенімдеміз.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
30 мамыр 2020 ж. 828 0