Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесі – ұлт келешегінің кепілі

Бала тәрбиесі – ұлт келешегінің кепілі

Жыл он екі айдың жадыраған жаз айы да келіп жетті. Оқушы балалар үшін демалыс күндері басталса, ал мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ күтіп тұр. Бәрінен де ең қызықтысы сол, жаздың бірінші күні – Халықаралық балаларды қорғау күні. Тарихқа көз салсақ, 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекесі 1950 жылдан бастап тойланып келеді. Бұл мейрамды өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған. Ал БҰҰ аталған бастаманы қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырған. Мерекенің негізгі мақсаты – балалардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сонымен қатар оларға барлық жағдай жасай отырып, адамгершілікке, әділдікке тәрбиелеу болып табылады.
Дүниеде өзінің ұрпағына асқан жауапкерші­лікпен қарайтын жалғыз ұлт ол қазақ шығар, сірә?! Себебі, Еуропа дәл қазір туу көрсеткіші азайып, қартайып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Дүйім елді аузына қаратқан, өркениеттің көшін бастаған құрлықтың жай-күйі осындай. Ғылым мен білім мәселесіне келгенде алдына жан салмайтын халық ұрпақ мәселесіне келгенде немқұрайлық танытуда. Біздіңше, бұл балабастылықтан қашудың салқыны деп бағамдадық. Бала бағудың бейнеті жетерлік. Оған шыдамдылық пен төзім, бас­ты­сы бауырмалдылық пен сезім керек. Бар ауырт­­палықты қос иығына артып, балаларым бай­лығым деп, тірліктің мәні мен сәнін өмірге алып келген перзенттерім деп бағалайтын, тапқан-таянғанын балапандарының аузына тосып, саналы ғұмырын баласына арнайтын халық тағы да біздің ел. Біз осы құндылығымыз арқылы бармыз, баймыз.
Тәңір тіршілікті жалғассыз етіп жаратса, мына шексіз әлемді баяғыда қара түнек басқан болар еді. Адам өмірінің де мәні – ұрпақ. Пәниде жасаған мәнді әрекеттеріміздің барлығы – перзентімізге бағышталған. Бала – пенделердің ғана емес, мына дүние біткеннің мұрагері. Махаббаттың өзін де сұрыптайтын болсақ, ана мен баланың махаббатынан тұрлаулы не бар? «Бала – бауыр етің». Өміріңнің мәні де, сәні де солар. Таңның атысы мен күннің батысына қарамай, жұмыс істеуіңнің себебі де сол бала қамы. «Қайтсем, ұрпағыма жағдай жасаймын» деген ата-ана үшін бұл бақытты өмірдің баспалдағы іспетті. Бұл әу бастан солай…
Кезінде ата-бабамыз жазу-сызуды білмесе де, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұрпағының текті һәм саналы болып өсуіне бар күш-жігерін жұмсаған. «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, ұрпағының ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған да сол аға буын. Ата-әжелеріміз шет ел асып оқымаса да, адам баласы нені беру керек, нені сұрау керек, нені тілеу керек деген адами қасиетке шомылып өсті. Жазылмаған дала заңы оларды ештеңеден кенде еткен жоқ. Керісінше, өнегелі де парасатты ұрпақ болып өсуіне жол ашты.
Қазақта «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген сөз бар. Жас ұрпақ елдің ертеңгі алтын діңгегі болуы тиіс деген Қазақстан мемлекеті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұл мен қызды білімді де білікті, озық ойлы етіп тәрбиелеу мақсатында қолдан келген бар мүмкіндікті жасап келеді. Болашақты бекемдеп, келешекті кемел ету ісіндегі мақсат-міндеттер жыл санап өз шешімін табуда. Ел дамуының басым бағыттарын айқындап берген «Қазақстан-2050» стратегиясында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» – деген болатын. Шынында да, өркениет жолына әлемдік дамудың биік белесіне көтерілу үшін білім мен біліктің қашанда орны ерекше екені анық. Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған бабаларымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы мен ниеті арқылы озық тұр. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Иә, атам қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақынды өнеге еткен. Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болмасын ұлттық намысты жоғары қоятын, көргенді, көпшіл болып өскен. Бұл мәселе, яғни ұрпақ тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Себебі, ұлт келешегі сапалы, саналы тәрбиеде жатыр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
02 маусым 2020 ж. 813 0