Құрметті ата-аналар, қадірлі балғын балалар!
1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесі баршаңызға құтты болсын!
Балаларды қорғау күні-халықаралық мереке, оны бүкіл әлемде 1950 жылдан бастап атап өтеді. Өткізу туралы шешім 1949 жылдың қараша айындағы Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. БҰҰ бұл бастаманы қолдады және балалардың құқықтарын, өмірін және денсаулығын қорғауды өз қызметінің басымды бағыты деп жариялады.
«Ата-анаға көз қуаныш, алдына алған еркесі,» – деп хакім Абай жырлағандай, бала – отбасының қызығы, мейірі, жарқын болашағының кепілі.
Адам өмірінің маңызы да, мақсаты да – ұрпақ өсіру.
Бүгінгі тұлымшағы желбіреп, гүлдей жайнаған бүлдіршіндеріміз қасиетті даламызды сән-салтанатқа бөлейтін еліміздің ертеңгі тірегі, ата-баба мұрасы – қасиетті жердің иесі.
Ұрпақ тәрбиелеуде ұлағатын ұрпаққа аманат еткен отбасылардың тәлімін таразылап, оны ұлттық рухпен сабақтастыра білсек, ертеңгі ел тұтқасын ұстар балалар өздерінің барлық күш-жігерін тәуелсіздігімізді берік етіп, тұғырын биіктетуге арнайды деп сенемін!
Елбасы Н.Назарбаев ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап ұрпақ тәрбиесіне айрықша маңыз беріп, бірнеше бағдарламалар қабылдады. «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту, бүлдіршіндерді оқыту мен тәрбиелеудің жаңартылған мазмұнын енгізу мәселелері өз шешімін тапты. Аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100 пайыз орындалды. Интеллектуалды ұлт қалыптастырудың басты бағдаршамы – бала тәрбиесінде, оның білім – білігі мен құзырлылығына тікелей байланысты. Балалардың білім алуы, тынығуы, сауықтырылуы, қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғалуы үнемі басты назарда. Тыныштық тербеген Тәуелсіз қазақ елінде балалардың балдәурен балалық шағы бақытқа бөленіп, бейбіт те берекелі ғұмыр кешіп келеді! Олар – егемен елдің жасампаз түлектері, пайымды парасат пен мәуелі мәдениеттің, өркениет пен өндірістік революциялардың көшбасшылары!
Адамзат көшін жалғар балаларымыз бақытты, «ұрпағымен мың жасар» ата-аналар аман, ел-жұртымыз тыныш болсын!
Шиелі ауданының әкімі
Әшім Оразбекұлы.