Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала деген бір бақыт

Бала деген бір бақыт



1 маусым – Балаларды қорғау күні,бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын асыға күтетін күн. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мейрамды елімізде жоғары деңгейде атап өту дәстүрге айналған. Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылдан бері тойланып келеді. Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, озық технологиялы білім бере отырып, патриоттық сезімге баулу.Балаларды қорғау күні мереке ғана емес,сонымен қатар,болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады», – деген тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев.қазіргі таңда Елімізде жеткіншектердің білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған.
Балаларды қорғау күні барлық бүлдіршін өзін бақытты сезінуі керек, сондықтан да, бұл мерекені тойлаудан еш бала шет қалмауы тиіс. Балалардың қуанышынан, бал-бұл жайнаған жүзінен артық не бар?! Осыған орай мереке күні аудан орталығы мен елді мекендерде түрлі мәдени іс-шаралар, ойындар, сайыстар, түрлі-түсті бормен сурет салу конкурсы, спорт жарыстары ұйымдастырылады. Халықаралық балаларды қорғау күнінде шет елдерде тіпті бірнеше күн тойлайтын көрінеді. Бұл мереке Малайзияда қазан айының соңғы сенбісі күні, Сингапурда 12 қазан күні, Оңтүстік Корея мен Жапонияда 5 мамыр күні, Түркияда 23 сәуір күні, ал Африкада 16 маусым күні тойлайды екен. Бразилия мен Тайланд елдерінде 12 қазан күні барлық жер демалатын көрінеді. Сол күні барлық балалар мен ата-аналар әсем карнавал жүргізіп, Тайланд көшелерін керемет көрініске айналдырады. Ал Мексика елінде барлық балалар фестивальге ұлттық киімдермен келеді, тіпті сол күні 12 жасқа жетпеген балаларға барлық нәрсе тегін болады. Атап өткен елдердің барлығында балаларға арналған ақша, ойыншық, жылы киімдер жинау мақсатында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.
Біздің елімізде де бұл күн ерекше тойланады. Концерттік бағдарламаларды айтпағанда, түрлі форматтағы ойын-сауық шаралары балаларды шат-шадыман күйге бөлейтіні анық. Соңғы жылдары балаларға сауда үйлерінде тегін кино көру де қарастырылған.
Кеше ғана 1 Маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Арман» мәдениет үйінде «Біз бақытты балдырған» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мәдениет үйі балалар мерекесіне лайықталып, әдемі шарлармен безендірілді. Шара басы ертегі кейіпкерлерінен тұратын қойылыммен басталып, өнерлі, талантты балалар ән айтып, би билеп мерекенің көркін қыздырды. Сондай-ақ мәдениет үйінің алаңында «Біз әлемді сүйеміз» атты тақырыпта асфальтқа сурет салу және дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа Қазатомөнеркәсіп «ОПРАП» Шиелі төрағасы Т.Есенбеков демеушілік көрсетіп, жеңімпаздарды марапаттап, сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар шарада 300 балаға балмұздақ таратылды. Тәуелсіз мемлекетіміз бүгінгі кішкентай бүлдіршіндер арқылы гүлденеді, жан-жақты жоғары білім алуы арқылы кемелденеді.

А.Ғалымқызы.
01 маусым 2019 ж. 1 929 0