Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БИШІЛЕР БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

БИШІЛЕР БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

Аудан өнерпаздары жүлдемен оралды десе, бір марқайып қалатынымыз бар. Қай сайысқа барса да, жүлдесіз оралмайтын өнердің айрықша бір саласы бар. Ол – би өнері. Би – жанның ырғағы, әдеміліктің көрінісі. Қазір баласының биге деген икемін байқаған ата-аналар оларды жастайынан би үйірмесіне беріп жатқанын жиі байқаймыз. Бұл – жас бүлдіршіндердің өнердің биік шыңынан көрінуімен қатар, сұлу да сымбатты, дені сау болып өсуіне зор ықпал ететінін көрсетеді. Сондай-ақ мұндай жастың өнерге, өмірге деген сүйіспеншілігі артып, іскерлікке, еңбекке деген қызығушылығы оянары анық.
Жақында Жаңақорғанда «NURAY ART FEST» I Халықаралық көпжанрлы байқауы ұйымдастырылған болатын. Аталған байқауға небір талантты балғындар қатысып, бақтарын сынады. Соның ішінде аудан абыройын арқалап ерекше өнер көрсеткен «Сәлем» би тобы да бар. Кіл мықтылар бас қосқан байқауда «Қуыршақ» биімен көрермендер көзайымына айналған шиелілік жас өрендер би сайысында жүлделі I орын иеленді. Мың бұралған бишілеріміз әділқазы алқаларын таңдай қақтырып, көпшілікті тамсандырды Сонымен қатар байқауда би тобының жетекшісі Бақтыгүл Әзімбаева мен балабақша меңгерушісі Индира Ахметова арнайы дипломмен марапатталды. – Бұл байқау тек шәкіртті ғана емес, оларды әкелген әр жетекшінің еңбегін елеп, жасап жүрген жұмысына ризалық, өзіне мотивация беретін жоба ретінде құрылған. Біз бұл би жарысынан көп тәжірибе жинадық. Жүлделі орын алғанымыздың өзі үлкен жетістік, – деді қуаныштан Б.Тоянқызы. «Өнер талантты өсіреді» дейді дана халық. «Сәлем» би тобының жетекшісі хореограф Бақтыгүлдің балғын бишілері бүгінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жас өнерпаздар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Себебі жетекшісі «темірдей тәртіп жеңіске жетелейді» дейді. Олай болса, балғын бишілерге жарайсыңдар дегіміз келеді. Кез келген істе жоғары жетістік көрсету – тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Айнұр ИБРАШ
18 ақпан 2025 ж. 95 0