Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰТАДЫ

ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰТАДЫ

Иә, дала данышпаны, ойшыл, жырау Қорқыттың қазақта қалған құтты сөзінің бірі – «Ұрпақ тәрбиелеген ұтады». Ал, сол Қорқыттан кейін араға мың жылды салып, осы далада дүниеге келіп, ғұмыр кешіп, дүние танып, асыл ойдың теңізін кешкен хәкім Абайдың «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» деген фәлсафалық ой-тұжырымы ше? Екі тұжырымда бірімен бірі байланысып, бір ұғымның сабағыннан тарқалып, түйінделіп тұр емес пе? Расында өзімізді тәрбиелей алмасақ, өзгеге түгіл өз ұрпағымызға да жартып тәрбие беріп, тұлғалық болмысын қалыптастыра алмайтындығымыз шындық. Бүгінгі біз бен сіздің істеген әрбір ісіміз бен сөйлеген сөзіміз, қимыл-қарекетіміз өскелең ұрпаққа, жеткіншек жасқа, айналамызға, отбасы, туған-бауырымызға, бала-шағамызға үлгі, өнеге һәм тәрбие. Қазір қоғамда жауапкершіліктен жат жандардың саны жыл өткен сайын артып бара жатқандығын күнделікті көріп, біліп, айнала жаңалықтан, әлеуметтік желіден, БАҚ-тан естіп, оқып, куә болып отырғанымызды кімнен жасырамыз? «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Қазақ қоғамы үшін асқынған аурудың, кесапат кеселдің үлкені жауапсыздықта жатыр. Жауапсыздық біздің бүгінгі басты жауымыз десек те болады. Қоғам мүшелерінің санасына сіңіп кеткен жауапсыздық бізде жүнжітіп тұр. Қоғам, айнала, қоршаған ортадағы жауапсыздық дегеніміз не? Жауапсыздық дегеніміз ең алдымен жемқорлық! Өзіне сеніп тапсырылған мемлекет, халық байлығын ысырап етіп, шашып-төгіп, болашаққа балта шабу. Бұл дегеніңіз біле білгенге өзін мұсылман санап, Ахли-сунна жамағатына жатқызып жүрген жандар үшін әлімсақта Алла берген ар алдындағы жауапсыздық! Қала берді отбасы, бала-шаға тәрбиесіне деген жауапсыздық! Өзіне берілген мүмкіндікті, уақытты тиімді жұмсамай, ізгі іске бағыттамай құмар ойын, ішімдік ішіп, отбасы шырқын бұзып, балашағаны тәрбие бермек түгілі тентіретіп, әресікке телміртіп қоюда қол-аяғы бүтін,ақыл-есі дұрыс адам үшін жауапсыздық! Ысырапшылдық ол да жауапсыздық! Мақтангершілік бұл да жауапсыздық! Тізе берсеңіз тармақталып кете береді. Біздің бүгінгі қоғам осы жауапсыздықтан жүнжіп тұр. Жуырда осы мәселені ел жадында бір жаңғыртып, тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық ардагерлер кеңесі, ҚМДБ өкілдері, аудандық полиция бөлімі мен бірқатар ұйымдардан құралған топтың бірлескен 2025 жылғы ісшара жоспары түзілген болатын. Жоспарға сәйкес түсіндірме тобы ауданға қарасты барлық ауылдық округте болып, ауылдағы қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бас қосып, ашық үстел форматында бүгінгі тәрбие бағытында пікір бөлісіп, ақпарат-тәжірибе алмаспақ. Құрылған топтың алғашқы жұмыс кестесі Жиделіарық ауылынан басталды. Ауылдық мектептің акт залына жиделілік тұрғындар, ата-аналар, мұғалімдер, әйелдер және ардагерлер кеңестері, жастар өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер жиылды. Шарада топ мүшелері аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, ауданның бас имамы Рахат Қожанов, ҚХП Шиелі аудандық өкілдігінің төрағасы Әбдімомын Алдияров, аудандық полиция бөлімінен полиция лейтенанты Сабыржан Биманов және аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет сөз сөйледі. Іс-шараны ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы жүргізіп отырды. Негізгі көтерілген мәселе – бала тәрбиесі. Соңғы кездері жас жеткіншектер оның ішінде мектеп оқушыларымен жасалған түрлі заңсыздық, соңы кісі өліміне әкеліп соққан қайғылы оқиғалар аудан жұртының жағасын ұстатқандығын білеміз. Жиында оқушы, бала тәрбиесіндегі орын алып отырған кемшіліктер көтерілді. Ең бастысы атаананың бала тәрбиесі алдында жауапсыздығы соңы орны толмас зардапқа, өкініш-қайғыға әкеліп соқтырып жатқандығы сөз болды. Одан кейінгі мәселе ысырапшылдық. «Өзін мұсылман жамағатынан санайтын әрбір жан иесі ысырапқа жол бермеуі керек» деді дін басы. Құдайы ас, жаназа һәм ораза кезіндегі дастархан мәзіріне орай қабылданған Қазақстанда күллі мұсылман, дін басылары қолдап-қуаттаған пәтуа жайы сөз болды. Иә, дастархан мәзірінің пәтуасында пәрмен болмай тұрғандай. Пәтуада пәрменнің пәс болып, ысырапшылдыққа ұрынған қоғамда жаназа, оразада жайылатын дастархан мәзіріне мән бермейтін ессіздік дес бермей тұрғандығы өзекті өртей сөз болды. Пәтуа дегеніміз не? Қазақ сөзінде тұрмайтын, өтірікші, жалғаншы, тұрақсыз бір сөзбен айтқанда жауапкершіліктен жұрдай адамға «ісінің де, сөзінің де, өзінің де пәтуасы жоқ!» деп баға берген. Біздің бүгінгі ісіміз де, сөзіміз де пәтуа бар ма? Ойланатын жағдай. Мектеп біз бен сіздің балаға білім береді, қосымша жанамалай тәрбие береді. Қалған тәрбиенің басы өзіңізден! Біз осы жолдардың басында абайдан сөз келтірдік. Тағыда сол абыз Абайша айтсақ «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды». Құдайы-астың дастархан мәзірінде де имам немесе дін өкілі келіп сіздің қазаныңызды күзетіп тұрмайды. Пәтуада тұрмайтын жауапсыздық әрбір дастархан иесінің өзінен! Қазақ «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар» деп толғаған. Сол арқылы берекені бірліктен, ауызбіршіліктен іздеген. Ал сол, бірлік, ауызбіршілік деген асыл құндылықтардың астарында біле білген жанға жауапкершілік жатқан жоқ па? Біз әрбір қоғам мүшесі өзімізге жүктелген бүгінгі сәттің жауапкершілігін терең сезіне білсек, кейінгі толқынға түзу тәрбие береміз. Түзу қоғам, жарқын болашақ қалыптастырамыз. Ол үшін әрбір адам өз қалыбына терең үңіліп, дұрыс пен бұрысты айыра білгеніміз жөн. Оны да айыра алмайтын ақыл болмаса пәтуада болуымыз шарт. Қорқытша қорытқанда-ұрпақ тәрбиелей отырып ұтарымыз көп. Ол үшін Абайша айтқан да әуелгі тәрбие өзімізден...
Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ
18 ақпан 2025 ж. 105 0