Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮРКИЯДАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

ТҮРКИЯДАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Әрбір спортшының жеңіс жолы өзінше ерекше, алайда бәрін біріктіретін басты қағида бар. Ол – тынбай еңбек ету мен табандылық. Ал таэквондо осындай шыдамдылық пен тәртіпті қатаң талап ететін спорттың бір түрі. Спорт жөнінде бекерден-бекер айтпадық. Өйткені бүгінгі кейіпкеріміз Торғын Әлімхан осы қағиданы өз өмірімен дәлелдеген жан. Сондай-ақ ол осы спорт арқылы көптеген жетістіктерге жетіп, биік белестерден көрініп жүр. Соның бірі – жақында Түркияның Анталия қаласында өткен таэквондодан халықаралық Turkish Open G-2 турнирі. Жерлесіміз жарыста – 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Осындай қуанышты хабарды ести сала, біз де Торғынға хабарластық. 
Торғын Нұрлыжанқызы – Шиелі ауданының тумасы, 16 жаста. Ал таэквондомен 8 жасынан бастап айналысады. Спортқа деген қызығушылығы мен табандылығы оған мақсатына жету жолында шабыт сыйлап, нәтижесінде жүлдемен оралды. – Таэквондо – балалық шағымның құр босқа өтпеуіне себепкер болған спорт. Әжемнің кеңесімен және жан қалауыммен таэквондоға бет бұрдым. Алғашқы жаттықтырушыларым Сүндетхан Смаил мен Асылбек Хауметтің еңбегі зор. Жалпы осы күнге дейін талай республикалық, халықаралық турнирлерден жүлделі орындар иеленгенмін. Атап айтсам, 2022 жылғы Вьетнам мемлекетінде өткен Азия чемпионатының қола жүлдегерімін, 2023 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионымын. Ал Анталияда өткен жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әрине, сайыстың оңайы болмайды, барлығы қиын болды. Ақтық сайыста Иран спортшысымен бәсекеде маған шыдамдылық пен физика жетіспеді, жарақатта кедергісін тигізді. Бірақ мен мойымаймын. Келесі турнирлерде ең биік тұғырға көтерілемін деген үміттемін. Жетінші сыныптан бастап Қызылорда қаласындағы «Жалаңтөс Бахадүр Сейтқұлұлы» атындағы спорт мектеп интернатына оқуға түстім, қазіргі таңда осында тәлім-тәрбие аламын. Тыңғылықты дайындығым, көп жетістікке жетеледі. Спорттағы жеңісімнің ең бірінші себепкері ата-анам деп білемін. Маған бар жағдайды жасап, қажеттілігіммен қамтамасыз етіп, мотивация береді. Сол кісілердің маған артқан үміті, мені әр кез алға жетелеп отырады. Сонымен қатар мені спортшы ғана емес, адам ретінде тәрбиелегені үшін жаттықтырушым Рашид Сандықбаевқа айтар алғысым шексіз, – дейді Торғын. А й т а к е т е й і к , Түркиядағы ауқымды жарыста жастар арасындағы санаты бойынша 30 елден 781 спортшы өзара мықтыны анықтады. О с ы л а р д ы ң і ш і н е н кейіпкеріміз де елге жетістікпен оралып, бір қуантты. Торғынның жауапкершілігі мен арманға жету үшін тайсалмайтын тік мінезі бізді таңғалдырды. Мұндай қарқыны бар бойжеткен әлі талай шыңды бағындыратынына сеніміміз мол.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
18 ақпан 2025 ж. 218 0