Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Самғау»-дың жеңімпаз тарландары

«Самғау»-дың жеңімпаз тарландары

Жуырда қызылорда қаласында «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде өткен облыстық таэквондо федерациясының жүлдесіне арналған 2005-2017 жылы туылған балалар және кадеттер арасында облыстық ашық турнир өтті.
«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырып, татулыққа үндейді. Біле білсеңіз, спорт – үлкен күш-жігерді, жұмыс пен төзімділікті, әрдайым алға деген ұмтылысты қажет ететін сала. Шығыстың жекпе-жек өнері саналатын таэквондо ұрыстық спорттың бірі. Біздің елге жекпе-жектің бұл түрі тәуелсіздікпен бірге келді десек болады. Дәл сол жылдары әлемге әйгілі таэквондошы Мұстафа Өзтүрік атажұрты Қазақстанға келіп таэквондо жоғары мектебінің негізін қалаған еді. Егемен еліміздің ертеңгі болашағы өскелең жас ұрпақ екенін естен шығармауымыз керек. Біздің елде қай спорт түрі болса да айтарлықтай көңіл бөлініп, жаттығуға керекті жабдықтармен жасақталып жатқаны көңіл қуантады. Әсіресе, Шиелі ауданындағы жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығы басым. Сондықтан буыны қатпаған жас жеткіншектерді ата-аналар спорт үйірмесіне топқа қосса, ой-өрісі мен дене бітімі қалыптасады.
Аудандағы «Samgau School» оқу орталығы 250 оқушыға бағыт-бағдар беріп, таным көкжиегін дамытуда. Бұл орталық балаға білім беріп қана қоймай, спорттан да балғындарды жаттықтырып келеді. Айта кетейік 2021 жылдан бастап аталған орталықта таэквондо үйірмесі ашылған болатын. Бүгінде бұл спорттан жас спортшылар аудандық облыстық байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Оған дәлел жуырда облыста өткен жарыстан үш бірдей балғын жүлделі оралды. Мәселен, I орынды Ерсайын Жарқынбек иеленсе, II орын Ибрагим Ғалымжанұлына бұйырды. Ал III орынды Диляра Сұлтанбаева қанжығалады. Осындай балғындардың биіктерге қанат қағуына қомақты үлес қосып жүрген таэквондо спорт үйірмесінің бапкері Венера Егембердінің еңбегі ерен. Барлық спортта білікті бапкер мен жанкешті жаттықтырушы болмаған жерде талант ашылуы екі талай. Сол себепті бапкердің еңбегін елемей кетуге болмас.

Ш.Тілеубаев
22 қыркүйек 2022 ж. 603 0