Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕШЕГІДЕН БҮГІНГІ КӨШ ІЛГЕРІ

КЕШЕГІДЕН БҮГІНГІ КӨШ ІЛГЕРІ

Бүгінгі Шиелінің келбетін, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін осыдан 10 жыл бұрынғы жоқ, жоқ... 5 жыл бұрынғы деңгейімен де салыстыруға келмейтіні рас. Сонау 1991-2000 жылдарды айтпайақ қоялық, кешегі 2010 жылдармен сөз салыстырсақ та болады. Сол 2010 жылдары ауыл-аймақ түгілі аудан орталығында көгілдір отын бар ма еді? Үйді-үйге кіріп, келіп тұрған сапалы-таза ауыз су, үздіксіз беріліп тұрған жарық, тегіс жолдар, кент ішіндегі әлеуметтік қызмет көрсету орындары, спорт кешендері, көшелердегі ойын алаңдары, көше бойы тізілген жарық шамдар, скверлер, аллеялар ше? «Бүгінде аудан орталығы – кенттің жағдайы қалаға теңесіп қалды ғой» деп шүкіршілік етіп отырған жандар көп. Бұдан бөлек көптеген ауыл-аймақтарға қатынайтын аудандық маңыздағы тас жолдар, ауыл ішілік көшелер түгелге дерлік асфальттанған, әрине біреңсараң кезек күтіп тұрғаны болмаса, барлық жерде самаладай жарқыраған көше шамдары бар. Ауыл-аймақтардың денінде клуб үйлері, спорт кешендері, амбулаториялар, ойын алаңдары жаңадан салынды, қалғаны күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Көгілдір отынның да қызығын көріп жатқан елді-мекендердің саны артып келеді. Ауылды жерлердің біразында ауыз суы үйге кіріп тұр. Бұрынғыдай арбаға фляг артып, қыр асып, су тасып, мықшыңдап, машақат тартып жүрген ешкімді көрмейсіз. Жарығы һәм көше жарығы үздіксіз беріліп тұр. Көгілдір отын жанып тұр. Отын шауып, ағаш жарып, күл шығарып, күйбең тірліктің тауқыметін тартып жүргендер де аз қазір. Әлеуметтік нысандар халыққа үздіксіз қызметін көрсетеді. Құдайға шүкір, тірлігіміз кешегіден көш ілгері түзу. Бұның барлығы біле білгенге әрине ел ағаларының, ел басшыларының ерең еңбегінің, елге төккен маңдай терінің жемісі. Заман тыныш болса, әлі талай асуды асып, жетістікке жететінімізге күмән болмаса керек. Әкімдер, басшылар һәм қосшылар өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін бек сезінеді деп білеміз. Шиелінің бүгінгі жетістігі соның бір көрінісі. Солтүстік пен шығыстағы облыстарды Қызылорда облысымен салыстыруға әсте келмейді. Табиғатының әсемдігімен озбаса, олар бізден бүгінгі әлеуметтік хал-жағдаймыздан, тұрмыстіршілігімізден озып тұрған жоқ. Ауданда соңғы екі-үш жылдың өзінде қырық жылға татырлық қыруар тірлік атқарылды. Құрылыс қарқынды жүрді. Алда да бұл үрдістен жаңылмайтын секілдіміз. Оған себепті жуырда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдерімен бірге жаңа жобаларды іске асыру бағытында белгіленген жерлерді аралағанда тапқандай болдық. Аудан басшысының басты ұстанымы – тазалық, көркейту-көгалдандыру және әлеуметтік маңызды нысандарды ел игілігіне бағыттау. Бұл мақсатта сайланғаннан бері аянбай тер төгіп, еңбек етіп келе жатқандығын білеміз. Әкім Айтбай Насреддинұлы зиялы қауым өкілдерімен ауданның әлеуметтік экономикалық дамуы бағытындағы және көркейту-көгалдандыру, абаттандыру бойынша мәселелерді пысықтау мақсатында кенттің айналасындағы белгіленген нысандарда болып, болашақ жұмыс жоспарымен ой бөлісті.
Жоспарға сәйкес Шиелінің теріскей бетінде яғни аудандық ветеринария бөлімінің қасында жатқан екі гектар жерді жуырда аудан әкімідігі мемлекет иелігіне қайтарған. Енді биыл сол аумақтың арық-атызын көтеріп, су келтіріп, үлкен жеміс бағын жасамақ. Тәуелсіздік көшесі бойындағы мешіт пен теміржол арасындағы ашық аумақ та тазаланып, тегістеліп жатыр. Ол жерге Оқушылар үйі ғимараты, газ мекемесі ғимараттары ораналаспақ. Одан арғы колледжге қарасты бос жатқан жерлер де мемлекет меншігіне өткізілген екен. Ол жерге де әлеуметтік нысан немесе тұрғын үй түсіру ойымен бөлісті. Шиеліден Байсын ауылына бұрылыстан бастап ауылдың кіреберіс каналының жанына дейін жолдың екі беті түгел түріле тегістеліп, бұта-шеңгелден аршылып жатыр. Жағалай ағаш отырғызу мәселесі көтерілді. Осынау іс-сапар барысында біз білген ең маңызды жаңалықтың бірі қазіргі «Мейірім» оңалту орталығы маңындағы бұрынғы орталық саябақ мәселесі жайлы болды. Ескі саябақтың жерінде биыл аудан әкімдігі үздіксіз, жүйелі жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мемлекет иелігіне қайтартыпты. Аудан әкімі Айтбай Насреддинұлы енді осы жерді кеңейтіп, үлкен демалыс паркін жасау ойымен бөлісті. Тіпті демалыс паркінің эскиздік жобасын да көрсетті. Иә, расында Шиеліге жетпей тұрғаны сол орталық саябақ екендігі рас. Бұл мәселе бұған дейін де талай көтерілді. Баспасөзде де жарияланды. Бірақ қозғаусыз жата берген еді. Мінекей биыл сол түйіткілдің түйіні тарқағалы тұр. Іс-сапар барысында зиялы қауым өкілдері әкімнің болашақ жұмыс жоспарына бәрекелді десіп, сәттілік тіледі. Шиелінінің жақын келешекте жарқын да көрікті жерлері болатын алайда бұл күнде шаңы шығып, құлазып жатқан аумақта естелік үшін деп ел ағалары суретке түсті.
Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ
18 ақпан 2025 ж. 65 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31