Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сот отырысының қысқаша электронды хаттамасы»

«Сот отырысының қысқаша электронды хаттамасы»

Электрондық хаттама соттардың сот отырыстарын дыбыс-, бейнетіркеудің аппараттық-бағдарламалық кешені арқылы жасалған цифрлық дыбыс және бейнежазбалардан тұрады.
Азаматтық істер бойынша сот отырысының хаттамаларын, қысқаша хаттамаларын әзірлеу ережелері Қазақстан Республикасы азаматтық процесстік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 26-тарауында бекітілген. АПК-нің 281-бабына сәйкес бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке іс жүргізу әрекеті туралы жазбаша нысандағы хаттама не сот отырысының аудио -, бейнежазбасын жүргізу кезінде қысқаша хаттама жасалады. Электрондық хаттама серверлерде файл түрінде сақталады, олардың атауы автоматты түрде қалыптастырылады және істің нөмірінен, сот талқылауын өткізу күні мен уақытынан тұрады. Электрондық хаттаманың ажырамас бөлігі ретінде сот отырысы аяқталғаннан кейін оны сәйкестендіру және тұтастығын тексеру үшін жеткілікті ақпаратты көрсететін оның қысқаша мазмұнының сипаттамасы автоматты түрде қалыптастырылады. АПК-нің 282-бабына сәйкес қысқаша хаттаманың мазмұны осы баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 6), 13-1), 16) 18) тармақшаларда көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс, атап айтқанда, хаттамада: сот отырысының жылы, айы, күні және орны, уақыты көрсетіледі; істі қарайтын соттың атауы, судьяның, сот отырысы хатшысының тегі мен аты-жөні; істің атауы; іске қатысатын адамдардың, өкілдердің, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуі туралы мәліметтер; сот отырысындағы үзіліс және істі кейінге қалдыру кезіндегі жаңа сот отырысының күні туралы мәліметтер; шешімді жария ету және оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын түсіндіру туралы, оны түпкілікті нысанда дайындау мерзімі туралы, шағымдану тәртібі мен мерзімін түсіндіру туралы мәліметтер; хаттаманың түпкілікті нысанда жасалған күні, сондай-ақ онда соттың аудио -, бейнежазбалар, аудио -, бейнежазбасы бар файл атауы. Аудио-, бейнежазба тасығыш және қысқаша хаттама іске қоса тіркеледі.
Қысқаша хаттамаға қоса тіркелетін электрондық хаттама және аудио-, бейнежазба, аудиожазбаның мәтіндік транскрипциясы хатшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады, оларға қандай да бір өзгерістер енгізуге жол берілмейді. Бұл ретте сот отырысының қысқаша хаттамасы электрондық хаттама болып табылмайтынын ескеру қажет, өйткені АПК-нің 133-4-бабына сәйкес сот талқылауының аудио -, бейнежазбасы электрондық хаттама деп танылады. Сот отырыстарының хаттамаларымен танысу іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі. Іске қатысатын адамдардан немесе олардың өкілдерінен өтінішхаттар келіп түскен кезде сот отырысының хаттамасын төрағалық етуші мен сот отырысының хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында ұсынуға міндетті.
Шиелі аудандық соты
әкімшісінің бас
маман-сот отырысының
хатшысы З.Алимкулова
29 қаңтар 2025 ж. 67 0