Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СУРЕТШІЛЕР ҚОҒАМНАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

СУРЕТШІЛЕР ҚОҒАМНАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Әдемі картина, жақсы шығарма, әуезді ән, сұлу мүсін – мұның бәрі шын таланттан туады. Біз оны өнер дейміз. Ал бейнелеу өнері жайлы әңгіме қозғала қалса, ауызға алғашқылардың бірі болып Испан суретшісі Пабло Пикассо түсетіні анық. Сол Пикассоның: «Кейбір суретшілер күнді сары түске бояп бейнелейді, ал тағы біреулері сары домалықты күнге айналдырады. Біреулер ненің бар екенін және неліктен сол екенін сұраса, мен ненің болуы мүмкін болғаны мен оның неліктен жоқ екенін сұраймын» деген екен. Бұл ерекше өнер дүниежүзі тарихында әртүрлі қилы кезеңнен өтті. Сонау ежелгі Мысыр өнері, ежелгі Грек өнері, ежелгі Сақ өнері, дүркіреген Түркі өнері, Еуропадағы қайта өрлеу кезеңі, Орта ғасыр өнері, импрессионизм, тағысын-тағы болып осылай жалғаса береді.
Осы тұрғыда біз қайта өрлеу дәуірінің ұлы суретшілерін де алып қарасақ болады. «Қайта өрлеу дәуірі» немесе «Ренессанс» деген термин Италияда XV ғасырда пайда болған. Үш ғасырдан астам уақыт ішінде Италияда, басқа да Батыс Еуропа елдерінде көркем өнердің барлық саласында бұрын-соңды болып көрмеген гүлдену басталды. Әсіресе, сурет және мүсін өнерінде әрбір дәулетті адам өз үйлерінің қабырғаларын белгілі суретшілерге тапсырыстар беріп, әсемдеуді сәнге айналдырды. Осы дәуірде «Жақсы картина 1000 сөзден бағалы» деген сөз шыққан. Осындай қажеттілік өз кезегінде өнердің дамуына ықпал етті. Энгельстің сөзімен айтқанда «Қайта өрлеу дәуірі» туғызған алып тұлғалар: Леонардо да Винчи, Рафаэль Санти, Микеланджело Буонародти болды. Леонардоның мүсін өнерінде бізге жеткен еңбектері жоқ, десек те ол ұлы кескіндемеші, жан-жақты талантты адам. Рафаэль болса үйлесімділік, әсемдік, ізгілік патшалық орнатты. Ал Микеланджело кескіндеме өнерін де, мүсін өнерін де қатар алып жүре алды. Үшеуінің ұқсастықтары туған елін сүйді, жауға өнерімен де, өмірімен де қарсы тұрды. Сондай-ақ Рим, Флоренция, Милан қалаларының өркендеуіне жан аямай еңбек етті. Қайта өрлеу дәуірінің суретшілерінің қызметінің маңызы неде болды? Деректерге сүйенсек, олар сурет өнерінің теориялық негіз саласында үлкен жұмыстар жасады. Олардың перспектива сұрақтары жайлы теориялық еңбектері кеңістікте үшөлшемді заттардың бейне құрылымының қиын мәселелерін шешуге көмектесті. Суретшілер бұл мәліметтерді бейнелеу өнері практикасында өздерінің ғылыми бақылауларында қолданды. Қазірдің өзінде олардың шығармалары көрерменді анатомия, перспектива, түстік-көлеңке заңдылықтарын білгенімен таң қалдырады. Осы күнге дейін суретшілер бұл дәуірдегі өнерге даналық қайнар көзі, білім мен шеберліктің жоғары мысалы ретінде қарайды. Тағы бір айта кететін жайт, бейнелеу өнеріндегі түрлі бағыттар, яғни «измдер» турлы көптеген пікірталас әлі күнге дейін толастамай келе жатыр. Оны жасыра алмаймыз. Бұл заңды құбылыс, солай болады да! Әсіресе, қазіргі кезде интернет, ғылым мен техника дамыған біздің заманда компьютер суретшіні біртіндеп ығыстырады бастады. Расында, компьютер суретшінің жұмысын біраз жеңілдеткен шығар. Бір қарағанда суретшінің істегенің компьютерлік бағдарламалардың көмегімен істейтіндей көрінеді. Бірақ, олай емес! Шынайылық жетіспейтін секілді... Кезінде бір америкалық суретші көрмеге барады, ол италиялық мүсінші Джакома Манцудың «Орындықта отырған әйел» деген картинаның қасында иін тіресіп тұрған халықты көріп, мен де бұлай жасай аламын деп, тура сондай етіп қызбен үстелдің қалыбын гипстен құйып алып, қолаға аударады да көрмеге қояды. Бірақ оның сол суретінің алдында халық жиналмайды. Неге? Өйткені ол жансыз, құр әншейін жел үрлеген мүсіндей болып тұрды. Ол жерде суретші-мүсінші саусақтарының энергетикасы, ішкі сезімі, жан дүниесі берілмеді, ал Манцуда саусақтарының іздері, қимыл-қозғалысы, энергиясы әрбір формада сезіліп тұрды. Сол сияқты компьютерде істелген жұмыс та суретшінің ішкі жан дүниесі мен энергетикасын толық бере алмайды, ол құр құрғақ штрихта болып қала береді. Ендеше суретшілік – көргенін емес, сезінгенін, ішкі әсерді ақ парақ бетіне түсіру. Атақты Пабло Пикассоның тағы бір сөзін аңғарып қарайықшы. Бірде ол «Кім адамның жүзін дұрыс көре алады: фотограф па, айна ма, әлде суретші ме?» деген сұрақ тастаған екен. Бұл сұраққа жауап бергендерің көпшілігі суретшіге тоқтаған. Өйткені олар адамды ғана емес, ұлы табиғаттың өзін жүрек түкпірінде сақтап қала алады. Фотограф пен айна адамның тек сыртын көрсе, суретші адамның ішін де көреді. Бүгінде қазақ бейнелеу өнері қандай деңгейде? Әрине бұл тұрғыда сөз қозғасақ, біз ең алдымен Әбілхан Қастеевті айтамыз. Өйткені қазақ елінің халық суретшісі әрі кәсіби қылқалам шебері деген жоғары атаққа бірінші ие болған адам. Бейнелеу өнеріне деген қызығушылығының арқасында, ол үнемі прогрессивтік ізденістер үстінде болды. Айналасындағы қоршаған табиғатты, тау-тастар мен өзендерді, адамдар мен жан-жануарларды табиғи суреттерін салып, талдау жасады. Өз елінің салт-дәстүрі мен күнделікті өмір-тіршілігін терең зертеп-зерделеу арқылы шеберлік шыңына шыға білді. Бейнелеу өнеріндегі жоғары эстетикалық талғамдағы шығармашылық туындылар әкелді. Оның шығармашылығы өте қызықты, әртүрлі кезеңнен тұрады. Авангардтық жұмыстардан бастап реалистік, классикалық шығармаларға дейін қамтиды. Акварель, майлы бояу, графикалық техникада еңбек етті. Амангелді Имановтың портреттеріндегі образдық ізденістері мен шешімдерінің өзі бір төбе десек болады. Бұдан бөлек, қазақ бейнелеу өнеріне еңбек еткен майталман классиктерімізді қалайша айтпаймыз? Олардың дүниежүзіне әйгілі туындыларын міндетті түрле атап өту қажет. Мәселен, Әбілхан Қастеевтің «Түрксіб», «Медеу мұз айдыны», «Қапшағай су қоймасы», Әубәкір Ысмайловтың «Хантәңірі жайлауы», «Картоғай», Айша Ғалымбаеваның «Қазақстан әні», Сабыр Мәмбеевтің «Тауда», «Көктем», Қанапия Телжановтың «Жамал», «Көкпар», Молдахмет Кенбаевтың «Асауға құрық салу», «Шопан әні», Әли Жүсіповтің «Бақыт», «Алғашқы оқу», Гүлфайруз Ысмайлова, Сахи Романов, Үкі Әжиев, Жанатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Абдрашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғысбаев еңбектерін айтпай кету мүмкін емес. Ұлы қазақ даласының теңдесі жоқ әсем табиғатын өз шығармасына арқау ету Қазақстан суретшілеріне тән заңдылық дер едік. Қазіргі заман суретшілерінің тынысы кеңейді. Ел, жер қорғаны болған батыр бабалардың, ұлы билердің бейнелерін сомдады. Тарихи шайқастар туралы кең көлемді полотнолар жазылды. Ал бүгінгі суретшілерге не жетіспейді десеңіз, осы жазылып жатқан жұмыстарды алушы жетіспейді. Меценаттар жоқтың қасы. Орыс бейнелеу өнерінің қамын ойлап, суретшілердің туындыларын өз қаржысына сатып алып, әлемге әйгілі Третьяков галереясын жинақтаушы Павел Третьяков, Савва Мамонтов сияқты өнер сүйгіш патриот, меценат азаматтар саусақпен санарлық. Суретшілерге шеберхана, жұмыстарын көрсететін көрме залдары жетіспейді. Әр өнердің мақсаты – оны ұрпаққа насихаттау, аманаттау. Осы үрдісте біздің суретшілер қалай еңбек етіп жатыр? Бүгінгі таңда Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері шығармашылық ізденістерін жалғастыруда. Оған көптеген жобаны, көрмені алуымызға болады. Мәселен, 2021 жылы өткен «Social Development Center» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ұлы таулар шыңдары» атты республикалық көрмені ерекше атап өткен жөн. Онда қойылған жұмыстар каталог кітапшасын басылып шықты. Бұның өзі жастардың өнерге деген көзқарасы, ынтасы зор екендігін көрсетті. Тек қана осындай жобалар елімізде көбірек болып тұрса, онда қазақ бейнелеу өнері өрлей түспек. Хош, әлемдік әрі республика деңгейінде айтып көрдік. Енді аудан бойынша суретшілердің ахуалы қандай күйде? Жас суретшілерге қолдау көрсетіліп жатыр ма? Иә, ауданда суретшілерге қолдау бар. Оқушылар арасында көрмелер, байқаулар өткізіліп тұрады. Жақында оқушылар үйінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» «Шабыт» жобасы аясында өткен «Жас қылқалам шеберлері» атты дарынды балалар көрмесі өтті. Мұнда талантты балалардың ерекше туындылары көрсетілді. Көрмеге қойылған әрбір сурет өзінше сыр шертеді. Шараның мақсаты – жас дарындардың шығармашылық белсенділігіне қолдау көрсету. Дарынды балалардың суретіне көз жүгіртсек, бірі боз жусанды сайын даланың суретін түрлі-түсті бояуларды үйлестірсе, енді бірі елге аты мәшһүр тұлғалардын порттіретін салған. Көрмеге қатысқан 7 суретшінің басын қосқан бұл көрме, келесі жолы ауқымды түрде ұйымдастырылады деп күтілуде. Өйткені сурет үйірмесіне қатысуға ниет білдіргендірдің қатары күн санап артуда. Көрмеге қатысушылардың бірі, «Жас суретші» үйірмесінің оқушысы Жібек Қалдыбаева: – Сурет – мен үшін өмірдің мәні. Жүрегіме түйген арманды, көңілдегі қиялды, өткен күн мен келер болашаққа деген ойымды сурет арқылы жеткізу мен үшін маңызды. Суретті кез келген уақытта салу қиын, ол үшін шабыт қажет. Қиялға ерік берген кезде ғана қолың жүріп кетеді. Суретті шабытыма байланысты бір жетіде бір рет, кейде айына бір рет салуым мүмкін. Көбіне жалғыз отырып, тыныш жерде жұмыс жасағанды ұнатамын. Сурет салғанда көңіл-күйімнің көтеріңкі болуы өте маңызды, – дейді суретші қыз. Сондай-ақ көрмеде оқушылар үйінің қосымша білім беру педагогы, «Мүсін және графика» үйірмесінің жетекшісі Асылбек Сейтжапбарұлының шәкірті Бағдаулет Бегматтың туындалыры көпшілікті таңқалдырды. – Сурет салу – баланы заттың пішінін дұрыс аңғаруға, түстерді ажыратуға үйретеді. Көріп, есте сақтауын, көзбен өлшеу қабілетін, бақылау дағдысын дамытады. Әсемдікті сезіне білу арқылы өзінің шығармашылығынан ләззат ала отырып, қоршаған ортаны тереңірек ұғынады. Шығармашылық қабілет өзінен-өзі оянбайды, ол тәрбие мен білім берудің әсерінен дамиды. Бала суретшілік кәсіпті таңдамаса да, жасынан шығармашылық шабыттың қуанышын сезінеді. Өткен заман педагогтерінің де, қазіргі ұстаздардың да ойы осы арнада тоғысады. Бүгінгі көрменің де жас суретшілерге келешек үшін пайдасы орасан, – деді А.Байділдаев. Осы орайда айтпағымыз, жас суретшілердің жаңа легі көз қуантты. Аға буын қылқалам шеберлерінен тәлім алған жас өнер иелері қазақтың сурет өнерін асқақтата бермек. Лайым осындай көрмелер, тың жобалар көптеп ұйымдастырылса деген лебізіміз бар. Ал егер мемлекет тарапынан бейнелеу өнеріне қырын қарау болмаса, онда сурет өнерінің өрісі кеңейе түсетіні сөзсіз. Әрбір шығармашылық адамының өз туындысын халық көріп, бағасын берсе екен дейді. Олай болса, суретшілердің еңбегін әрқашан қадірлейік. Себебі олар нағыз өнер иелері...
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
28 қаңтар 2025 ж. 74 0