Астанада тағы бір елді мекен табиғи газға қосылды

Астананы газдандыру – бұл экологиялық жағдайды жақсартатын және халықтың қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беретін стратегиялық жоба. Біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз және тағы бір елді мекен көгілдір отынға қосылғанына қуаныштымыз, – деп атап өтті қала әкімдігінің газдандыру бөлімінің басшысы Рақымжан Алтынбек.
Бұған дейін әкімдік газдандырудың екі кезегінің құрылысын аяқтады. Олар – Сарыарқа ауданы (Көктал-1, Көктал-2 елді мекендері, Агроқалашық және қаланың ескі бөлігіндегі Потанин көшесінің аумағы), Алматы ауданы (Железнодорожный, Промышленный елді мекендері, сол сияқты Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің оң және сол жақ бөліктері, Интернациональный, сондай-ақ Ақбидай, Қазақауыл шағын аудандары), Сарайшық ауданы (Күйгенжар және Мичурино елді мекендері), Есіл ауданы (Велла Вилладж коттедж қалашығы, Куршавель т/к, Фэмэли таун, Фэмэли парк т/к) және Нұра ауданы (Будапешт, Космик Сити тұрғын үй кешендері). Сонымен қоса "Тұран", "Телман", "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу станцияларына және Үркер, Пригородный, Family Village, Өндіріс, Кирпичный елді мекендеріне газ жеткізу желілерінің құрылысы аяқталды.