ҚОЙНАУЫ – ҚҰТ, ЖЕРІ – ЖАҚҰТ, ЖҰРТЫ – ЖОМАРТ
Арқаны кеңге салып, сары қымызды бүлкілдете отырып сапыратын, қарында сақталған майды қасықтап түсіріп асайтын, дала желіне кепкен құртты уыстап жинайтын, елі еңбекке жақын ауылдың қалыбын бұзбаған бір мекен бар. Ол талайға жайлы қоныс болған, сыры мен сымбаты үйлесім тапқан Сұлутөбе ауылдық округі.
ӨТКЕННІҢ ҮНІН ТЫҢДА
Сұлутөбе жайлы айтсаң аңыз, жырласаң дастан таусылмайды. Ел бірлігін ойлаған даналар туған ауылдың бүгінгі бейнесі алтын түске боялғандай. Бұл мекеннің қасиетті қара топырағы – талай перзентті бауырына басып, өзінен өрбітіп, анасының ақ сүтіндей мөлдір, қазынадай құнды болған құтты қоныс. Алаштың алып тұлғасы, көрнекті қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай да осы топырақта дүние дидарын көрген еді. Тұрағы темір жол торабымен байланысқан, батысы Сырдария өзенінен басталып, шығысы Сарысудың жоғары жағындағы Жезқазған облысымен шектелетін ауылдық округке Сұлутөбе, 1 Мамыр, Жаназар батыр елді мекендері қарайды. 120 жылдан артық тарихы бар ауылдың дамуы теміржолмен тығыз өріліп жатыр. «Орынбор Ташкент» теміржолының тартылуына байланысты 1904 жылы Сұлутөбе станциясы салынғанды. Ол жолдың шығысындағы – «Сұлутөбе» деген биік құмның атымен аталған. Ел тәуелсіздігін алғалы Сұлутөбе де өзге өңір секілді дамып, гүлденді.
АГРАРЛЫҚ САЛА
Жер көлемі – 653 891 гектарды құрайды. Оның ішінде жайылымдық жер – 70 718, ал егістік жер – 72 440 гектарды құрайды. Жайылым табиғатын жетік меңгерген ауыл халқы тіршілігін егінмен, мал шаруашылығымен айналысып, өз кәсібінен нәпақа табуда. Таңның атысы күннің батысы демей, бел шешпеген диқаншы мен малшы қауымның көрген бейнеттерін тілмен әсерлеп жеткізу мүмкін еместі. Ол үшін бір мезгіл кетпен мен қамшы ұстап, бірде егістік, бірде мал соңынан жүріп көру керек. Сонда ғана тынымсыз шаруалардың шынайы еңбегіне қанығасың. Олардың жанкешті еңбектеріне баға да бересің. Қазақ «көз қорқақ, қол батыр» дегенді тура осы шаруақорларға қаратып айтқанды. Айта кету керек, мұнда мал саны тұрақты түрде артып келеді. Бүгінде ауылдық округ бойынша мал басы – 16 848ге жетті. Малдың барлық түрін бірдей бағып отырған халық тұрмысын малдан айырып отыр. Өткен жылдан бастап жабайланып кеткен жерлер инженерлік жүйеге келтіріліп, каналдар тазаланып, біршама гектар жер ашылып, күріш өсіру қолға алынды. – 1 Мамыр төңірегінде былтыр күріш бірінші рет егілді. Негізі 64 жылдық үзілістен соң, күріш егу жұмысы қайта жанданып, жаңа бастама қолға алынды. Әлбетте, егістік туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен аяқ су ойға келеді. Екі канал, яғни Көксу каналы мен Жаңа Сұлутөбе каналдары тазартылып, осы соңғы 23 жылдың көлемінде аяқ су жақсы келуде. Сонымен қатар ауылға келетін R1 каналы депутат Диханның демеушілігімен 5,5 км қазылып берілді. Сондықтан елді мекенде аяқ судан мәселе туындамайды, – дейді Кәжденбек Маматов. Шынында, ерінбей ебін тапсаң кез келген шаруаны нағыз табыс көзіне айналдыруға болады. Ал Сұлутөбеге барсаңыз нақ осының куәгері атанасыз. Қазіргі таңда бұл ауылдық округте 102 шаруа қожалығы мен 30 кәсіпкер өз ісін белсенді жүргізіп жатыр. Бұл өзгерістер халық тұрмысының үздіксіз жақсаруына үлес қосуда.
«ҚҰМЖАРҒАН» САЙЫ
Қалам ұшына іліккен бұл ауылдың өмірі теміржолмен өріліп жатқанын сөз еттік. Сол маңда қолданыстан шығып қалған егістік алқаптары мен атыз болып жатқан үлкен аумақтар бар. Оны аяқ сумен қамтамасыз етіп, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Құмжарған» сайында орналасқан каналға су шаруашылығы құрылысы жұмыстарын жүргізуді мақсат еткен. Бұл жоба қазір республикаға жеткен. Дәл осы жоба мақұлданса, 7000 гектарға жуық ауыл шаруашылық жеріне суды аз қажет ететін жоңышқа, жүгері және тағы басқа дақылдар егуге болады. – Шаруашылық қайта жандандыру мақсатында нақ осы жобаны жасап, ұсындық. «Құмжарған» сайынан басталатын жалпы ұзындығы 28 шақырым каналдың су шаруашылығы құрылысын жүргізу үшін 150 га жер тазартылады. Ені мен тереңдігі – 2 метр қазылып, жерқұрылыс жұмыстары жүргізіледі. Канал бойынан өткелдер, су тоспасы соғылады. Сонымен қатар арнаны қалпына келтіру трапецеидальды қима – 28,235 км, бас су тарату құрылысы 1 шт, гидропост – 1 шт, құбырлы өтпе – 3 шт, балық бөгегіш өндірістік ғимарат болады, – дейді ауыл әкімі. Сырдария өзенінен құйған су Майлытоғай ауылдық округінің шаруа қожалықтарындағы егіндік, шабындық жерлерін, Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 1 Мамыр, Жаназар батыр елді мекеніндегі 600 отбасы және 75 шаруа қожалығы аяқ сумен қамтамасыз етіледі. Оң шешімін берген тұста шаруа қожалықтар мен ауыл тұрғындарына жемшөп дайындауына оң ықпалын тигізеді. Тұрғындардың егін шаруашылығымен айналысуына қолайлы жағдай туады. Шабындықтар суғарылады. – Қазіргі таңда ауыл тұрғындары баубақша өнімдерін сырттан сатып алып жатыр. Егерде осы айтылған Құмжарған каналы қазылған жағдайда жоғарыдағы көрсетілген баубақша өнімдерін елді мекеннің тұрғындары өздері егіп, жоғарыда көрсетілген жағдайлардың барлығы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Өңірдің экологиялық жағдайы жақсарады. Сырттан инвесторлар тартылып, жаңа жұмыс көздері ашылады, – Кәжденбек Өгізбайұлы. Өкініштісі, 75 шаруа қожалықтың өсіп, үлкейуіне жемшөп дайындауға аяқ судың болмауы кедергі келтіруде. Яғни, жемшөпті сырттан тасымалдап, сатып алуға тура келеді. Аяқ су мәселесі «Құмжарған» каналы арқылы шешілген жағдайда шаруа қожалықтар өсіпөркендеп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ете отырып, елдің мекеннің дамуына үлестерін қосқан болар еді.
АУЫЛ АЖАРЫ
Аудан орталығынан 75 шақырым жердегі Сұлутөбеге тақтайдай тегіс жолда жүйіткіген көлік бір сағатта жеткізеді. Округ орталығындағы жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен еңселі үйлердің көптігі ауыл өмірінің жайкүйін бірден сезіндіреді. Орталық көшедегі сап түзеген ағаштар дереу көзге түседі. Көшелердің ажары үйлердің түрлітүсті сәнді қақпаларымен толықтырылған. Тіпті ауылдағы асфальтталған жолдар да, тас төсеніштер де жалпы көріністі айшықтай түседі. Бүгінде ауыл халқының саны – 3000 адамнан асады. 586 түтін бар. Елді мекеннің бүгінгі тұрмысы қалыпты. Бұнда білім алушылар үшін 3 қазақ орта мектебі, 1 спорт мектебінің филиалы, 3 балабақша, 2 аурухана, 1 мәдениет үйі және 19 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Ауылдағы 24 көшенің 13і асфальтталып, жарықтандырылған. Алдағы уақытта көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толығымен жарықтандыру жоспар да бар. Мұнда ауыз су мәселесі толық шешілген. Барлық тұрғын үй тартылған 51,8 шақырымдық су жүйесі арқылы тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Ауылда бүгінгі таңда көп жұмыстар атқарылып, нәтижелі іске асуда. Мұнда «Ардагерлер кеңесі», «Әйелдер кеңесі» ұйымдары жүйелі жұмыс істейді. Олар елді мекеннің қоғамдықәлеуметтік өміріндегі күрделі мәселелерді талқылап, жас отбасыларға ақылкеңес беріп, ауыл жастарын спортқа, түрлі маңызды шараларға белсенді араласуға шақырып, қамқорлық танытып отырады. Бұдан бөлек мәдениет үйінде түрлі тақырыпта шаралар, мерекелік кештер, жастар арасындағы бағдарламалар өткізіліп, ауыл кітапханасында кітап көрмелері ұйымдастырылады.
АБАТТАНДЫРУ
Ауыл тазалығы – күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі. Сұлутөбенің бүгінгі ажарына ажар қосылған. Күн жылып, көктем туғалы тұрғындар мекеннің тазалығына аса мән беруде. Бұл жөнінде: – Көктемгі көркейту көгалдандыру жұмыстарына байланысты ауылда 500 түп ағаш отырғызылып, саябақ пен скверлердегі ағаштар ақталып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Көктемгі, күзгі тазалық айлағында сенбіліктер ұйымдастырылып, ауылдық округтегі барлық мекемелер өз аулаларын көркейтуге атсалысты, – деді ауыл әкімі.
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Басты міндеттердің бірі – жұмыссыздықты жою. Бүгінгі қоғамда жұмыс істеймін деген адамға барлық салада жұмыс бар. Өйткені, жекеменшік дәуір, яғни, капитализм. Әркім өзінөзі жұмыспен қамту керек. Бізге екі қолға бір күрек тауып бер дейтін халықпен тығыз қарымқатынаста болған соң, оны да жүзеге асырып жатырмыз деген ауыл әкімі жұмыссыздардың санын азайту мақсатында әрі халықтың әлауқатын көтеруге қатысты атқарған жұмыстарын баяндады. Тұрғындардың 1 770і жұмыспен қамтылған, ал жұмыссыздар саны – 64. Елді мекенде өз ісін ұршыққа иіріп отырған жандардың саны біршама. Әсіресе, кең өріс алған ауылшаруашылығы ісін өркендету – биылғы жоспардағы жұмыстардың бірі. Ауыл әкімі кіші шаруашылықтарды біріктіріп, халықтың әлауқатын көтеруге қызмет етуді көздейді. Айта кетейік, бұнда атқарылуға тиіс көптеген мәселелер де бар. Мәселен, Сұлутөбе ауылдық округіне инвестиция тарту арқылы жылыжайлар салу, елді мекендерді көркейту жоспарланып отыр. Сондайақ спорттық сауықтыру кешені, монша секілді ғимараттардың бой көтеруіне де жағдай жасалуда. Расында, аты мәшһүр ауылдың жыл бойында атқарған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Алға қойған мақсаттары мен бағыты да нық. Бастысы 10 жыл әкімдік қызметін абыроймен атқарып жүрген К.Өзігбайұлының шын жанашыр болып, ауылды барынша дамытуға үлес қосып жатқанына куә болдық. Ендеше, Сұлутөбенің өркендеп, өсуіне «Өскен өңірліктер» де шын тілеулес.
Сұлушаш МАДИЯРОВА