СҰЛУТӨБЕНІҢ СЫРЛЫ СИПАТЫ
Талайға жайлы қоныс болған Шиелі ауданында Сұлутөбе деген елді мекеннің барын білетін шығарсыз? Тұрмысы түзу, тірлігі мығым, ынтымағы жарасқан бұл жер бүгінде өңірдегі іргелі ауылдардың қатарында. Сұлутөбенің қасиетті қара топырағы – талай перзентін төсінде әлдилеп, қазақы қаймағын жоғалтпаған құтты қоныс. Алаштың алып тұлғасы, көрнекті қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай да кіндігін осы топырақта кескен еді. Қазір берекесі мен мерекесі жарасқан алақандай ауыл уақытпен бірге өсіп-өніп келеді. Ендеше, басылымның кезекті санында сымбаты мен сыры кетпеген Сұлутөбенің бүгінгі бедерін баяндамақпыз.
Тұрағы темір жол торабымен байланысқан, батысы Сырдария өзенінен басталып, шығысы Сарысудың жоғары жағындағы Жезқазған облысымен шектелетін Сұлутөбе ауылдық округінің бүгінгі келбеті келісті. Кезіндегі «Сұлутөбе» деген биік құмның атымен аталған станция бүгінде 589 түтін, 3 000 тұрғыны бар елді мекенге айналған. Ауылдың жалпы жер көлемі – 653 891 гектар. Оның ішінде жайылымдық жер – 70 718 гектарды, ал егістік жер – 72 440 гектарды құрайды. Жайылым табиғатының тылсым сырларын меңгерген ауыл тұрғындары тіршілігін егінмен, мал шаруашылығымен байланыстырып, кәсібінен нәпақасын тауып отыр. Жұртшылық арнайы шаруашылық техникаларымен қамтамасыз етілген. Шаруаға бейім еңбек адамдары ілкімді ісін ілгерілетуге асығады. Соның нәтижесінде мал басы да артып келеді. Ауылдық округ бойынша мал басы 16 848-ге жетті. Қазір ауылда 46 шаруа қожалығы, 32 кәсіпкер жұмыс істейді. Бұл халық тұрмысының күннен күнге жақсаруына сеп болуда.
Ауылдық округке Сұлутөбе, 1 Мамыр және Жаназар батыр ауылдары қарайды. Елді мекеннің бүгінгі тұрмысы қалыпты. Бұнда білім алушылар үшін 3 қазақ орта мектебі, 1 спорт мектебінің филиалы, 3 балабақша, 2 аурухана, 1 мәдениет үйі және 19 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. Ауылдағы 24 көшенің 19-ы асфальтталған, 13-і жарықтандырылған.
Алдағы уақытта көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толығымен жарықтандыру жоспарланып отыр. Мұнда ауыз су мәселесі толық шешілген. Барлық тұрғын үй тартылған 51,8 шақырымдық су жүйесі арқылы тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
Қазіргі таңда ауыл көлемінде талай толымды тірліктер атқарылуда. Бүгінде бұнда «Ардагерлер кеңесі», «Әйелдер кеңесі» ұйымдары жүйелі жұмыс істейді. Олар елді мекеннің қоғамдық-әлеуметтік өміріндегі күрделі мәселелерді талқылап, жас отбасыларға ақыл-кеңес беріп, ауыл жастарын спортқа, түрлі маңызды шараларға белсенді араласуға шақырып, қамқорлық танытып отырады. Бұдан бөлек мәдениет үйінде түрлі тақырыптағы шаралар, мерекелік кештер, жастар арасындағы бағдарламалар өткізіліп, ауыл кітапханасында кітап көрмелері ұйымдастырылады.
Ауыл тазалығы – күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі. Сұлутөбенің бүгінгі ажарына ажар қосылған. Күн жылып, көктем туғалы тұрғындар мекеннің тазалығына аса мән беруде. Бұл жөнінде:
– Көктемгі көркейту-көгалдандыру жұмыстарына байланысты ауылда 500 түп ағаш отырғызылып, саябақ пен скверлердегі ағаштар ақталып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Көктемгі, күзгі тазалық айлығында сенбіліктер ұйымдастырылып, ауылдық округтегі барлық мекемелер өз аулаларын көркейтуге атсалысты, – деді ауыл әкімі Кәждәнбек Өгізбайұлы.
Тұрғындардың 1 770-і жұмыспен қамтылған, ал жұмыссыздар саны – 64. Елді мекенде өз ісін ұршыққа иіріп отырған жандардың саны біршама. Әсіресе, кең өріс алған ауылшаруашылығы ісін өркендету – биылғы жоспардағы жұмыстардың бірі. Ауыл әкімі кіші шаруашылықтарды біріктіріп, халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуді көздейді.
Айта кетейік, бұнда атқарылуға тиіс көптеген мәселелер де бар. Мәселен, Сұлутөбе ауылдық округіне инвестиция тарту арқылы жылыжайлар салу, елді мекендерді көркейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ спорттық сауықтыру кешені, монша секілді ғимараттардың бой көтеруіне де жағдай жасалуда.
Тұрмысы қалыпты, табиғаты тамаша мекеннің бедері осындай. Ауылдың бүгінгі тынымсыз тірлігі берекелі бірлігімен келгені анық.
Таслима ӘЛІШЕР