Туған жер туралы толғаныс
Туған жер – Сыр бойындағы Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толыпты. Бұл – осы өңірде дүниеге келген әрбір азамат үшін үлкен мереке. Соған байланысты туған жерге арнаған құттықтау лебізімізді осы аудандағы ең үлкен ауылдық округтерінің бірі Сұлутөбе мен оған қарасты «1-май» ауылымен байланыстыра айтқанды жөн көрдім. Өйткені аудан орталығы Шиелі мен Сұлутөбенің тарихы да бір-біріне өте жақын, екеуі де патшалық Ресей 1900-1905 жылдары Орынбор – Ташкент темір жолын салғанда темір жол станциясы ретінде дүниеге қатар келген. Ал 1930 жылы осындағы жергілікті тұрғындар Сұлутөбенің шығысынан «1-май» деген колхоз құрған. Міне, содан бергі 120 жылдай уақытта Шиелі мен Сұлутөбе, оған кейін «1-май» ауылы қосылып, неше түрлі тарихты бірге бастан кешіп, бүгінгі заманға аман-есен жетіп отыр.
Бұл ауылдың іргесі өткен ғасырдың отызыншы жылдардың басында қаланған. Міне, осы ауыр да қиын кезеңде Сұлутөбенің іргесінен, Боқтыбай дейтін арықтың аяғынан жаңа ауыл бой көтерген. Бұл ауылға осы өңірді бұрыннан мекендеп келе жатқан отырықшы қазақтармен бірге сонау Телікөлді қыстап, Сарысу өзенінің бойымен Ұлытау, одан әрі Есілге дейін жайлап, көшіп-қонып жүретін ағайындар да келіп орналасқан. Біраз үй дарияның арғы жағынан, Қызылқұм өңірінен келген. Сөйтіп, ашаршылық кезінде құрылған ауыл бірер жылда аяғынан тік тұрып, халқының тұрмыс-тіршілігі түзеліп, осы өңірдегі ең мықты шаруашылыққа айналған..
Бұл ауылдың іргесі өткен ғасырдың отызыншы жылдардың басында қаланған. Міне, осы ауыр да қиын кезеңде Сұлутөбенің іргесінен, Боқтыбай дейтін арықтың аяғынан жаңа ауыл бой көтерген. Бұл ауылға осы өңірді бұрыннан мекендеп келе жатқан отырықшы қазақтармен бірге сонау Телікөлді қыстап, Сарысу өзенінің бойымен Ұлытау, одан әрі Есілге дейін жайлап, көшіп-қонып жүретін ағайындар да келіп орналасқан. Біраз үй дарияның арғы жағынан, Қызылқұм өңірінен келген. Сөйтіп, ашаршылық кезінде құрылған ауыл бірер жылда аяғынан тік тұрып, халқының тұрмыс-тіршілігі түзеліп, осы өңірдегі ең мықты шаруашылыққа айналған..
Ауылдың тез өркендеуіне сол кезде Сұлутөбе каналының қазылып, қатарға қосылуы үлкен ықпал еткен. Басын дариядан алып, жалпы ұзындығы жиырма-отыз шақырымдай болатын бұл каналды сол кездегі ауыл тұрғындары кетпен ұстап, қолдың күшімен қазып шыққан. Бұдан сексен-тоқсан жыл бұрын Сұлутөбе каналын қолмен қазған біздің жерлестеріміздің жанқиярлық еңбегіне еріксіз таңқаласыз. Осы каналдың екі жағы күріш пен бидай, басқа да түрлі дақыл өскен кеңбайтақ егістік болатын. Ауылдағы әрбір үйдің қорасында қауын, қарбыздан бастап көкөністің неше түрі жайқалып тұратын.
Біздің ауылдан біраз танымал тұлғалар шыққан. Олардың көш басында бүкіл түркі жұртына танымал қайраткер, атақты Мұстафа Шоқай тұр. Сондай-ақ, атақты сыншы, академик Мұхамеджан Қаратаев, театртанушы Бағыбек Құндақбаев, жазушы-ғалым Мырзабек Дүйсенов, əдебиетші ғалым Алма Қыраубаева сынды əдебиет пен өнер қайраткерлері де осы ауылдан түлеп ұшқан. Кезінде Социалистік Еңбек Ері атағын алып, есімі бүкіл республикамызға танымал болған Айша Меңлібаева да біздің ауылдан еді.
Мен осында туып, өстім, осы ауылдағы қазіргі Алма Қыраубаева атындағы орта мектепті оқып, бітірдім. Оқып жүріп өлең жазып, шығармашылықпен айналыса бастадым. Мектеп бітірген соң туған ауылымда екі жыл аға шопан болып жұмыс істедім, қой баққан 2 жылым мен үшін өте пайдалы, кейін жазушы болып қалыптасуыма ерекше ықпал еткен жағдай болды.
Бұл ретте және бір мәселені айта кетуге тиіспіз. Сыр бойы оның ішінде Шиелі ауданы да – қазақтың ежелгі ата-мекені. Осыған орай, Шиелі өңірінен Сарысуға бет алған ұзақ жолдың бойында неше түрлі тарихи мұралар – күмбездер, ескіше қашап жазылған жазуы бар тас ескерткіштер кездесетін. Одан əріректе, Сарысу өзенінің жағасында Белең əулие деген қорым болды. Қорымның іргесінен Сарысуды бойлап Бектібай сазы деген көк шалғынды кең алқап созылып жататын. Кейін бір тарихи еңбектерден Белең əулие жанындағы осы кең алқаптың бір замандарда қазақ хандарының жайлауы болғанын оқыдым.
Бүгіндері, шамам жеткенше жерлестеріме хабарласып, елдің хал-жағдайын біліп тұруға тырысамын. Әлеуметтік желіден қандай жаңалықтар бар екендігін үзбей қарап, бақылап отырамын. Өйткені, біздің ауданда екі күннің бірінде елдің әлеуеті мен мәдени-рухани өсуіне бағытталған жақсы жаңалықтар болып жатады. Және ол маңызды іс-шаралардың алдыңғы қатарында әрқашан аудан әкімі Нұржан Ахатовтың өзі жүреді. Мен өзім бұл жас әкімді бүгінге дейін жүзбе-жүз көріп, танысып, сөйлескен емеспін, бірақ әлгіндей хабарларды қарап отырғанда, оның барынша жігерлі, өз ісін жетік білетін және ауданның болашақ өсіп-өркендеуіне шынайы жанашыр азамат екендігі анық байқалады.
Кезінде Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болған Руслан Рүстемов қазір Парламент депутаттығына сайланып, сенатор ретінде шынайы жанашырлықпен Қызылорда облысын өркендетуге қатысты түрлі маңызды мәселелер көтеріп жүр.
Шиелі ауданы әкімдерінің арасында мен білетін Қайратбек Сәрсенбаев та кезінде жақсы істерімен көзге түсіп, халықтың ризашылығына бөленіп еді.
Шиелі ауданын басқарған қазіргі облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев туралы да айрықша айта кетуге тиіспіз. Өйткені бұл азамат – Шиелідегі басшылық қызметін одан әрі жаңа биіктерге көтере білген халыққа кеңінен танымал қайраткер. Нұрлыбек Машбекұлы басшылық жұмыстың экономикалық-шаруашылық мәселерін ғана емес, мәдени-рухани саласын да жетік меңгерген және оған барынша жанашыр. Мысалы облыс әкімінің жақында «Тұран» сыйлығын тағайындап, өңірдегі біраз әдебиет пен өнер қайраткерлерін марапаттағаны осының нақты дәлелі.
Ал аудан тарихында мұндай іскер, халыққа шынайы жанашыр азаматтардың аз болмағаны анық.
Шиелі ауданының Сырдың жағалауынан бастап күнгейі Қаратау, шығысы Сарысу өзенінің бойымен Ұлытау өңіріне дейін созылып жатқан ұшан-теңіз барынша құнарлы және кең жері мен мол қазба байлықтар қоры үлкен мүмкіндіктерге жол ашар қазына.Ауданның дәл ортасынан халықаралық деңгейдегі теміржол, керемет тас жол да өтіп жатыр. Әйтсе де ең бастысы, Шиелінің халқы өте еңбексүйгіш, кез-келген салада жанын салып, аянбай жұмыс істей біледі.
Міне, сондықтан да біздің қадірлі де қасиетті туған жеріміз – Шиелі ауданы алдағы уақытта да табыстан табысқа жетіп, жаңа биіктерге көтеріле береді деп кәміл сенеміз.
95 жылдық мереке құтты болсын, құрметті жерлестер!
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
жазушы-драматург, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері