Тасқа жазылған тарих өшпейді

Ұлт көсемінің есімін дәріптеп, туған жеріне ескерткіш белгі қою рәсімінің лентасын аудан әкімі Нұржан Ахатов пен түркі елінің профессорлары қиды. Жиында тарих бетінде тау тұлғасы сақталған М.Шоқай жайлы тың деректер айтылып, ғұмырнамасынан сыр шертілді.
ХХ ғасыр басында қазақ даласын патшалық Ресейдің отарлық бұғауынан азат етіп, өз алдына тәуелсіз ел болуды Алаштың талай ұрпағы мұрат еткені белгілі. Алайда бұл жолдың дұрысын Әлихан Бөкейхан бастаған үркердей жарқырай шыққан талантты топ тапқан еді. Осы алыптардың арасында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек, тағдыры ерекше, ал мұрасы мол. Ол күллі түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған қайраткер. Алаш партиясының құрамында болып, Түркістан автономиясының алғаш құрушылардың бірі де бірегейі. Ғұмырының 21 жылын Еуропада эмиграцияда жүріп, қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлға.
Шиелі халқы бүкіл түркі тектес халықтардың мүддесі үшін күрескен Мұстафа Шоқайға туған жері Сұлутөбе ауылдық округінде ескерткіш белгі орнатты. Жиын соңында «Жаназар батыр» кесенесінде, ұлт көсемінің әруағына Құран бағыштап, ас берді. Енді Сыр сахнасында тұрған тамаша саясаттанушы, жалынды публицист, тұңғыш халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, отандық кеңестану ғылымының негізін салушылардың бірі ғана емес, бірегейі, ғұлама ғалымның бейнесі жас ұрпақты ұлттық, тәуелсіздік, патриоттық рухқа мәңгіге шақырып тұрмақ.
Г.ӘБДІХАНИ