Анкарада Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевтың есімдері ұлықталды
Түркия астанасы Анкарада түркі әлемінің көрнекті ақындары Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевтың есімдері ұлықталды. «Қазақстан күндері» мәдени шарасы аясында Кечиөрен ауданындағы Жамбыл көшесіне ақынның өмірбаяны жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Оның ашылу салтанатына Түркияның мемлекет және қоғам қайраткерлері, Жазушылар одағының мүшелері, жергілікті қазақ диаспорасы мен Ақтөбе және Алматы облыстарынан арнайы делегация қатысты. «Жамбыл – қазақ халқының ғана емес, түрік еліне де ортақ тұлға. Оның өнегелі өмірі мен отты жырлары өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек», – дейді аудан мэрі Мұстафа Ақ. Мұстафа Ақ, Анкара қаласы, Кечиөрен ауданының мэрі: - Жыр алыбы Жамбылдың құрметіне былтыр көше ашылды. Биыл, міне, оның өмірбаянынан сыр шертетін ескерткіш тақтайшаны бір қауым ел болып іліп отырмыз. Білесіздер, бұл көше жыраудың ұстазы Сүйінбай Аронұлы саябағының жанында орын тепкен. Осылайша Анкара халқы, оның ішінде Кечиөрен ауданының жергілікті тұрғындары түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары, суырып салма өнерінің дүлдүлі Сүйінбай мен Жамбылдың есімдерін ұлықтап, құрмет-қошеметтерін білдіріп жатыр. Бұл игі үрдіс мұнымен шектелмей, алда да жалғасын таба береді.
24.kz