Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәніккеннен құныққан жаман

Дәніккеннен құныққан жаман

Нарық заманының қыспағы ма, қазір жеңіл жолмен қомақты қаржыға кенелгісі келетіндер көбейді. Әлеуметтік желілерде олжаға оп-оңай кенелуге болатындай контент жасайтындар бар. Көл-көсір ақша табу жеп-жеңіл шаруа сияқты. «Соның жолын үйретемін, курсымды сатып ал» дейтіндерден бастап, «лавр жапырағына тілегіңді жазып жастығыңның астына қой» немесе «тілегің жазылған қағазды стақандағы суға салып іш» деген сияқты «кеңес» беретіндер артты.
Ғаламтордағы әлеуметтік желінің ең алғашқы баламасын Рэнди Конрадс 1995 жылы іске қосқан. Оның желісі – «Classmates». Бұл әлеуметтік желі бір мектепте немесе бір сыныпта оқыған достарды табуға мүмкіндік береді. Әлемде «Classmates» желісін қолданушылардың саны 50 миллионға жеткен. Арада екі жылдай уақыт өткенде «AsianAvenue», «MiGente», «BlackPlanet», «Livejournal» сынды желілер пайда бола бастады. Бұл әлеуметтік желілер бізге онша таныс емес. Өйткені ол қазақстандықтар арасында қолданылмады.
Қазір кез келген смартфонда әлеуметтік желіге қосылуға мүмкіндік бар. Әрбір секунд сайын 8 адам қандай да бір әлеуметтік желіге тіркеледі екен. Барлық қолданушылардың 50 проценті аптасына 1-5 сағатын әлеуметтік желіге арнайды. Мұндай желілерден балалар да тыс қалып жатқан жоқ. Әлем бойынша олардың 80 проценті әлеуметтік желіге өзінің жеке парақшасын ашқан. Ал әлеуметтік желіні қолданушылардың жасы 7-ден бастап 68-ге дейін екенін көрсетіп отыр.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер жай ғана сөйлесу алаңы емес, кәсіптің түріне айналды. Кез келген компания өз өнімін жарнамалау үшін әлеуметтік желіден парақша ашады. Рас, бүгінде әлеуметтік желілер «жарнаманың отаны» деуге болады. Себебі желідегі жарнама – табыстың тиімді көзі. Жоғарыда айтқандай, қазірде көпшілігі әлеуметтік желіні пайдаланады. Сондықтан бұрынғыдай көшеде жарнама парақшаларын ілгеннен гөрі осында жарнама берген тиімдірек. Мәселен инстаграм желісінде кімнің оқырманы көп, соған жарнама берушілер артады. Ал жарнама беру бағасы осыған сәйкес қымбаттай береді.
Иә, әлеуметтік желідегі жарнамадан көз сүрінеді. Дегенмен жарнаманың барлығы бірдей сапалы деп айтуға келмейді. Сын көтермейтіндері де жетіп жығылады. Ең сорақысы жарнаманың жетегіне еріп, қолында қаржысы болмаған соң несиеге бататындар да бар. Қарызға ақша алып курсқа жазылатындар да аз емес. «Менің атым Қожадағы» Сұлтан сияқты «ақшаны төбеңнен жаңбырша жауғызамын» дегенге сенетіндей олар кішкентай Дәулет емес қой деп ойлайсың. Алайда аңғалдықтың шегі жоқ екен.
Әрине, қазіргі сандық технологиялар көп мүмкіндік беріп отыр. Жаңа нарықтар, жаңа қызмет түрлері шықты. Жылдамдық артты. Мұны «курс сатушылар да» тиімді пайдаланып отыр. Мазмұннан жұрдай, сылдыр су ақпарат тізілген инструменттер немесе әу бастан өтірікке құрылған әдіс-тәсілдерді тыңдаған жанның аузынан суы құритындай жарнамалайды. Ақшасын төлесе болды, сапасына немесе тіпті денсаулыққа зияны жоқ па, қарап жатқан ешкім жоқ. Соңында қымбат үй, қымбат көлік және саяхаттарын көрсетіп, «Міне, осыған кенелесің» дегендей көзін қысып қалады.
Иә, бұл әлеуметтану ғылымы зерттейтін күрделі тақырып. Себебі жұмыс таппай қиналуды, жалақының аздығын, жалпы дәулетті өмір сүруге әр адамның ұмтылғысы келетінін пайдаланып, айласын асыра салу да дұрыс емес. Желіде курс сатып табыс табатындармен бірге қайырымдылық қорын ашып, пайдаға кенелгендер де бар. Бүгінде қайырымдылыққа деп қаржы жинап, нәтижесінде қалтасына жымқырған әлеуметтік желі «жұлдызының» бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді қазақ. Ақшаға құнығып, алды-артын бағамдамаудың соңы сан соқтырады. Сондықтан әркім маңдай термен келген ақшаны бөгдеге берерде «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн.

Гүлхан ЯХИЯ
10 желтоқсан 2024 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031