Азаматтық істердегі татуластыру шаралары
Қазақ даласында болған билер институты татуласу рәсімдерін өткізудің айқын мысалы болып табылады, себебі ең басты мақсат дауласқан тараптарды татуластыру және залалдың орнын толтыру болды.
Бүгінде бұрынғы билер институтын жандандырып, даудың ақ-қарасын ажыратып, әділ төрелігін айту судьяларға тиесілі. Ал бұл қызметті жүзеге асыру еліміздің Ата заңы-Конституциямызға және өзге де заңнамалық актілерге негізделеді.
Азаматтық процестік кодексінің 174-бабына сәйкес, сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не АПК белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер АПК немесе заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделуі мүмкін.
Тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда дауды (жанжалды) медиацияны қолданумен немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін. Іс жүргізуінде іс жатқан судья дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
Іс жүргізуінде іс қарап жатқан судья дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, аудандық сотта ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша татуластыру рәсімдерін қолданумен 321 азаматтық іс қаралды, оның ішінде 307 іс медиацияны қолданумен, 13 іс бітімгершілік рәсімдері арқылы, 1 іс партисипативтік рәсімді қолдану арқылы аяқталған.
Ескере кететін жайт, татуласу келісімін оны жасасқан тұлғалар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Әлімсақтан қазақ халқының ұлттық салт-сана дәстүрі мен мәдени тіршілігінде бітімге келу, татуласу озық тәжірибе екенін білеміз. Қоғамдағы берекелі, жайлы, тыныш тіршілік үшін тиімділігі бар заңның бар екенін қауым ұғынып, біліп оның тиімді жүргізілуіне бәріміз болып атсалыссақ жақсы нәтиже берері сөзсіз.
Н.Бекетаев
Шиелі аудандық сотының
төрағасы