«Қазақстан Республикасының Медиация туралы» заңының қолдану аясы
28 қаңтар 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданып, 06 тамыз 2011 жылдан бастап қолданысқа енді.
Медиация дегеніміз – бітімгершілік арқылы екі жақты мәмілеге келу яғни, тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
Медиатор – осы Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.
Қазіргі таңдағы қолданыстағы «Медиация туралы» заңының 1-бабы 1-тармағында көрсетілгендей, жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтық, еңбек, отбасылық қатынастарға, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істерге қатысты даулар медиацияны қолдану арқылы шешімін табатын болды.
Медиацияның негізгі мақсаты - дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.
Бұл келісімде медиация тараптары, даудың нысанасы, медиатор туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылады.
Дауды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауоары тиіс.
Егер де, мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады.
Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім іс жүргізу кезінде азаматтық істі қарайтын судьяға жіберіліп, бұл келісімді сот, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді.
Ал, қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дау-шарды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді.
Қорытындылай келе, медиация заңының біздің елімізде болашағы зор.
Шиелі аудандық сотының
бас маманы А.Өмірәлиева