Медиация – татулық кепілі
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі, яғни медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі, оны тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады.
Медиацияның мақсаты - дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
Қылмысты жасалғаны үшiн ең ауыр жаза екi жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекетжәне ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет онша ауыр емес, сондай-ақ ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет және бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс санатына жатады.
Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргiзу кезiнде тараптар қол жеткiзген дау-шарды реттеу туралы келiсiм жәбiрленушiге келтiрiлген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбiрленушiмен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келiсiмдi бiлдiредi.
Соттың қарауында жатқан жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.
Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, оның тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.
Шиелi аудандык сотынын
бас маманы Н. Елшiбеков