БҰРҒЫЛАУШЫ МАМАН, ҚҰРМЕТ ТӨРІ САҒАН

Бұрғылау кәсібі заман ағымына сай жыл санап қарқынды даму үстінде. Бұл ретте техника-технология жетістіктерін игеру, терең ұңғымаларды бұрғылау, технологиялық сын-қатерлерге төтеп беру сынды талаптар мен жауапкершілік – басты міндеттің бірі. Шыны керек, бұрғылаушылар жұмысы жаңа учаскелерде – зиян және қауіпті, өндірістің далалық, жерасты және жерүсті жағдайларындағы күрделілігімен ерекшеленеді. Сондықтан олардың еңбегіне құрмет көрсету дәстүрін енгізу өте орынды. Айтулы мерекеге орай жұма күні аудандық «Арман» мәдениет үйінде «Бұрғылаушылар күніне» арналған мерекелік концерт өтті.
Ыстық ықыласпен шымылдығы ашылған жиынның кіріспесі тұңғиықты тірілтіп, жер бетіне шығатын байлықтың Отанымыздың қазынасына құйылуына жол ашатын осынау күрделі салада қызмет етіп, қаза болған жандардың жарқын бейнесін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұдан кейін мерекелік құттықтау сөз «Волковгеология» акционерлік қоғамы №23 барлау экспедиция филиалының директоры Ғафур Жұмабаевқа берілді. Ол бүгінде әрқайсысы қажырлы еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген жандарға зор денсаулық, жұмыста табыс пен жарқын жетістіктер тілеп, олардың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өркендету жолындағы табанды тірліктері мен күш-жігерлері үшін алғыс білдірді. Мереке күні №23 Геологиялық барлау экспедициясының ардагерлері марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ бірқатар сала мамандары «Волковгеология» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ерлан Ташимовтың, №23 Геологиялық барлау экспедициясының директоры Ғафур Жұмабаевтың Құрмет грамотасымен және арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек өткізілген спорттық сайыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінген бірнеше команда марапат мінберіне көтерілді. Атап айтсақ, Геологиялық барлау экспедициясының бөлімшелері арасында арқан тартудан өткен жарыста жүлделі III орынға «Гараж» командасы, II орынға «Қарамұрын» командасы, I орынға «Контора» командасы ие болды. Ал аталған бөлімшелер арасында футболдан өткен тартысты сайыстың нәтижесінде жүлделі III орын «Байкенже» командасына, II орын «Заречное» командасына, I орын «Қарамұрын» командасына бұйырды. Мерекелік құттықтау легі «Волковгеология ГРЭ-23» АҚ кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Инна Кобзеваға берілді. Бұдан кейін бірнеше маман Кәсіподақ грамотасымен марапатталды. Марапат иелері ерекше құрметке бөленіп, естелік суретке түсті. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Иә, бұрғылаушы мамандығын, ең алдымен, ерік-жігері мықты, техникалық жағынан сауатты адамдар игеретіні күмәнсіз. Осы жолда барын салып, тұрақты жұмыс атқарып жүрген еңбек ерлерінің қайсысы болса да зор құрметке лайық.
Таслима АЛИШЕР