Мамандығы мақтанышы
Бұрғылаудағы жөндеуші – «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясында кең таралған мамандықтардың бірі. Дәл осы мамандықты Шиелі кентінің тұрғыны Константин Рачицкий көп жыл бұрын өзі сүйіп таңдаған еді. Уақыт өте келе бұл таңдаудың қате емес екені белгілі болды.
Ол қазір №6 кен басқармасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің білікті маманы. Өз саласының үздігі. 37 жылдан бері жөндеу – қалпына келтіру учаскесінде (УРВР) бұрғылаудағы жөндеуші болып жұмыс істейді. Адал еңбегі үшін ол «Қазақстанның атом саласының 1-дәрежелі еңбек сіңірген қызметкері» белгісімен марапатталған.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары учаскесі (УРВР)- «РУ-6» ЖШС Қарамұрын кенішінің өндірістік тізбегіндегі маңызды бөлім. Жұмыс орнында жоғары дәрежедегі жұмысшылар және инженерлік техникалық қызметкерлер бар. Технологиялық ұңғымаларға қызмет көрсету үшін эрлифтті өңдеуге арналған XRVS-336 маркалы компрессорлар, күрделі жөндеуге арналған БА-15 өздігінен жүретін бұрғылау қондырғылары және пневмоимпульсті өңдеуге арналған АСПТМ қондырғысы пайдаланылады.
К.Рачицкийдің өндірістегі алғашқы тәлімгері, тәжірибелі маман – Владимир Пересядько болды. Ол шәкіртіне дән риза.
– Мен жұмысымды бастаған кезде үшінші разрядқа ие болдым. Жылдар өткен соң «профи-разрядқа» (алтыншы разряд) дейін жеттім, – дейді К.Рачицкий. Сүйікті кәсібіне деген сүйіспеншілігін оның осы айтқан сөздерінен-ақ байқауға болады.
Бұрғылау слесарінің міндеттерінің ауқымы кең. Бұл бірінші кезекте бұрғылау қондырғыларының негізгі және қосалқы жабдықтарын тексеру, жекелеген тораптар мен агрегаттарды бөлшектеу, жинау арқылы жабдықты жөңдеу және тағы басқа қосымша талаптар.
Алдымен жақсы жөндеуші болу үшін бұрғылау қондырғыларындағы аспаптарды, құралдарды, майлы тығыздағыштардың тежегіш таспаларын және басқа түйіндерді сапалы ауыстыра білуі керек.
Жұмыстың өте маңызды бөлігі – бұл агрегаттарды реттеу. К.Рачицкийдің жұмысын бақылай отырып, біз оның жұмысты қалай шебер орындағанына көз жеткіздік. Әрине, мұндай шеберлік өздігінен келмейді. Бұл қажырлы еңбектің және осы мамандықты игерудегі табандылықтың нәтижесі. Константиннің шәкірттерінің арасынан оның ісін жалғастырып жүрген Дәулет Оспанов, Арман Өтешов сияқты жігерлі жігіттерді де айтып кеткеніміз жөн болар.
Мақсұт Ибрашев,
сурет автордыкі