Молдабай ДУЛАТОВ: ҮЛКЕН ТАҢДАУ АЛДЫНДА ТҰРМЫЗ
6 қазан күні еліміз үшін маңызды қадам атом электр стансасын салу жөнінде республикалық референдум өткізілмек. Науқанды өткізуге тікелей жауапты органдардың дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Осы орайда, жалпыұлттық референдумға байланысты сауалдарды Шиелі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Молдабай Дулатовқа қойған едік.
– М о л д а б а й О р а з б е к ұ л ы , оқырмандарға жалпыхалықтық референдум дегенді қысқаша түсіндіріп өтсеңіз...
– Референдум сөзі – латын тілінен аударғанда «хабарлануға тиісті нәрсе» дегенді білдіреді. Бұл ретте мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтың дауысына салу болып отыр. Осындай демократиялық институт үрдісі әлемнің көптеген елінде бар. Қазақстанда референдум өткізу туралы шешімді ел Президенті ғана қабылдайды. Оған 18 жасқа толған азаматтардың қатысу мүмкіндігі бар. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы екі референдум 1995 жылы ұйымдастырылған еді. Сәуірде Қазақстан Республикасы президентінің өкілеттігін ұзарту, ал тамызда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтті. Үшіншісі өздеріңізге белгілі, 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтті. Сол кезде республика халқы өте ұйымшылдық, ауызбіршілік танытты. Ал енді ағымдағы жылдың 6 қазан күні біз тағы да үлкен таңдау алдында тұрмыз. Атом стансасын салу бойынша өтетін референдум біздің бірлігімізді айшықтайды. Осындай маңызды ақпараттарды білген ел азаматтары белсенділік танытып, алдағы республикалық референдумда өз таңдауларын дұрыс жасайды деген сенім бар.
– Бүгінде бұл маңызды науқанға әзірлік қалай жүріп жатыр?
– Республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайды және референдумды дайындау мен өткізуді ұйымдастырады. Шиелі ауданы бойынша 40 референдум учаскесі бар. Оның ішінде 1-еуі жабық учаске. Ал барлық референдум комиссияларының құрамы 279 адамды құрайды. Нақтылайтын болсақ, аудандық референдум комиссиясының құрамы – 7 адам, 40 референдум учаскесіндегі референдум комиссияларының құрамы – 272 адам. Бүгінде мүшелер құрамы түгел. Күні бүгінге аудан бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 49 185 азаматтар тізімі нақтыланды. Оның ішінде референдумға қатысуға құқығы бар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны – 237. Оның ішінде кресло-арбаны пайдаланатындар – 91, зағиптар және нашар көретіндер – 96, саңыраулар мен саңырау-мылқаулар – 50. Барлық 40 учаскелік референдум комиссиялары қажетті оргтехникалармен, тиісті құрал-жабдықтармен (кеңсе заттарымен), телефон, интернет байланыстарымен қамтамасыз етілген.
– Референдумға қатысу үшін тағы нені ескеру керек?– Референдумға қатысуға құқығы бар азамат өзінің болатын жерін ауыстырған кезде 2024 жылғы 20 қыркүйектен бастап 2024 жылғы 5 қазандағы сағат 18:00-ге дейін тіркелген жері бойынша учаскелік комиссияға жеке басын куәландыратын құжатты ұсына отырып, есептен шығару куәлігін алуға өтінішпен жүгіну мүмкіндігіне ие. Жекелеген референдум қатысушылары дауыс беруге денсаулығына, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасауына, дауыс беруге арналған учаскелер құрылмаған шалғайдағы және қатынау қиын аудандарда болуына байланысты келе алмаса, учаскелік комиссия референдум қатысушыларының 6 қазанда сағат он екіден кешіктірілмей беріле алатын жазбаша өтініші бойынша олардың болатын жерінде дауыс беруді ұйымдастырады. Жалпы референдумның ашық, жариялы өтуі және үгіт-насихат қызметінің құқықтық реттелуі, байқаушылардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуы да заңда көзделген.
– Референдумға шақыру қағазының қаншасы таратылды?
– Референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойылғаннан кейінгі 10 күн ішінде референдум комиссияларының құрамдары, референдум учаскелерінің шекаралары және олар орналасқан орындары БАҚ, интернет парақшаларына жарияланды. Жоғарыда айтқанымдай, учаскелік референдум комиссиялары референдумға қатысу құқығы бар адамдардың тізімдерін нақтылап, шақыру қағаздарын жазып, таратты. Бұрын шақыру қағазы әр үйге таратылса, биылғы ерекшелік дауыс беру құқығы бар әр азаматқа жеке-жеке табысталуда. Аудан бойынша 39 референдум учаскелерінде шақыру қағаздары толық таратылды.
– М а ң ы з д ы а қ п а р а т т а р м е н бөліскеніңізге рақмет! Саяси науқан сәтті өтсін!
Сұхбаттасқан Сұлушаш МАДИЯРОВА