Балалар әдебиетінің бәйтерегі – Бердібек Соқпақбаев
"Сөз маржаны" Collaboration Fest
« – Құдай жоқ болса, дүниені кім жаратады? — деп сұрайды әжем. – Дүниені ешкім де жаратқан жоқ, өзі жаралды. – Сен, немене, сонда қасында қарап тұрып па едің, дінсіз неме? – Қарап тұрғаным жоқ, кітаптан білем. – Ал адамды кім жаратты? – Адам маймылдан жаралған. – Тәйт, сандалған неме. Сандалмай, бар онда ана ормандағы маймыл әке-шешеңе».
« – Құдай жоқ болса, дүниені кім жаратады? — деп сұрайды әжем. – Дүниені ешкім де жаратқан жоқ, өзі жаралды. – Сен, немене, сонда қасында қарап тұрып па едің, дінсіз неме? – Қарап тұрғаным жоқ, кітаптан білем. – Ал адамды кім жаратты? – Адам маймылдан жаралған. – Тәйт, сандалған неме. Сандалмай, бар онда ана ормандағы маймыл әке-шешеңе».
Қазақ әдебиеттанушылары, сыншылары мен зерттеуші ғалымдары, қалың оқырман қауым «Қазақ балалар прозасының атасы» деп бағалаған Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожасында» есте қаларлық осындай диалог өрбитіні бар емес пе? Қожаның өзі мен Қожа «қараңғы» деп есептеген әжесінің арасындағы әңгіме бұл. Еркіндікке құмар, тәртіпке бағынғысы келмейтін Сұлтанмен бас қосқанда үлкендерге деген ашуызасы сыртқа төгіле кететін Қожаның махаббаты мен мектептегі қызықты оқиғалары баяндалатын осынау туындыны «Қазақ балалар әдебиетінің үздік шығармасы» деп атауымыз бекер емес.
«Менің атым Қожа» деген киноны көресіңдер ме? Мен мектептегі достарымнан осыны жиі сұраймын. Бердібек Соқпақбаев атамыздың жазған осы туындысы кез-келген баланың жүрегінен ойып тұрып орын алғаны даусыз. Өйткені менің сауалыма бәрі де «иә» деп жауап қатады.
Қазақ прозасына қайталанбас, өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті жазушы Б.Соқпақбаев Алматы облысы, Нарынкөл ауданында дүниеге келген. Ол қазақ балалар әдебиетінің мәртебесін биіктетіп, мазмұнын байытты, әлемге мойындатты. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген Абай атамыз, кітап атты құдіреттің ғажайып күйін бойына жинап, өмірлік азық етпеп пе еді?! Бүгінгі күні компьютер, теледидар, интернет үлкен рөлге ие болып отырған уақытта кітап оқудың сиреп бара жатқаны ащы болса да шындық. Ал балаларды кітап оқуға қызықтыратын «Менің атым Қожа» сынды шығармалар қазақ әдебиетінде көбейе түссе нұр үстіне нұр емес пе?
Биыл қаламынан құнды дүниелер туған Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы. Оның «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалары біз секілді жастардың жалынын оятып, болашаққа рух береді. Асылды тот баспайтыны, жабыдан жүйрік шықпайтыны белгілі. Б.Соқпақбаев өмірі оны тағы бір дәлелдеді. Енді, міне, Бердібектің дәуірі басталды. Жазушы шығармалары жер шарын аралауға көшті. Мен осыған қуанамын!
Адиля Алпысбай
№252 Г.Н.Ковтунов атындағы мектеп-гимназияның 9 а сынып оқушысы
Жетекшісі Жұлдызай Ноғайбаева