БАҒБАННАН БАЗАРЛЫҚ
Гидротехник, су саласының ардагері Әлияр Сейітов он жылдан бері 1-сынып оқушыларының жүзіне қуаныш сыйлап келеді. Ол биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай, 60 баланың құшағын гүлге толтырды.
Еңбек адамы 1 қыркүйек күні Жансейіт және 21-бекеттің кішкентай тұрғындарына гүл шоғын ұстатты. Мерекелік шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбетова, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет, «Өскен өңір» газетінің редакторы Н.Пірімбет қатысып, оқушыларды білім күнімен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. – Адамның өмірі баламен қызық қой. Қазақта «Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» деген жақсы сөз бар. Гүл таратудағы басты мақсатымыз – мектеп табалдырығын алғаш аттаған балалардың көңілін көтеру. Екіншіден, оқушылар болашақта еңбекқор болса, гүлдей құлпырып жүрсе деген ниет. Адамгершілік қасиеттерін бүлдіршін кезінен бала бойына сіңіру тек ата-ана мен мұғалімдердің мойнындағы міндет емес. Кез келген адамның жақсылығын көрген бала, өскенде айналасына шуағын төгіп жүретін болады, – деген Ә.Сейітов оқушыларға құшақ гүл мен өзі баптап өсірген бір себет алма, алмұрт жемістерін үлестірді. Осылайша құшағын гүлге, қолындағы себетін жеміске толтырған балалар жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ