Қоғалыдағы керемет кеш
Күннің аптап ыстығы басылып, төрт түліктің өрістен қайтар уағында Қоғалы ауылдық округіне ат басын бұрдық. Сырдариядан соққан салқын леп, 40 градус ыстықты ығыстырып тастағандай. Қоғалы-Айдарлы Қызылорда бағытындағы жол бойында тау болып үйілген қиыршық тастарды көргенде жаңа жолдың жұмысы басталғанын аңғардық. Діттеген жеріңе дер кезінде жеткізетін темір тұлпардың әйнегінен ауылдың әр бұрышын тамашалап отырған біз үшін жол жылдам жеткізе салғандай. Күн сайын өсіп-өркендеген өлкенің ауылдық жерлері де жайқалып келеді. Оның бір ғана көрінісі Қоғалыдан бой көтерген Шәймерден Бәкіров атындағы жаңа мектеп ғимараты.
Орталықтан Астана көшесін бойлай жөнелгенде қаз-қатар тізілген шамдарға көзіміз түсті. Жап-жарық. Тап-таза. Көше бойына су сеуіп, шаңын басқан. «Алты Алашқа тәж қала» атты мерекелік шараның спорттық алаңда өтетінінен хабардармыз. Алаңның төрт бұрышынан төгілген шамның сәулесі ерекше әр беріп тұр. Сахна төрінде «Астана қаласына 20 жыл», ал оң қапталда «Қызылорда қаласына 200 жыл» деп жазылған баннерлер орналасқан.
Аталмыш шараға Астана қаласынан ат терлетіп келген белгілі қаламгер, заңгер, ҚР Мәдениет қайраткері, аудандық «Өскен өңір» газетінің ардагері А.Ысымов, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, Тартоғай және Қоғалы ауылының әкімі Д.Сүйіндік пен Ғ.Сейтов, Иіркөл ауылдық округінің әкімі С.Монтаев қатысты. Алдымен мектеп ішінен ашылған музейді аралап, экспонаттармен танысты. Мерекелік кешті аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Исмаил жүргізіп, кеш қонақтарының лебізін тыңдады. Сондай-ақ, ауыл әкімі Ғ.Сейтов тұрғындарды айтулы мерекесімен құттықтап, Астананың ауыз толтырып айтар мәртебесі мен ерекшелігіне тоқталды. Сонау елорданың төрінен келген А.Ысымовтың иығына шапан жауып, құрмет көрсеткен кеш иелері қазақы дәстүрден танбады. Содан кейін ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Маханбетов пен әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Қожахметова ізгі тілегін білдірді.
Жиын барысында, ауыл әкімі ауылдың бірқатар белсенді жастарын алғыс хаттармен марапаттап, жетістіктерінің еселенуін тілге тиек етті. Іс-шараның көркін ашып, қыздырған «Тұмар» тобының жанды дауыстағы әндері десек жаңылмаймыз. Музыкалық аспаптармен сүйемелдеген топтың концерттік бағдарламасы көптің көңілінен шығып, зор құрметке бөленді.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.