Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЭНЕРГЕТИКА – ЭКОНОМИКА ТІРЕГІ

ЭНЕРГЕТИКА – ЭКОНОМИКА ТІРЕГІ

Қазіргі жер жаһандағы тіршілікті электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені күнделікті қолданыстағы тұрмыстық техникалар да, бір сәт жанымыздан тастамайтын байланыс құралы да, тіпті кәдеңізге жарар көлігіңіз де, түгелдей дерлік ток көзіне тәуелді емес пе?! Шын мәнінде технологияның қарыштап дамыған заманында электр жарығының адамзат баласы үшін маңызы арта түсті. Мұны үйіңізде бір күн жарық өшіп қалғанда байқарсыз. Қанша уақыт өтсе де, энергетика әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш әрі экономиканың негізгі саласы болып қалмақ. XXI ғасырдағы адам баласының өмір сүру мүмкіндігі де тікелей осы сала мамандарының төккен тер мен еткен еңбегіне байланысты. Сол себепті қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, күллі әлемді жарықтандыруға атсалысып жүрген маман иелерінің бұл ісі қандай құрметке болсын лайықты деп білеміз. Осы ретте жақында Шиеліде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының 60 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шара өтті.

ШИЕЛІ АЭТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ
Айтулы мерекеге орай Шиеліге «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Батыржан Қаракөзов іс-сапармен келді. Ол Шиелі кентінде орналасқан аудандық электр торабына арнайы барып, қызметкерлермен кездесті. – Аймақтағы бірегей мекеме – «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ іргелі қадамдар жасау арқылы энергетика бағытының өркендеуіне дем беріп келеді. Бүгінде компанияның табысын арттыру бағытында түрлі стратегиялық жоба жасалып қолға алынуда. Өздеріңізге белгілі, соңғы екі жылда аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп салада ауқымды істер атқарылды. Атап айтсақ, қажетті техникаларымыз алынды. Сондайақ авариялық жедел-бригадалық тобының жұмыс істеуіне қолайлы авариялық ақау орын алған жағдайда тез жетуін қамтамасыз ететін қыста жылы, жазда салқын болатын сіздерге қолайлы 16 дана пикап автөкөлігі алынып, ел игілігі үшін жұмыстар атқарылуда. Қазір компаниямыздың жағдайы тұрақталып жалақы 100 пайызға өсті. Мәселен, 2023 жылы орташа айлық табыс 119 мың теңгені құраса, 2024 жылдың мамыр айынан бастап 223 мың теңгеге өсті. Әрине бұның барлығы компаниямызға көрсеткен үлкен демеу. Бұл дегеніміз – халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп бастады сөзін Б.Көмекбайұлы. Күндіз-түні еңбек етіп жүрген Шиелі АЭТ қызметкерлері көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, төрағамен еркін түрде пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді. Басшы қызметкерлердің сұрақтарын мұқият тыңдап, мардымды жауап берді. Одан соң шараның жалғасы ауданның ілкімді дамуына өз үлесін қосқан жан, тұғырлы тұлға Болат Медетбекұлына арналған тақтайшаның ашылу рәсімі болды.

ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ
Өзіндік орны бар, абзал азамат, еліне елеулі, халқына қалаулы болған, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Болат Медетбековке мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш тақта білікті маманның өзі басшылық жасаған жұмыс орнының қабырғасына ілінді. Т е к т і ә у л е т т і ң ұ р п а ғ ы Б.Медетбекұлы 1937 жылы өмірге келген. Ол 1955 жылы Төменарық ауылындағы Романов атындағы орта мектепті тәмәмдаған. 1972 жылдан 1997 жылға дейін ширек ғасыр тапжылмай Шиелі аудандық электр жүйесін басқарып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. «Ұйымдастыру қабілеті жоғары, «тілсіз жаудың» тілін жетік меңгерген байыпты, сабырлы да салмақты іскер жігіт» деп бүгінде әріптестері баға береді. Аудан басшылары білікті электрик ретінде оны он жылдан аса уақыт осы мекемеде инженер етіп қалдырған екен. Ол жастарға бар тәжірибесін үйретіп, тәлімгерлік етеді.
Айта кетейік, Болат аға ұзақ жылғы қызметінде әділ, адал, өз ісіне ыждағатты бола білді. Қара басының тірлігінен гөрі ауданның қамын, қоғамның жоғын жоқтап, ауылдарға қызмет көрсетіп, елді мекендердегі қараңғылықты жойып, жарықтандыру ісімен айналысты. Сонымен тақтайшаның ашылу сәтінде сөз алған Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков бұл шараның маңыздылығын атап өтсе, ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Б.Көмекбайұлы мен «Шиелі Жарығы» ЖШС директоры Қалмырза Қасымов пікірлерін білдірді. – Шиелі кентіндегі Ә.Тәжібаев көшесінің аяқ жағында бойшаң келген, сымбатты да сырлы асыл азамат тұратын. Кездескендерге сәл жымия қарап, өзінің тектілігін аңғартқандай жылы жүзін беретін. Тумысынан қарапайым, байсалды Болат Медетбекұлы адами мінез-құлқының, білімділігінің, іскерлігінің арқасында тәжірибесі мол маман ретінде облыс аймағына танымал болды. Шиелі өңірінің ақылшы, данагөй қариясы атанып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Өңірді электрлендіру жобасын аудан басшылары осы Болат ағаймен ақылдаса отырып жасайтын, – деп еске алды ҚР Журналистер одағының мүшесі Ө.Әзімханұлы. Әрмен қарай қонақтардың жүрекжарды лебізінен соң, тақта ашылды. Ақ шүберек сырғи кеп түскенде тақтадан кең маңдайлы, қыран көз адамның бейнесі жарқ етті. Айта кетейік, таусыз жерде де бұлақ ағады, бірақ таудан аққан тас бұлақтай арыны қатты, суы мөлдір болмайды. Әкенің рөлі, әкенің сөзі – балаға бастау. «Әке жолы – ізгі жол» демекші, 83 жасты алқымдап, жаны жайсаң, пейілі кең, ардақты әке, құрметті ел азаматы Болат Медетбекұлының да өмірден өткеніне біраз уақыт болыпты. Көзінің тірісінде ел азаматы аудан тұрғындарын жарықпен қамтамасыз ету үшін көп еңбек сіңірген еді. Төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Болат пен Бибіхан 17 немере, 10 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже еді. Оның отасқан жары Бибіхан Айманова да ескерткіш тақтаның ашылуына қатысты. Иә, өнегелі істі ұрпағы жалғастырып, шырағын сөндірмеу, отын өшірмеу – атадан балаға мирас. Әкенің үкілеген үмітін халық алдында дәлелдеп жүрген жаңа буын өссе – ел мерейінің өскені. Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген керемет сөз бар. Ендеше, халықтың мүддесін ойлаған, азаматтың келбетімен танылған Б.Медетбекұлының жарқын бейнесі Шиелі өңірі тұрғындарының жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

ЕҢБЕК ЕЛЕНІП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жоспарға сәйкес келесі шараның жалғасы «Арман» мәдениет үйінде орын алды. Мұнда «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» Акционерлік Қоғамының 60 жылдық мерейтойымен құттықтау мен ардагерлер және қызметкерлерді волейбол ойынының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты кештің шымылдығын Шиелі ауданы мәслихат төрағасы Айтбай Насриддинұлы мен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» Акционерлік Қоғамының Басқарма төрағасы Батыржан Көмекбайұлы ашып беріп, энергетика саласы қызметкерлерін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ құрылғанына 60 жыл төсбелгісімен және аталған компанияның құрмет граматосымен, сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. – Энергетика – бүгінгі таңда жаңа заман өмірінің күре тамырына айналды. Күнделікті жұмысы көзге көрінбегенмен, ақау болған кездері бұл мамандық иелерінің маңызы байқалады. Энергетика саласының басты байлығы да – білікті мамандар. Олай болса, сіздерді айтулы мерейтоймен құттықтай отырып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан аянбай еңбек еткендеріңіз үшін арнайы алғысымды білдіремін. Әрдайым еңбектеріңіз елеулі болып, халықтың ыстық ықыласына бөленіңіздер. Ең бастысы дендеріңіз сау, отбасыларыңыз бен жақындарыңыз аман болсын, – деді А.Жандарбеков. С о н ы м е н б і р г е м е р е й т о й ғ а о р а й ұйымдастырылған облыстық волейбол ойынынан өткен сайыста І орынды «Уранқуат» ЖШС командасы қанжығасына байласа, II орын «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС командасына бұйырды. Ал III орынды Шиелі аудандық электр торабы ұтып алды. Деректерге сүйенсек, 1964 жылы шілде айында электр тарату базалары Қызылорда облысының және аудандарының дизельді электростанцияларында электр тарату басқармасы құрылды. 1965 жылы Шиелі кенті қуаты 4000 кВт №197 энергопоезд әкелініп, ол 1966 жылдың басынан бастап пайдалануға берілді. Энергопоезд жанынан 35/10кВ «Шиелі» қосалқы станциясы салынып, осы қосалқы станцияда 10кВ-тты электр желілері арқылы Шиелі кентіне, Қызылту, Гигант, Ленин, Комунизм елді мекендерге электр қуаты жеткізіле бастады. 1970 жылы №197 «Энергопоездға» ауданның біраз елді мекендеріне, Жаңақорған кенті қосылғандықтан «Энергопоезд» қуаты жете бермейтін жағдайға жетті, 1970 жылдың аяғында ВЛ-220 кВ Қызылорда – Мырғалымсай желісі іске қосылып, Оңтүстік Қазақстан облысының энергетикалық системасы қатар жұмыс атқарды. 1972 жылы 35/10 кВ-ты «Шиелі» қосалқы станциясы ұлғайтылып, қуаты 25000 кВт-ты трансформатор орнатылып, 220 кВт-ты «Шымкент – Қызылорда» электр желісіне қосылды. 1974 – 1982 жылдар аралығында ауданның барлық елді мекендеріне электр қуатын қажет ететін нысандар түгелдей электрленді. Қазір Шиелі аудандық электр торабында 1 дана 220/110/35/10 кВ «Шиелі» қосалқы станция, 14 дана 35/10 кВ қосалқы станция, 188 дана 10/0,4кВ қосалқы станция Шиелі ауданын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуде. Шынтуайтында, энергетика – жай ғана мамандық емес, туа біткен әуестік. Сол себепті аталған саланы кез келген адам таңдап, онымен өмірін біте қайнастыра алмайды. Жасыратыны жоқ, энергетиктердің қызметі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Тіпті олардың қазандай қайнаған қызу тіршілігі көзге көрінбеуі мүмкін. Десек те , үйіміз бен көшеміз түннің бір уағында да жап-жарық болып тұрғаны энергетиктердің арқасы екенін естен шығармайық.
Айнұр ИБРАШ 

30 шілде 2024 ж. 216 0