Халыққа жарық сыйлаған

Шиелі ауданы бойынша электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге 35 кВ 195,35 шақырым, 10 кВ 395,55 шақырым, 0,4 кВ 487,5 шақырым әуе желілері бар. Қазіргі таңда бұл әуе желілері бойында кедергі келтіріп тұрған тал бұтақтары шабылып, сымдар тартылған. Сонымен қатар көше бойындағы шөп те тазартылып, ағаш және темір бетон бағаналар қайта жөндеуден өткен. Бағаналардың диспетчерлік нөмірі жаңартылған. Ал
аудан бойынша электр жарығын 20 035 тұтынушы пайдаланып отыр. Оның ішінде 18 063 жеке тұлға болса, 3435-і заңды тұлға. Аудан тұрғындарына «ҚЭТТК» АҚ Шиелі аудандық электр тарату торабы қызмет көрсетіп келеді. Әрине, кенттің көркін ашып, жарықтандыруда аудан энергетиктерінің қосқан үлесі орасан. Сол себепті сала мамандарының бұл еңбегі елеусіз қалмауы керек. Осыдан 25 жыл бұрын Президент желтоқсан айының үшінші жексенбісін энергетиктер күні деп белгілеген еді. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде энергетика саласы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде.
Мекеме басшысы Ғабит Қалқұлов 2011 жылдан бастап үздіксіз жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын есеп бөлімінің шебері болып бастаған ол 2017-2023 жылдары бас инженер қызметіне дейін көтеріледі. Өз ісінің кәнігі маманына айналған Ғ.Тоқбергенұлы биыл мекеме басшысы қызметін жалғастыруда.
– Желтоқсан айы боранды желімен басталды. Осындай қарбалас шақта электр желілерінен ақаулар шығып, аудан тұрғындары жарықсыз қалған сәттер болды. Аязды желде Шиелі аудандық электр торабы мекемесінің қызметкерлері аянбай өз қызметтерін көрсетті. Бет қаратпас боранда электр бағаналарының басына шығып, жарықты жағуға атсалысты. Оны халық көрді, білді. Ал енді атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, 2023 жылдық жоспарға сәйкес 14 дана 35/10 кВ қосалқы станцияға, 1 дана 220/110/35/10 кВ қосалқы станцияға әр 3 ай сайын техникалық күтім жасалып, ақаулықтары жойылды. Сонымен қатар 172 дана 10/0,4 кВ қосалқы станциясына, 10 кВ әуе желісіне 395,55 шақырым, 0,4 кВ әуе желісіне 497,5 шақырым техникалық күтім жасалып, аралап-тексеру нәтижесінде біршама нысандар ретке келтірілді, – деді сала басшысы.
Бүгінгі таңда ұжымда 75 қызметкер тынбай халыққа қызмет көрсетуде. Жас мамандарды шыңдап, бағыт-бағдар беруден 34 жыл еңбек өтілі бар Бақтыбай Байзақ пен 20 жылды артта қалдырған Ғабит Жаманқұлов шаршаған емес. Көргені мен түйгені көп маманның «Энергетика – жай ғана мамандық емес, туа біткен әуестік» деуі де орынды. Сол себепті аталған саланы кез келген адам таңдап, онымен өмірін біте қайнастыра алмайды. Жасыратыны жоқ, энергетиктердің қызметі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Тіпті олардың қазандай қайнаған қызу тіршілігі көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда үйіміз бен көшеміз түннің бір уағында да жап-жарық болып тұрғаны энергетиктердің арқасы екенін естен шығармайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ