Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Энергетика – экономиканың негізгі діңгегі

Энергетика – экономиканың негізгі діңгегі

Қазіргі таңда жер жаһандағы жұмыр басты пенденің барлығын электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Себебі күнделікті қолданыстағы тұрмыстық техникалар да, бір сәт жанымыздан тастамайтын байланыс құралы да, керек десеңіз кәдеңізге жарар көлігіңіз де түгелдей дерлік ток көзіне тәуелді. Технологияның қарыштап дамыған заманында электр жарығының адамзат баласы үшін маңызы арта түсті. Мұны үйіңізде бір күн жарық өшіп қалғанда кететін берекеден-ақ байқауға болады. Иә, жарықтың өзі көрінбесе де, ол барлық нәрсені көзбен көруге ықпал етеді. Сондықтан электр энергиясының тұрмыста атқармайтын қызметі жоқ десек артық емес. Қанша заман өтсе де энергетика әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш әрі экономиканың негізгі діңгегі болып қала береді. ХХІ ғасырдағы адамзат баласының өмір сүру мүмкіндігі тікелей осы сала мамандарының төккен тері мен еткен еңбегіне байланыс­ты. Сондықтан қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, күллі әлемді жарықтандыруға атсалысып жүрген маман иелерінің бұл ісі қандай құрметке болсын лайық.
Шиелі ауданы бойынша электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге 35 кВ 195,35 шақырым, 10 кВ 395,55 шақырым, 0,4 кВ 487,5 шақырым әуе желілері бар. Қазіргі таңда бұл әуе желілері бойында кедергі келтіріп тұрған тал бұтақтары шабылып, сымдар тартылған. Сонымен қатар көше бойындағы шөп те тазартылып, ағаш және темір бетон бағаналар қайта жөндеуден өткен. Бағаналардың диспетчерлік нөмірі жаңартылған. Ал аудан бойынша электр жарығын 17 545 тұтынушы пайдаланып отыр. Оның ішінде 15 951 жеке тұлға болса, 1594-і заңды тұлға. Аудан тұрғындарына «ҚЭТТК» АҚ Шиелі аудандық электр тарату торабы қызмет көрсетіп келеді. Әрине, кенттің көркін ашып, жарықтандыруда ­аудан энергетиктерінің қосқан үлесі орасан. Сол себепті сала мамандарының бұл еңбегі елеусіз қалмауы керек. Осыдан 22 жыл бұрын Тұңғыш Президент желтоқсан айының үшінші жексенбісін энергетиктер күні деп белгілеген еді. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде энергетика саласы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде. Бұл мереке біздің ауданда да тыс қалған емес. Жылдағы дәстүр бойынша 22 желтоқсан күні аудан әкімі Қ.Мүбараков халықты электр энергия­сымен қамтамасыз етуде ерен еңбек етіп жүрген сала мамандарын қабылдап, мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі мереке өмірін тек энергетика саласымен байланыстырған адамдарды құрметтеуге ғана арналмайды, сонымен қатар бұл энергектиктер буыны атқарған жұмыстарды жоғары бағалау. Бұл еліміздің энергетикалық кешенін құруға және қызмет көрсетуге өз өмірін арнаған азаматтардың мерекесі. Сіздердің жеңілге соқпайтын қадірлі еңбектеріңізге, шеберліктеріңіз бен азаматтық жауапкершіліктеріңізге құрметпен қараймыз, – деген аудан әкімі бертінге дейін энергетиктердің атқарып жатқан жұмысын саралады. Сонымен қатар Шиелі кенті, Ы.Жақаев, Байсын елді мекендері бойынша 0,4 кВ әуе желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, қосалқы станциялары ауыстырылғанын, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілгенін тілге тиек етті. Содан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар энергетиктерге алғыс білдіріп, марапаттады.
Мереке қарсаңында «Шиелі жарығы» ЖШС-нің Еңбек қорғау инженері Ж.Өтеулиев Қазақстан электр энергетикалық Қауым­дастығының «Құрметті энергетик» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сондай-ақ Қазақстан электр энергетикалық Қауымдастығының Директорлар кеңесінің шешімімен «ГОЭЛРО жоспарына 100 жыл» медалімен «Шиелі жарығы» ЖШС-нің директоры Қ.Қасымов, аталған мекеме директорының орынбасары С.Медетбеков және осы мекеменің шебері Т.Жұбанов марапатталды. «Шиелі жарығы» ЖШС-ның арнайы көлік жүргізушісі Ж.Құндызбаевқа Қазақстан электр энергетикалық Қауымдастығының «Құрмет грамотасы» табысталды. Марапаттау рәсімінде өзге де қызметкерлер бедел биігінен көрініп, аудан әкімінің және аудандық мәслихат хатшысының алғыс хатын иеленді. Тарқатып айтар болсақ, аудан әкімінің алғыс хатымен Н.Күздібаев, С.Қожахметов, А.Қылышбаев, С.Балғабаев марапатталса, аудандық мәслихат хатшысының алғыс хаты Ә.Тұрғанбаев, Ғ.Қоңыратбаев, Ж.Балтай, Ғ.Тұрсымбаевқа табысталды.
Энергетика – жай ғана мамандық емес, туа біткен әуестік. Сол себепті аталған саланы кез келген адам таңдап, онымен өмірін біте қайнастыра алмайды. Жасыратыны жоқ, энергетиктердің қызметі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Тіпті, олардың қазандай қайнаған қызу тіршілігі көзге көрінбеуі мүмкін. Алайда, үйіміз бен көшеміз түннің бір уағында да жап-жарық болып тұрғаны энергетиктердің арқасы екенін естен шығармайық.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
25 желтоқсан 2020 ж. 442 0