Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛАҢСЫЗ ӨМІР СҮРІП ЖҮРСІЗ БЕ?

АЛАҢСЫЗ ӨМІР СҮРІП ЖҮРСІЗ БЕ?

Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, рухани демалуға, бір сәт миымызды тынықтыруға уақыт таба алмай кететініміз рас. Мұндай кезде не істеуге болады деп ойланасың? Әрине, оның қарапайым жолы бар. Ол – кітап оқу. Оны оқу арқылы қоршаған ортаны, дүниені және өзіндік жүйелі пікір қалыптастыра аламыз. Біз де оқыған кітаптарымызды таныстырып, шолу жасап көрейік дедік. Айдарымыздың кезекті талдауы Американың XX ғасырдағы белгілі жазушысы, әлемге әйгілі психолог Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» атты кітабы.

Адам баласы «Ертеңім не болады?», «Баламның болашағы қандай болады?», «Алдағы мақсатымыз орындала ма?» деген уайыммен өмір сүреді. Кейде алыс келешек былай тұрсын, ертең не болатынын білмей дал боламыз. Демек, уайымшылдық адамзат болмысында бар мінез. Бірақ сол уайым кемерінен асқанда денсаулыққа кері әсер ететінін ойландық па? Жоқ. Ал жазушы болса көңілдегі алаңды жеңетін 10 кеңес ұсынады. Автордың айтуынша, бұл құрғақ ақыл емес, мыңдаған адамның өмір тәжірибесінен алынған кеңестер. Бұл жерде жазушының жарты ғұмыры осы мәселені зерттеуге арнағанын да айта кеткен жөн. «Мен ол кезде Нью-Йорктегі ең бақытсыз жандардың бірі едім» деп басталатын «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» кітабы әлемде миллиондаған таралыммен таралып, оның баға жетпес кеңестері көптеген жанның жолын ашып, өмірдің мәнін ұғынуға көмектескен. Қаншама адам бойындағы үрейін жеңіп, болашаққа батыл қадам жасады. Сонымен 10 құпияның сырын ашайық.
Әуелі, бүгінгі күнмен өмір сүр. Педагогтың пікірінше, көңіліндегі алаңнан арылғысы келетін адам алдымен өткені мен келешегінің арасына темір есік орнатады. Өткенге өкінбей, келешекте не болады деп алаңдамай тек ғана осы сәтіңізден ләззат ала білу керек. Әр күніңіздің қадірін түсініңіз, әйтпесе өткеннің өкініштері мен келешектің уайымы түбіңізге жетеді. Екінші құпияның сыры – сиқырлы формула. Әлбетте қым-қуыт тірлікте мәселелерден құтылу еш мүмкін емес. Жұмыр басты пенденің тауқыметі таусылған ба, төбемізге қара бұлт төнгенде қиындықтан шығар жол іздеп сабыламыз.
Д.Карнеги америкалық өнертапқыш Уиллис Кэрриэрдің алаңдамауға үйрететін сиқырлы формуласымен таныстырады. Мәселен, сіз қиындыққа тап болдыңыз. Енді өзіңізге мұның соңы немен тынуы мүмкін деген сұрақ қойыңыз. Өзіңізді қатты жегідей жеудің қажеті жоқ. Дәл қазір сабырға келіңіз де, уайымды ысырып тастап, тынығып алыңыз. Ертеңгісін оянасыз да, қиындықтың шешудің жолын іздейсіз. Бұл әдіс уайымды жеңілдетуге көмектеседі.
Үшінші құпияға келетін болсақ, (memento mero) – өмір бар жерде өлім бар. Алаңдай берген жанның денсаулығы сыр беретінін және уайым жеген адам құсалықтан өліп кетуі мүмкін екенін білесіз бе? Автор бұл тарауды алаңдай берген іскер адамдар өмірден ерте кетеді деп бастады. Көңілдегі алаңның жеңе алмай, жа- сына жетпей дүниеден өткен көптеген әйгілі іскер жандардың өмірін мысалға келтіреді. Ақиқатында адамның жүйке талшықтарына бір зақым келсе, қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Автор кітабында асқазан жарасы, жүрек талмасы, психикалық ауытқушылық сияқты аурулардың уайымшыл, күйгелек адамдар- да көп кездесетінін ғылыми дәйектермен дәлелдейді. Осы кезде «Уайым түбі тұңғиық» деген тәмсіл сөз есімізге түседі.
Келесі төртінші құпияның сыры – болмашыға ашуланба. Ұсақ-түйекке бола ренжісіп, ақырында ажырасып тынған ерлі-зайыптылар қаншама. Тіпті сотта қаралатын істердің жартысынан көбі болар-болмас ұрыстан бастау алатын көрінеді. Ф.Ницше данышпан: «Адамдар ең көп азапты қарапайым ақиқатты елемегеннен шегеді» деп бекер айтпаған. Ашу мен ыза үстемдік етпесін десеңіз, үнемі көңілді жүруге тырысыңыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді білетін шығарсыз. Жақсы ой көңіліңізді көтереді әрі жақсылыққа жетелейді.
Бесінші құпияның сыры – қол қусырып қарап отырмау. Алаңдауға басты себеп көңілдіаулайтын жұмыстың жоқтығы. Қолы бос адам уайымшыл келеді, алуан ойлар мазаңды қашырып, жаныңды жейді. Кітаптың авторы алаңнан құтылғыңыз келсе, бір іспен шұғылданыңыз дейді. Кітапта перзентінен айырылған әкенің қасіретін жеңген, еңсесін көтеріп өмірге араласқан кейіпкер жайлы мысал бар. Жігіт өз қайғысын ұмыту үшін қайық құрастырумен айналысады. Күндердің күнінде есін жиып, күш-жігер жинап қатарға қосылады.
Алтыншы құпия – әдеттерді өзгерту. Ұлы ойшыл кітабында жаман әдеттің орнын жақсы әдетпен алмастырғанда ғана одан құтылуға болатынын айтады. Оның айтуынша, ұсақ түйекке бола уайымдай берудің қажеті жоқ. Өміріңізді өкінішпен өткізгіңіз келмесе, уайымның үстемдік құруына жол бермеңіз. Сізді алаңдатқан мәселеге басқа адамның көзімен қарасаңыз оның түкке тұрғысыз дүние екенін түсінесіз.
Жетінші құпияның сыры – үлкен заңдар саны. Үлкен заңдар саны деген теория жайлы естідіңіз бе? Ол бір нәтиженің бірнеше нұсқамен орындалу ықтималдығын сипаттайтын принцип. Оны былай түсіндіріп көрейік. Мысалға, үйден алыстап кеткеннен кейін «Үтікті өшірдім бе? Есікті кілттедім бе? Балалар бірдеңеге ұшырап қалған жоқ па, мен жоқта үйіме ұры түссе қайтемін?» деп күні бойы алаңдайтын жандар көп. Енді осы мәселеге үлкен сандар заңы бойынша қарайық. Мәселен, дәл бүгін тап сіздің үйіңізге ұры түсу ықтималдығы 0,01 пайыз. Егер сіздің күнде автоматты түрде үтікті өшіретін әдетіңіз болса, дәл бүгін қосып кету ықтималдығыңыз тіптен 0-ге тең. Алайда адам баласы көп жағдайда жоқ жерден проблема жасап, алаңдайтын мәселені ойдан шығарып алады. Осындай кезде өзіңізге осы мені алаңдатқан жағдайдың орындалу ықтималдығы қаншалықты дұрыс деген сұрақ қойыңыз. Бәлкім, дабыра қылатындай ештеңе жоқ шығар. Сондықтан болашақты болжап, құр уайымдай бергенше ол туралы мүлдем ойламауға тырысыңыз.
Тағдырға мойынсұныңыз деп аталатын сегізінші құпияда көптеген деректерге қанық боласыз. Иә, өмір бізді сынайды. Пешенімізге жазылған тағдырды өзгерту қолымыздан келмейтіні бесенеден белгілі. Кез келген сынақтан кейін не басына түскен іске көнесің, не болмаса қашып құтыла алмасыңды білсең де, өмір бойы алысып, жүйкеңді шаршатып уақытынан бұрын қартаясың. Қиындық ширатады, дүниетанымыңызды кеңейтеді. Өмірді өзгеше қабылдауға үйретеді. Біз өзіміз ойлағаннан әлдеқайда мықтымыз. Соңғы құпияда жазушы айналадағы жандардың өміріне қызығушылық таныту жайлы өрбітеді. Қарақан басын ойлап, өзімен-өзі әуре болған адамның уайымы көбейеді. Серпілу үшін басқа жандардың өміріне үніліңіз. Біреуге жақсылық жасап, қайырымдылықпен айналысыңыз. Мысалы, сіз үйіңізге газет әкелетін почташы немесе аула сыпырушымен амандасып жүрсіз бе? Оның хәл-жағдайың сұрайсыз ба? Иә, алғашында сәл ерсі көрінуі мүмкін. Хәл-ахуалын сұрасаңыз ол адам марқайып қалары сөзсіз. Оның ыстық ықыласы мен ризашылығы сіздің өміріңізге де оң әсерін тигізеді. Содан күні бойы біреуге жасаған жақсылығыңыздан ләззат алып, жеке басыңыздағы мәселелерді бір сәтке ұмытасыз. Сайып келгенде, өмірді жақсы арнаға бұру үшін бойыңыздағы алаңды жеңу қажет. Көшеге шығыңыз. Дүкенге барыңыз. Автобусқа мініңіз. Екінің бірінің қабағы қатулы. Ашуланшақ адамдар тіпті көп. Бәрінің басында мың сан проблема дерсіз. Жұмыстағы қиындық, үйдегі бітпейтін шаруа, кептеліс бәрі-бәрі біздің жүйкемізді жұқартып жатыр. Біріміз күйзелістен оңай құтылсақ, енді бірімізді уайым айықпас дертке шалдықтырады. Үнемі алаңдап жүру – жаман әдет. Көңіл-күйіміздің бұзылуы психикикалық ауытқуға душар етуі мүмкін. Тіпті Америкадағы жүйке аурулар ауруханасында емделетін науқастардың жартысынан көбі көңіліндегі алаңды жеңе алмағандар екен.
Сонымен бұл кітап бойдағы үрей, сенімсіздік, қорқыныш сынды кертартпа қасиеттерден арылып, көңілдегі алаңды жеңуге көмектеседі. Олай болса, алаңсыз өмір сүруді үйренгіңіз келсе, өміріңізді өзгертуге бел бусаңыз осы кітапты оқуға кеңес береміз, оқырман!

Айнұр ИБРАШ
16 шілде 2024 ж. 143 0