Барға қанағат, жоққа сабыр
Күйбең тірліктің қамымен жүріп, кейде рухани ләззат алуға, бір сәт миымызды тынықтыруға уақыт таба алмайтынымыз жасырын емес. Мұндайда өн бойымыздағы адами қасиеттеріміз біртіндеп жұтап, сезімдеріміз де суи бастайды. Тіпті айналадағы адам үшін жаратылған нығметтерге мән бермей, күпірлік ететін сәттер де кездеседі. Әлеуметтік желі жүйткіп дамыған уақытта біздің шүкірімізден күпіріміз көп болып кеткенін кімнен жасырамыз? «Анау блогер 5 млн. теңгеге сағат алыпты. Мынау блогер бір жылда бесінші баспанасына қол жеткізіпті» деп виртуалды әлемнің ертегісіне сеніп, өзіміздің қолда бар алтынымыздың қадірін білмей жатамыз. Тіпті осындай көл-көсір дүниенің көлеңкесінде жүріп адамгершіліктің асыл қасиетінен де аттап кететін сәттер жиі орын алады. Осындай бұлтарысы мен қалтарысы көп ғұмырда мейірім мен шапағатты, достық пен махаббатты әр адамның жүрегіне қасиетті қаламы арқылы қайта егетін қаламгерлер бар. Қазақ әдебиетінде жаныңа жылулық ұялатар мұндай әдебиеттер жетерлік. Бірақ бүгін бүкіл АҚШ халқы көзіне жас алып, авторға мыңдаған алғыс хат алып келген туынды туралы тарқатсақ дейміз.
Бәлкім, ойы қарақты оқырман мақаланың тақыбырына қарап-ақ туындының не туралы екенін ұғынса керек. Ал егер әлі де әңгіменің байыбына бара алмай отырғандар болса, «Полианна» кітабы туралы әріден қозғайық. Аталған туындының авторы Элеонор Портер – америка жазушысы. Ал оның «Полианна» кітабын қазақ тіліне аударған Бақытгүл Салықова болса, қазақша нұсқасын баспадан шығарып, қалың оқырманға ұсынған «Marfu press» баспасы. Кітаптың мазмұны жас талғамайды, алайда автор бұл туындыны әсіресе жасөспірімдер оқыса екен деген тілегін жасырмайды. Себебі, «Полианнаның» негізгі мақсаты – қолда барға қанағат ету, жоққа сабырмен қарау.
Толығырақ айтсақ, кітап ел-жұрттың қайыр-садақасымен күн көрген кішкентай қыз Полианна туралы. Тіпті оның жылы төсегі мен күніне үш мезгіл ішетін ыстық тамағы болмаған. Әкесі шіркеуде пастор болса, анасы қызметші болып жұмыс істейді. Әрине, азуын айға білеген алпауыт мемлекетте мұндай кіші қызметкер болып өмір сүру – өте қиын. Бірақ осындай материалдық қиындыққа қарамастан, Полианна әр нәрседен қуаныш, бақыт көруге тырысады. Оған мұндай қасиетті әкесі үйретеді. Әкесінің айтуы бойынша, қолында бар нәрсеге де, жоқ нәрсеге де қуана білу өмірді әлдеқайда көңілді әрі бақытты ете түседі. Бұғанасы қатпаған, көңілі кіршіксіз таза кішкентай қыз әкесінің осындай өсиетінен кейін өмірге басқаша қарай бастайды. Мысалы, ол өзге балалар сияқты қуыршағы болғанын қалайды. Бірақ оған қайырымдылық қорынан жиналған заттардың арасынан балдақ түседі. Иә, кәдімгі өз еркімен жүре алмайтын адамдар пайдаланатын балдақ. Мұны көрген Полианна бір сәтке жүзі жабырқап, «Мен қуыршақ күтіп едім ғой» деп жыларман күйге түседі. Алайда, әкесінің арқасында балдаққа да қуануға болатынын түсінеді. Себебі ол балдаққа мұқтаж емес. Демек балдақтың өзіне керек емесіне, өз аяғымен емін-еркін, ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұра алатынына қуану керек. Міне, «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, қандай да бір оқиғаны бір жақты шешім шығармай, басқа астарын іздестіріп, содан шынайы қуаныш көре білу Полианнаның сүйікті ісіне айналады.
Оқиға желісі бойынша, басты кейіпкер көп қиындыққа тап болады. Жастайынан ата-анасынан айырылып, қала асып жақын танымайтын апасының қамқорлығына келеді. Зәулім үйде жападан-жалғыз өмір сүрген Полли тәтесімен алғашқы күндері Полианна тіл табыса алмайды. Оған кең сарайдай үйдің шатырынан ғана қуықтай бір бөлме бұйырады. Зәулім үйдің барлық бөлмелерінде кілем, жиһаз, айна мен суреттер бар деп үміттенген Полианна өзінің жатын орнын көргенде көңілі құлазып, көзіне жас алады. Себебі, ол жерде жай ғана еден мен жалғыз төсек болатын. Бірақ әрнәрседен қуаныш іздеуге тырысқан ол, өзін «Бөлмеде айна болмағаны үшін қуаныштымын, себебі бетімдегі секпілдерді көрмеймін. Жиһаз болмағаны үшін қуаныштымын, себебі зат көп шашылмайды. Ешқандай сурет болмағаны үшін қуаныштымын, себебі терезеден таза табиғатты тамашалай аламын» деп жұбатады. Тек жұбатып қана қоймай, соның әрқайсысынан ерекше ләззат ала білді. Осындай жайдары мінезінің арқасында ол уақыт өте келе жүрегі тас секілді қатып қалған Полли тәтесінің де, қаладағы қабағы қатулы, ешкіммен сөйлеспейтін Том мырзаның да, қос аяғынан айырылып, өмір бойы төсекте таңылып, ешкімді, ештеңені жақтырмайтын миссис Сноуды да өмірге қайта ғашық қылады. Осы адамдардың барлығы Поллианнамен бір кездескеннен кейін-ақ өздерінің бүгінге дейін нағыз бақытты адам екенін байқамай келгенін бірте-бірте мойындай бастайды. Себебі, көңілі мөлдір судай таза бойжеткен қала тұрғындарының барлығына нағыз қуанышты тек көзбен көру ғана емес, жүрекпен сезіну екенін түсіндіреді. Бір қарағанда, Полианнаның бұл әрекеті мұсылман елдерінің «Егер шүкір етсеңдер, арттырамын» немесе «Қанағат қарын тойғызар» деген қағидаттарымен сәйкес келеді. Алайда, қазіргі таңда мұндай сөздердің де қадір-қасиеті азайып барады. Адамдар күнделікті «қанағат» пен «қуаныш» сөзін естіп жүргенімен, іс жүзінде аса мән бермейді. Қарапайым жаттанды сөз немесе уақытша өзін-өзі жұбату деп түсінеді. Сол себепті автор Э.Портер қанағат, бақыт, қуаныш сынды қарапайым сөздерді он үш жасар қыздың тағдыры арқылы қалың оқырманға сипаттап берген. Қысқа әрі нұсқа шығармадан жақсы ой түйген көпшілік аталған туындыға «Қуаныш оқулығы» немесе «Дүниені өзгерткен «Полианна» деп атау берген. Тіпті автор өмірден өткеннен кейін де қарапайым халық «Полианна» туындысын жазғаны үшін алғыс білдіріп, көзіне жас алып, соңғы сапарға шығарып салған. Сонымен бірге Нью-Йорктің беделді баспасы «Полианна өлді» деп мақала жариялаған. Содан бері дүниежүзінде осы роман атымен балалар ұйымы, бірлестіктер, психологиялық ұйымдар жүмыс істей бастаған. Американың белгілі жазушысы ретінде Э.Портердің шығармалары жеткілікті. Бірақ осы бір ғана кітабының арқасында көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Тіпті қазақ оқырмандарына да ұнап, жоғары бағасын алуда.
Бәлкім, ойы қарақты оқырман мақаланың тақыбырына қарап-ақ туындының не туралы екенін ұғынса керек. Ал егер әлі де әңгіменің байыбына бара алмай отырғандар болса, «Полианна» кітабы туралы әріден қозғайық. Аталған туындының авторы Элеонор Портер – америка жазушысы. Ал оның «Полианна» кітабын қазақ тіліне аударған Бақытгүл Салықова болса, қазақша нұсқасын баспадан шығарып, қалың оқырманға ұсынған «Marfu press» баспасы. Кітаптың мазмұны жас талғамайды, алайда автор бұл туындыны әсіресе жасөспірімдер оқыса екен деген тілегін жасырмайды. Себебі, «Полианнаның» негізгі мақсаты – қолда барға қанағат ету, жоққа сабырмен қарау.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА