Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір минут кешігуден ұялып, 32 шақырымды жүріп өткен

Бір минут кешігуден ұялып, 32 шақырымды жүріп өткен

Пенделікпен қолда бар көп дүниенің қадірін білмей, жоғалтқан кезде ғана сарсаңға түсіп жатамыз. Сол нәрсенің сапында қазынадан құнды нәрсе бар. Ол – Уақыт! Қандай да бір нәрсенің болмасын, белгілі бір уақытпен санасып, нақтылы бір өлшемдермен белгіленетіні рас. Адам баласының, күллі жаратылыстың азды-көпті ғұмырлары уақыт деген ұғыммен тығыз байланысты. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Межеленген уақытты өткізіп алып, ойға алған жұмысымыздан кешігіп жатамыз кейде. Біле білсек, кешігу – этика қағидаларына жат нәрсе. Жұмысқа, сабаққа, кездесуге, т.б. жерлерге кешігіп қалып, ыңғайсыз жағдайларға тап болатын сәттеріміз жиі естен шығып қалады. Тіпті өз-өзіне, басшылыққа, әріптестеріне қанша уәде берсе де кешігуді әдетке айналдырғандар да бар.

Осы ретте, Көсемәлі Сәттібайұлының қаламынан туған мына мақаланы сіздермен бөлісуді жөн санадық. Мүмкін, қолда бардың қадірін білмей, ұйықтап жүріп, уақытын ұрлататындарға ой салар.
Жұмыссыз жүргендер жұмыстың қадірін жақсы біледі. Таңертең жұмысына кетіп, кешкілік үй-үйелменімен қуана қауышып жатқан көршілеріне, таныстарына қызыға қарайды. «Шіркін, менің де осындай тұрақты жұмысым болса ғой, басшылыққа өзімнің бар қабілет-қарымымды көрсетіп, ұжымыма сыйлы болып жүрер ем» деп армандайды. Ал енді, керісінше, жұмысы бар кейбір кадрлар ел-жұртты өзіне сый-құрметпен қаратып, бала-шағасына нәпақа боп отырған жап-жақсы айлығы бар жұмысының қадірін жете түсінбейді. Неге? Өйткені, жұмысына таңертең кешігіп келетін де, кешке елден ертерек қайтып кететін де солар. Түрліше сылтаулармен жұмыс уақытына бөлінген 8 сағаттың 1-1,5 сағатын бос сенделіспен «жеп» қоятын да солар. Тіпті азаннан кешке дейін шөп басын сындырмай, еңбек күнін пыш-пыш өсекпен босқа өткізетін де солар. Жақында ғана USA Today хабарлаған мына оқиғадан сабақ алсақ қой, шіркін! Америкалық бір студент өзі жаңа ғана орналасқан жұмысының ең алғашқы күні небәрі бір минут кешігіп қалудан ұялып, 32 шақырым жолды жүріп өткен! Дәлірек айтсақ, Алабама штаты, Бирмингем қаласының тұрғыны Уолтер Карр өте ұзақ уақыттар бойы жұмыс таба алмаған. Сөйтіп жүріп жиырма жастағы әлгі жігіт әрең дегенде бір компанияға жүкші болып орналасады. Бірақ қырсық шалғанда, дәл сол күні ескі көлігі бұзылып қалған. Сондықтан ол қолы қиындықпен жеткен жұмысынан кешігіп қалмау үшін оған жаяу-жалпылап жетуді шешеді. Жол-жөнекей оған бір полицей көңіл аударып, тіпті, студенттің табандылығына таңғалғаны сонша Каррға таңғы ас әперіп, біраз жерге дейін жеткізіп салған. Өйткені, ол таңертең басталатын жұмысына бір күн бұрын, онда да кешке қарай шыққан адамды бірінші рет көріп тұрса керек. Сәлден кейін жігітке тағы бір полицей қызметкері көмек қолын созады. Сөйтіп ол алыс шақырымдарды артқа тастап, таңғы сағат 8.00-де жұмыс орнында болады. Студенттің осыншалық қиыншылықтарды жеңіп, жұмысқа уақтылы келгенін естіген компания басшысы Люк Марклин онымен сөйлесуге өзі келіп, жұмыстың қадірін елден ерек сезіне білген жігіттің жансебіл әрекетіне риза болғаны сонша оған жеке көлігін сыйлапты. Онда да анау-мынау емес, зауыттан 2014 жылы шыққан «Ford Escape» автомашинасы!
Карр биыл желтоқсан айында «Медициналық ғылым» мамандығы бойынша колледж бітірмек. Кейін теңіз қарулы күштері флотында қызмет етіп, институтта физиотерапевт мамандығында оқығысы келеді екен. Ол өзіне таңғала сұрақ қойған журналис­терге: «Жұмыс тапқаным үшін қатты қуандым. Сондықтан жұмыс орныма сағат 8.00-ге дейін қалайда жетіп, өзімнің бұл жұмысты құлшына істеуге деген ынтамның зор екенін білдіргім келді. Мына дүниеде мүмкін емес ешнәрсе жоқ, тек соны өзің жасауың керек және сені адам етіп, абыройыңды өсіріп отырған жұмысыңның қадірін біліп, жұмыс беруші компанияңды құрметтеп, басшыңды сыйлай білуің керек» деп жауап беріпті. Ал сіз бен біз ше? Жұмысымызды Уолтер Карр сияқты құрметтеп, қадірлей білеміз бе? Жоқ, құрметтемек тұрмақ, автокептелістерден ада шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы таңғы сағат тоғызда басталатын жұмысына жарты сағат кешігіп келуді әдетке айналдырғандарға күнде куә боп жүрміз. Ал, өнімді еңбекке ғана тиесілі алтын уақыттарын министрлерден бастап ауыл әкімдеріне дейін сыртынан ғайбаттап, арам әңгімелермен өлтіретіндер қаншама?
Өзіңді құрметтесең, ең алдымен сені АДАМ қатарына қосатын жұмысыңды құрметте! Оған уақытылы келіп, одан уақтылы қайт. Өзіңе жүктелген тапсырмаларды мұқият және нақты орында.
Сонда ғана сіз бен бізден артық ешкім болмайды.
Әзірлеген
Д.ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.
24 қараша 2018 ж. 1 141 0