Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қарғын» қандай роман?

«Қарғын» қандай роман?

Күйбең тірліктің қамымен жүріп, кейде рухани ләззат алуға, бір сәт миымызды тынықтыруға уақыт таба алмайтынымыз жасырын емес. Мұндайда өн бойымыздағы адами қасиеттеріміз біртіндеп жұтап, сезімдеріміз де суый бастағандай көрінеді. Міне,осындай сәтте мейірім мен шапағатты, достық пен махабатты әр адамның жүрегіне қасиетті қаламы арқылы қайта егетін қаламгерлер болады. Қазақ әдебиетіндегі саусақпен санарлық көзі тірі осындай суреткердің бірі – Дулат Исабеков. Бүгінде жетпістің бел ортасынан асып, сексенге қарай беттеген жазушы қаламы әлі де өзінің өлмес кейіпкерлерін тудырады деген сенімдеміз. Осы орайда газетіміздің «Кітап оқыңыз» айдарында Д.Исабековтің «Қарғын» романы туралы тарқатпақпыз.
Дулат Исабеков – қазақ жазушыларының арасындағы шоқтығы биік тұлға. Ол қазақ әдебиетінің тарихына аты, затымен соны, жаңа үн, жаңа гуманистік рух әкелген шығармалардың авторы. Адам елей бермейтін, тіршілік атты тулаған теңіздің табанында жатқан кейіпкерлерді тауып алу да – осы қаламгердің бір ерекшелігі. Өзге шығармалар да байқала бермейтін, селқос тартып тұратын кейіпкерлер Д.Исабековтің шығармаларында ерекше құбылып, дәл бір жаныңда тыныс алып, тіршілік етіп жатқандай сезіледі. Сол кейіпкерлерді байқап, соның мінезін, сезімін, адами қасиетін түрлендіріп, мөлдіретіп қағаз бетіне түсірумен қарымды қаламгер көптің көңілінен шыға білді. Дулат Исабеков тек прозамен ғана шектелмей, драмартургияның да жүгін көтере білген жазушы. Ол жазған пьесалар Еуразия құрлығын түгел игеріп жатыр десек, артық айтқандық емес. Бұл ойымызды ҚР Халық әртісі, профессор, режиссер Есмұхан Обаевтың жазушы хақында айтқан мына пікірі қуаттай түседі. «Дулат Исабеков тақырып таңдауда алдына жан салмайтын драматургтердің бірі. Ол әртүрлі тақырыпқа бара алады. Ең бірінші, адам проблемасын қозғайтын шығармаларды сахна төріне алып келеді. Ол режиссермен отырып жұмыс істеген кезде спектакль сахнаға шығып, премьерасы өткеннен кейін де шығарманы бірнеше рет толықтырып, көрермен қалай қабылдады, не істеді, қай жері кемшіндеу, қай жері артықтау, қай жері нанымға келмейді деген тұстарында ылғи да ізденіс үстінде отырып, қайталап жазуға ерінбейтін адам. Ауқымы кең драматург. Бүгінде «драматургия жоқ, театрда пьеса жоқ» дейтіннің бәрі бос сөз. Республикадағы қазақтың жиырма шақты театрында Дулаттың пьесаларын қойып шықса, соның бәріне ұзақ жыл азық болар еді деп ойлаймын». Ал Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов талантты қаламгер туралы «Шыны керек, бұл жазушыны мен жақсы көрем. Ол жөнінде көп ойланам. Өзі қарапайым. Баспадан шығып жатқан том кітаптары, бұрқыратып жазатын мақалалары, ала-бөле кейінгі жылдарда еліміздегі елуден аса театрларда үздіксіз қойылып жатқан пьесалары болмаса, жайшылықта оның көйлегінің түймесі салынбай, етегі жиналмай, қобырап-собырап жүрген түріне қарап, көшеде кездесе қалғанда, жазушы екен деп сірә да ойламайсың. Бірақ таланттың аты талант. Әлгідей етегі жиылмай, қобырап жүріп те, біз түгіл, біздің сыртымызда жатқан елдерде, сонау Болгарияда, ол, ол ма Санкт-Петербургтің, Орынбор, Омбының менменсіген тәкаппар театрлар сахнасының төріне қазақтың күпісі, тымағымен талтаңдап шығатын болдық. Соның арқасында олар бұл күнде бізді мойындады да, қазір біз оларға емес, олар бізге кел, өнердің осы саласында алғаш рет «Исабеков әлемі» деген соны, жаңа ұғым пайда болып, өмірге келді» деп ерекше пікір білдірген.
«Қарғын» романы «пышақ үстінде» жастардың сүйікті шығармасына айналады. Өйткені аталған туындыда сезім мен сенім арасындағы арпалыс, жастардың шынайы махаббаты, адал сезімі мен биік парасат жан-жақты сипатталады. Романның негізгі оқиғасы Алматы қаласында өтеді. Бас кейіпкерлер Жас­ын мен Бағила алғаш рет пойызда кездесіп, кейін екеуі де өздеріне түсініксіз сезімді бастан кешіреді. Неліктен түсініксіз? Себебі Жасын әйелі, екі баласы бар бола тұра он екіден бір гүлі ашылмаған жас қызға қалай ғашық болып қалғанын түсінбей дал болса, Бағила әйгілі жазушының өзіне немесе шығармашылық қабілетінің қайсысына ынтызар болғанын білмей әбден шатасады. Кітапта Жасын ойы алғыр, өмір шындығына жасқанбай қарайтын талантты жазушы, ал Бағила жоғары оқу орнына енді түскен бойжеткен ретінде сипатталады.
Әңгіме Бағила мен әкесі Қаратайдың Алматыға сапарынан басталады. Осы кезде Жасын әлдеқандай себеппен Бағилалардың купесіне жайғасады. Бірақ аудан басшысы Қаратай бұл жігітті жақтырмай дереу купені босатуын талап етеді. Тік мінезді, өткір тілді Жасын болса үлкен басшысының қол астындағы қызметкерлерге қарап «Жарайды, көндім. Сендерге жаным ашығандықтан келістім» дейді. Әрине, бұл мінезі әуел баста Бағилаға ұнамайды. Бірақ бойжеткен жазушының жалт етіп жоқ болған қыран көзін, мірдің оғындай өткір сөзін, өн бойындағы батылдығы мен қайсарлығын естен шығара алмайды. Жасын купеден кеткенде бір бет қағазын түсіріп алады. Онда жазушының ойлары, өмірге көзқарасы, әлем әдебиетінің классиктері жайлы сын-пікірлері мен басқа да ойлары жазылған екен. Бұларды оқыған Бағила бұрынғысынан да Жасынға қызығушылық білдіріп, ынтызар бола түседі. Алайда пойыздағы кездесуден кейін ол жігітті кездестірмейді.
Арада бір жыл өткен соң Бағила мен Жас­ын кездейсоқ таксиде кездесіп қалады. Бұл екінші кездесу екеуін жақындата түскендей. Бір-бірімен ауық-ауық кездесіп, өзара пікір алмасып, сыр бөліседі. Уақыт өткен сайын Бағила Жасынның өз ішкі дүниесімен арпалыс үстінде жүретінін, атақты жазушы болғанымен, оның досы жоқ екенін, жалғыз екенін, ой бөлісер тең таппай азап үстінде жүретінін байқайды. Мұның жас қыз екенін ескермей, ауық-ауық арына тиісіп, қатты сөйлеп қоятыны да осы жалғыздықтың кесірінен екенін ұғынды. Ақыр аяғында ­Жас­ынды сүю – бақыт емес, азап екенін де сезді. Бірақ оның ішкі ойы «Бұл азап та бақыт» деп пендешіліктен гөрі парасаттылыққа жетелей берді. Бағила кейіннен білді. Жасынның әйелі, екі баласы бар екен. Алайда әлдеқандай сезім қанша кедергі тұрса да жас қызды Жасынға жетелей берді. Бойжеткен екінші онымен кездеспеймін деп қанша оқталса да, телефонның арғы жағынан жазушының қоңыр даусы естілгенде алып ұшып кететін. Ал Жасынның махаббаты ше? Атақты жазушы жас қызға ғашық па, әлде сұлулығына қызығып, мінезіне сүйсініп жүргендердің бірі ме? Бұл жағы оқырман түгілі Жасынның өзіне де белгісіз еді. Себебі Жасын өз сезімін Бағилаға ашып айтпайтын. Екеуінің әңгімесі әдемі сөздермен, астарлы оймен жалғасын табатын. Бір күні Бағила сезімнің азабын тарта-тарта жүдеп кетеді. Аурушаң бола бастайды. Мұны байқаған жеңгесі оны алып, Ялтаға жол жүреді. Алайда ғашық жүрек одан сайын қиналып, ауруы асқына береді. Міне, осы сәтте Алматыдан құстай ұшып Жасын келеді. Келгеннің өзінде Бағилаға ләм-мим демей, өз ойын ашық айтпастан қызға жаймен ғана жымиып, өмірінде екінші рет ернінен сүйіп, қайта жолға шығады. Бұл сәтте Бағила өзін әрі бақытты әрі әлжуаз, дәрменсіз сезінеді. Ал Жасын биікте ұшып келеді. Төменде күйініш пен сүйінішке толы жасыл орман. Ендігі өмірі не болмақ? Жерге түскен соң Жасын өмірі қай арнаға бұрылады? Роман осындай күрделі сұрақтармен аяқталады.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
19 қазан 2020 ж. 3 703 0