Оң қолыңыздан келетін қауіп барма?
Иә, ешкім ешқашан өзінің оң қолынан қауіп көремін деп ойламайды. Қажетіне жарап жүрген он екі мүшесінің біріне үрейленіп қарамайды да. Тіпті үш ұйықтаса мұндай жағдай түсіне кірмейді. Бірақ «Дерт көп, денсаулық біреу» демекші, әлемде сансыз аурулар бар. Соның бірі – ішкі тұлғаның екіге жарылуы. Яғни бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесінің» кезектесіп не қатар өмір сүруі. Бұл дерт ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тұқым қуалауы да әбден мүмкін екен. Егер әулетте бір кісінің санасына өзін-өзі өлтіру туралы ой келсе, ол кейінгі ұрпақтың қанына өздігінен сіңіп, ойына орала беретін көрінеді. Қалай дейсіз бе? Бұл сұрағымызға Төлен Әбдікұлының «Оң қол» әңгімесі жауап береді. Олай болса қаламгердің алғашқы туындыларының бірі – «Оң қолды» бірге оқиық.
Шығарма авторы Төлен Әбдікұлы – өзіндік стилі қалыптасқан қаламгер. Ол ең әуелі не жазса да аз, бірақ саз жазатындығымен ерекшеленеді. Қиялының ұшқырлығы және әңгімесінің жып-жинақы болуы арқылы оқырманды жалықтырмай, керісінше ынтасын оята біледі. Бұл жөнінде жазушы Дулат Исабеков «Жалпы Төлен бұрқыратып жазған жігіт емес. Әлі күнге дейін сол ырғағын сақтап келеді» деп пікір білдірген. «Оң қол» да сондай. Мұнда баяндалған оқиға бірқалыппен жазылады. Ешнәрсе кемерінен аспаған немесе бірнәрсенің жетіспей қалушылығы байқалмайды.
Жалпы «Оң қол» әңгімесінде ең әуелі ауру алқымынан алып, дертке шалдыққан адам мен он екі мүшесі сау пенденің бір-біріне қарым-қатынасын аңғаруға болады. Әсіресе, психикалық ауруға шалдыққан жандардың қоғамнан шет қалып, оларға көп адамдардың аяушылықпен қарайтыны оқырман жүрегіне жеткізе баяндалады. Автор әңгіме басында психиатриялық аурухананың ахуалын сипаттай келе, оқырманға «Олардан қорқудың, оларға аяушылықпен қараудың қажеті жоқ» деген ой тастайды. Бұл ойды әрмен қарай жазушы дәрігердің аузына салып береді. Яғни дәрігер өз емделушілері туралы «Біз тәні ауырғандарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде әйтеуір өзіміздің аман екендігімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз – ақыл-естен айырылғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз» деп, ақыл-есінен айырылған жандарды жақсы көрсе жеткілікті екенін аңғартады. Осылайша автор өмірдегі сан түрлі жағдайды әр қырынан саралап, кітапты қолына алған жанға үлкен ой тастайды.
Әңгіме әрмен қарай он жеті жасар Алма есімді қыздың ауруханаға түсуімен жалғасады. Әңгімеде кейіпкер пайда болған тұста біз жазушыны басқа бір қырынан байқаймыз. Ол кейіпкерлерді суреттеуі мен олардың ой-санасын айна-қатесіз жеткізе алуы. Негізінде кейіпкердің жан дүниесін, сыртқы болмысын сипаттауда жазушыға психолог қабілеті қажет-ақ. Ал «Оң қол» әңгімесін оқи отырып автордың психологиялық ойлауы жазушылық шеберлігімен астасып жатыр ма дерсіз? Иә, Төлен Әбдікұлы әр кейіпкерін елеусіз, ескерусіз қалдырмайды. Ол екеу арасындағы диалогты да, монологты да шебер суреттей біледі. Тіпті жазушы кейіпкерлер арасындағы ым-ишаратқа, ойлау жүйесіне, іс-әрекетке ерекше мән береді. Осылай мән беруінің арқасында оқырман кейіпкермен бірге бір сезімді бастан кешіреді.
Алма – қарапайым қыз. Бірақ ол небәрі он жеті жасында түсініксіз ауруға шалдығады. Яғни ол ұйқыға кеткенде оған оң қолы шабуыл жасап, оны өлтіруге ниеттенеді. Егер мұны дәрігерлер ғылым тілінде жеткізсе, бұл дерттің бар екеніне көпшілігі сене қоймас. Ал жазушы жер бетінде осындай кеселдің кездесетінін әдебиеттің әдемі тілімен хабарлады. Бір жағынан осы оқиға арқылы адамның өз-өзіне жауығатын сәттері болатынын жеткізеді. Алманың басынан өтіп жатқан оқиға бір жағынан адамның түсініксіз һәм беймәлім жаратылыс иесі екенінен хабар береді. Сондай-ақ жазушы осы оқиға арқылы адам ойында үздіксіз жүретін жұмысты, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты көркем тілмен кестелейді. Өмірдегі қиындықты, он екіден бір гүлі ашылмаған, ерке де сұлу Алманың жан күйзелісін тігісін жатқыза суреттейді. Автор Алманың ауруханадағы жағдайын жаза келіп, денсаулығына дерт жабысқан жандардың жанайқайын жеткізеді. Қаршадай қыздың қиналысын айта келіп, дүниедегі ең қиыны – жалғыздық деген тұжырымға тоқталады. Расында, аурухана есігінен аттап шыға алмау, ғаламның ғаламатын өз көзіңмен көріп, жан тәніңмен сезінбеу өлімнен де қорқынышты емес пе?
Жоғарыда айтқандай, жазушы әр кейіпкеріне баса назар аударады. Әңгімедегі келесі кейіпкер – дәрігер. Мұнда оқырманның байқайтыны ақ халаттылардың науқасты тек инемен емес, сөзімен де емдеуге қауқарлы екені. Өйткені, Алманың дәрігері оған ешқандай ем-дом көмектеспейтінін түсініп, оның көңілін көтеруге, бір сәт қабағына кірбің ұялатпауға тырысады. Тіпті кешкілік уақытта серуенге шығып, Алманың бір мезгіл өмірге құштарлықпен қарауына мүмкіндік сыйлайды. Себебі, Алманың рухани жалғыздығын түсінген тек дәрігер еді. Осының арқасында Алма соңғы сәттері шаттыққа бөленіп, көңілдене түседі. Міне, әңгімедегі осы бір сәт дәрігер мен емделушінің арасындағы өзара сыйластықты көрсетеді. Сондай-ақ науқас жанның сенері де, үміт артатыны да дәрігер екенін айғақтайды.
Туындымен танысқан әр оқырманның мән беретін келесі нәрсесі – сөз құдіреті. Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Шығармада осы мәтел оқиғамен өрбігендей әсер қалдырады. Себебі, Алманың дәрігері меңгерушіге «Оң қол өзін-өзі өлтіріп тынатынына кепіл боламын» деп айтқан болатын. Бәлки бұл ашумен айтылған сөз шығар. Алайда, Алма жантәсілім еткенде дәрігердің осы сөз үшін өзін-өзі кінәлауы тегін емес қой. Демек адам өмірінде сөздің алатын орны ерекше.
Міне, адамның екі түрлі күй кешуін, оның ішкі әлемінде мүлгіп жатқан әлдеқандай күштердің бас көтеруін суреттеген туындының қысқаша сипаты, оқырманға салар ойы осындай. Ал оның құнын асырып тұрған қасиеттері – тақырыптың тосындылығы мен жазушы ойының шығарма сюжетімен бітеқайнасып кетуі. Алайда, әр оқырманның талғам таразы әртүрлі. Сәйкесінше шығарма жөнінде айтылатын пікір де сан алуан. Сондықтан біз назардан тыс қалдырған жерлерді оқырманның сәулелі санасына қалдырдық. Туындымен танысқан әр жан рухани құндылыққа қол жеткізеді деген ойдамыз. Сондықтан кітап оқудан еш жалықпаңыз!
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА