Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зор МАҚСАТ, МОЛ ҮМІТ

Зор МАҚСАТ, МОЛ ҮМІТ


Еліміздің түпкір-түпкірінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға арналған шаралар басталып кетті. Осы орайда барлық өңірде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, бірінің ізін бірі жалғап келеді. Қазақтың біртуар тұлғасының құрметіне арнап Бестам елді мекеніндегі №205 қазақ орта мектебінде КТА ұйымдастырылып, «Жазғы кубок» үшін ауыл жастары өнер көрсетті.

Ел мүддесі мен келешегін ойлайтын жастарды тәрбиелеуде Абай шығармашылығының алар орны ерекше. Сондықтан да ұлы жазушының мерейтойы қарсаңында өтіп жатқан шаралар әрбір жастың жүрегіне имандылықтың дәнін егіп, ертеңгі күні жемісін береді деген сенімдеміз. Даналықпен жазылған әрбір әріп жастардың бойындағы адалдық, Отанға деген махаббат, тағылымды тәрбие қалыптастырып, рухани шыңдайтыны анық. Мектеп мұғалімі Мұрат Қыпшақбаевтың ұйымдастыруымен өткен жастардың басқосуында ақынның өмір жолы туралы сөз қозғалып, шығармашылығы жайлы әңгіме өрбіді.
Жастардың жүрегіне жол таба білген көңілді шараның өтуіне ауыл әкімдігі және ауылдың жанашыр азаматтары Ғафур Қылышбаев пен Нұрлан Өткелбаев демеушілік жасап, мәрттік көрсетті. Ұйымдастырушылар:
– Осы шара арқылы ауыл жастары ақынның өлеңімен танысады, рухани байлығын молайтады, ауызбіршілігін арттырады. Жұмыссыздық – адамның ең басты жауы. Жастар әрбір уақытын тиімді пайдалана білуі қажет. Осы орайда бұл шараның орны ерекше. КТА – бүгінгі өскелең ұрпақтың қызығатын ойындарының бірі. Қысқа әрі жеңіл әзілдер. Біз кез келген нәрсенің өзімізге пайдалы жағын қарастыра білуіміз керек. Бір қарағанда жеңіл әзіл болғанымен, арасына қоғамдағы орынсыз олқылықты қосып, шындықты араластырып жеткізіп отырамыз. Екінші жағынан жастар көше кезіп, уақытты өлтіргеннен гөрі, алдағы ойындарға дайындалып, уақытын бірге өткізіп, өзара бауырмашылдығы артады. Ал бауырмашылық бар жерде тәртіп бұзушылық болмайды, – дейді.
Иә, кейде көп нәрсені өзімізге зиян көріп, жақтырмайтынымыз рас. Бірақ кез келген дүниенің жақсы тұсы болатынын естен шығарып қоятынымыз бар. Белсенділік танытып, демеушілік көрсетіп, жастарға тәрбиелік мағынасы бар шара ұйымдастырып жатқан азаматтардың бастамасы құптарлық. Алдағы уақытта бұдан да зор жұмыстарды қолға алып, ел игілігі мен ұлт мүддесі үшін аянбай жұмыстар жасала береді деген сенімдеміз.


Е.ДАТКЕНОВ
03 тамыз 2019 ж. 644 0