СЫРДЫҢ ЖҮЛДЕСІН ЖЫРМЕН АЛҒАН АРДАГЕРЛЕР
«Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Үлкенге құрмет көрсетіп, айтқан сөзіне тоқтап, құлақ асу да – қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі. Бүгінде аудан ажарын айшықтап жүрген ардагерлер қауымы зейнет жасына жетсе де қоғаммен тығыз байланыста болып, ұрпақ тәлім-тәрбиесіне айрықша үлес қосып келеді. Сан салада абыройлы қызмет етіп, мәртебелі зейнетін көріп отырған ардагерлеріміз түрлі байқауларда бой көрсетіп, үлгілі істері мен жүйелі жұмыстары жоғары нәтиже көрсетіп жүргені көңілге қуаныш ұялатады.
Жуырда ардагерлер тарапынан тағы да ақжолтай хабар жетті. Бойына байыпты біліммен қатар, өнерді қоса ұштастыра білген аудан ардагерлері киелі сахна төрінде ел мерейін өсіріп, аудан абыройын асырды. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, орайы келгенде әнді де айтып, қажет тұста ақыл-өнегесін аямайтын үлкендер қауымы көрегенділігін көрсетті. Көрермен көзайымы болып, құрметке бөленген зейнеткерлерімізді біз де басылым бетіне шығарып, көпке үлгі етуді жөн санадық.
Аудан ардагерлері Мемлекет басшысының «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Ардагерлер әуендері» атты әуесқой әнші ардагерлер арасында жеке ән орындаушылардың облыстық байқауында жүлделі орынды иеленіп қайтты.
Атап айтар болсақ, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев, Тұрсынбай Датқа ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрағасы, батыр ана Рахия Қожахметова, Жаңатұрмыс ауылының ардагері Дилара Оразымбетова Сыр елі композиторларының және халық әндері бойынша әуезді ән шырқап, халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Ұлы ақын, дана ойшыл Абай Құнанбайұлы «Әннің де естісі бар, есері бар» деп айтқандай, Тұрсынбай Датқа ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Батырхан Махановтың сүйемелдеуімен, табиғи дауыста қалың көрермен жүрегіне есті әндерді жеткізіп байқау белесін бағындырды.
Жарыстың қорытындысы бойынша, әділ қазы алқасының шешімімен Рахия Қожахметова бас жүлдеге лайық деп танылса, сыңғырлаған үнімен көпшілікті өзіне баураған Дилара Оразымбетова жүлделі ІІ орынды қанжығалады. Ал аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев арнайы жүлдеге ие болып, алқалы жұрттың алғысына бөленді.
Қазақ халқы ежелден-ақ қариясына қарап бой түзеп, көргендерін ой елегінен өткізіп, өмірлік азық еткенін тарих беттерінен оқып, біліп жүрміз. Аудандық Ардагерлер кеңесі де өңірдегі түйткілді мәселелерді шешу жолында аянбай қызмет атқарып келеді. Елдің әлеуметтік-саяси дамуы үшін түрлі салада, ақысыз, болашақ өскелең ұрпаққа сара жол салып, бұқара халық пен билік арасында алтын көпір қалыптастырды. Бабадан қалған дәстүрлі дара жолды жалғап, «зейнетке келдік, жасымыз келді» деп жантайып қалмай, ел игілігі үшін өнері мен өнегесін қатар алып, тынымсыз тер төгіп жүрген аяулы аналарымызға, асқар тау әкелерімізге Алладан ұзақ өмір, берекелі ғұмыр тілейміз.

М.ИБРАГИМОВ