Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Жақында Ұлттық домбыра күніне орай «Сыр Ұланы» лагерінде «Күмбірле, күй – домбыра» атты балалар арасында аудандық күйшілер байқауы өтті.

Бәріңізге мәлім, шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Асыл мұрамызды барынша қастерлеп, мереке етіп тойлаудың өзі тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор. Үн арқылы ұғысқан, күй арқылы табысқан қазақтың домбыраға деген құрметі мен ыстық ықыласы ерекше. Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы да көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға деп білеміз. Осындай ұлттық мейрамды аудан халқы елеусіз қалдырмады.
Аталған байқауға төрелік жасаған әділ қазылар құрамында Тұрсынбай датқа ауылдық клуб үйінің басшысы, күйші Батырхан Маханов, «Like school» өнер және спорт орталығының домбыра үйірмесінің жетекшісі Тобажан Рүстемов пен Алмалы ауылдық клуб үйінің музыка жетекшісі Ақжұма Жұмашева қазылық жасады. Байқауға 12 талапкер қатысып, бақтарын сынады. Сайыс қорытындысында қазылар алқасы күйдің қыр-сырын меңгерген, орындау табиғатын дөп баса алатын күйшілерді анықтады. Нәтижесінде бас жүлдеге Жөлек ауылынан Еркеназ Байтұрсын лайықты деп танылса, I орынды Алғабастан келген Мирасхан Әлмағанбет иеленді. Ал ІІ орын нартайлық Азамат Бөлеген мен Ш.Қодаманов ауылынан Мирас Дүйсеновқа бұйырса, ІІІ орынды Бәйгеқұмнан Әлия Шаһизада және сұлутөбелік Аружан Мақсұт алды. Сондай-ақ тамаша мереке тек ғана байқаумен шектеліп ғана қоймады. Әрі қарай «Ұлтымызды көкке өрлеткен домбыра» атты салтанатты шарамен жалғасты.
ҰЛТЫМЫЗДЫ КӨККЕ ӨРЛЕТКЕН ДОМБЫРА
Әрі қарай «Ұлтымызды көкке өрлеткен домбыра» атты салтанатты шарамен жалғасты. Мерекелік шара ауылдық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарынан құралған 80-ге жуық домбырашылардың керемет өнерімен басталды. Олар Құрманғазының күйі «Балбырауын», Халық күйлері «Кеңес», «Келіншек» және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін шертті. Одан соң алғы сөз «Сыр ұланы» лагерінің директоры Шолпан Байжанова мен Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Шарапат Төлеубайға беріліп, жиылған жұртшылықты «Ұлттық домбыра күнімен» құттықтады.
– Домбыра – ұлттық аспаптарымыздың бірегейі ғана емес, сондай-ақ қазақ тарихы және мәдениетімен бірге жасасып келе жатқан шанағы шежіре, ішегі ілім, тиегі тарих, құлағы қасиет, ағашы алтын қымбат мұрамыз. Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның шанағынан төгілген әрбір әуен, дархан даланың тарихын жырлайтындай, қазақ халқының кең пейілін бейнелейтіндей көрінеді. Баршаңызды тағы да Ұлттық домбыра күнімен құттықтай отырып, бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін, – деді лагерь басшысы Ш.Аяпбергенқызы.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ұласты. Міне, осылайша ұлттық домбыра ұлықталған күн өз деңгейінде жақсы өтті.

Айнұр ИБРАШ,
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (сурет)
10 шілде 2024 ж. 112 0