Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық домбыра ұлықталған күн

Ұлттық домбыра ұлықталған күн


Жұма күні ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Ұлттық домбыра күніне орай, аудандық мәдениет үйінде «Қазағымның үні сенсің, домбыра» атты домбырашылар арасында облыстық байқау өткізілді. Шараны Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Елімізде шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Ұлттық аспапты барынша қастерлеп, бұлайша мереке етіп тойлаудың тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор. Талай ақын-жырау жырына арқау еткен ұлық аспабымыз – күллі қазақ халқының кешегісі мен бүгінін айшықтап, келешегіне кемел жол сілтегендей. Қазақ – қайда жүрсе де, қолынан қасиетті домбырасын тастамаған халық. Көңіл күйін күмбірлеген күй арқылы ұқтырып, әуелеген әуезді әнмен әспеттей білген. Осындай ұлттық мереке біздің өңірде де жақсы тойланды. М.Шоқай алаңына жиналған домбырашылар бір леппен әйгілі күйлерді нақышына келтіріп орындауы жиылған жұртты бір серпілтіп, төл өнеріміздің мәртебесін асқақтатты.
Одан соң, алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Амантайұлы мерекеге жиылған жұртшылықты «Ұлттық домбыра күнімен» құттықтады.
Елдік рухты көтеріп, ұлттық санаға серпін беретін мұндай мереке ауданда жыл сайын өтіп тұруы тиіс. Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың болмысы. Халқымыздың тарихымен тамырлас қасиетті домбыра мерекесі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысты сақтау секілді ұлы мұраттармен астасып жатыр, – деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары.
Ұлттық аспап домбыраны жанына серік еткен күміс көмей әншілеріміз бен дәулескер күйшілеріміздің есімдері тарихта қалды. Атап айтар болсақ, Құрманғазы, Тәттімбет, Диналар күйді күмбірлете ойнап, ел жүрегінен орын алды. Осындай таланттардың текті өнерін жалғаған жыршы-термешілер бүгінде ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетін танытып келеді. Аталған байқауға төрелік жасаған әділ қазылар алқасының құрамында республикалық, облыстық күйшілер байқауының бас жүлдегері Батырхан Маханов, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің домбырашысы, «Күйшілер одағы» Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Айбек Жүсіпов, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, халықаралық, республикалық конкурстарының лау­­реаты Әділбек Тәшімовтар қазылық жасады.
Байқауда Қызылорда қаласы, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш, Жаңақорғаннан келген 12 талапкер бақ сынады. Әрине, байқауда бірі жеңіп, бірі жеңілері сөзсіз. Сайыс қорытындысында қазылар алқасы күйдің қыр-сырын меңгерген, орындау табиғатын дөп баса алатын күйшілерді анықтады. Нәтижесінде бас жүлдеге Шиелілік Дәулет Батырбаев лайықты деп танылса, I-орын қазалылық Арғынжан Әділбек, II орын шиелілік Жания Нұрлыбековаға бұйырды. III орынды қазалылық Асылхан Еркебұлан мен қармақшылық Айжан Тойбазаровалар еншіледі. Қалған қатысушыларға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Осылайша, санаулы адам жиылса да кеш өз деңгейінде өтті. Домбыраның сиқырлы үнін ұйып тыңдаған көпшілік қонақтарға гүл шоқтарын ұсынып, ықыласын танытты.

Шапағат Тілеубаев
05 шілде 2021 ж. 560 0