ОЗБЫРЛЫҚ ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ
Оқушылар арасындағы озбырлық әлімжеттік жайлы жазған мақаламды жалғастыруыма тура келді. Себебі мектеп оқушылары жазғы демалысқа шықты. Олар өздерін одан сайын еркін сезініп, ойларына келгенін жасағысы келіп тұратыны белгілі. Лагерьлерге бармаған балалар көзден таса болып қалмасына кім кепіл? Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарына ие болып, күнделікті қадағалап отырса дейміз.
Не болып барамыз осы? Оқушылар арасындағы әлімжеттік дегенді телеарнадан көруші едік. «Ана бала қиқар екен», «Мына бала сотқар екен», «ал әнебіреуі бұзық екен» дейтінді еститінбіз. Мұғалімдер де, ата-аналар да намысшыл болатын. Шәкіртінің жаман бала болғанын қаламайтын. Осылай, бұзық болма, ұят болады деген бірауыз сөзбен, оқушысын тәртіпке шақыратын. Баланың ата-анасын немесе туған-туыстарын үлкендер ортаға алып, «сілкілеп» алатын. Таяқтың бір ұшы мұғалімдерге де тиетін. «Балаң тәртіпсіз» деген сөзді естудің өзі ауыр болатын. Оны намыс көретін. Ұят санайтын. Қазір ол намыс пен ұятты ұмыттық па? Біздің бір кемшін тұсымыз, осындай оқиғалар орын алған соң барып кеш қарманып жатамыз. Қылмыс әлемінде профилактика деген болады. Ол қылмыстың алдын алу болып табылады.
Ауылдық жерлердегі учаскелік инспектор – қоғамдық тәртіпті сақтаудағы ең жауапты тұлға. Учаскелік инспектор қылмыстың алдын алуға қатысты жұмыстарды ұйымдастыру, әкімшілік қадағалау, жедел іздестіру, қылмысты ашу сияқты ең маңызды жұмыстардың бел ортасында жүретіні белгілі. Ол сондай-ақ мектеп оқушыларымен, яғни жасөспірімдермен, атааналармен, сынып жетекшілерімен, мектеп психологымен тығыз байланыста болып, жұмыс атқаруға тиіс. Олар сонымен қатар Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінің 442-бабының 2-бөлімінде көрсетілген жасөспірімдер түнгі сағат 23:00-ден кейін таңғы 6-ға дейін көшеде жүруге тыйым салынған, сондай-ақ осы баптың 1-бөлімінде түнгі сағат 22:00-ден таңғы сағат 6-ға дейін ойын-сауық орындарында, кафеде, мейрамханада, компьютер орталықтарында, канал бастарында ата-анасыз жүруге қатаң тыйым салынғанын білгендері жөн. Осы заңдылықты ата-аналар да білу керек еді.
Бала тәрбиесі – ортақ мәселе. «Түн мезгілінде көше кезіп жүрген кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары бар ғой, олар қайда қарап отырған?» деген заңды сұрақ туындайды. Баласының қайда, кіммен жүргеніне алаңдап, байланыс жасап, хабарласуына болмас па?! Әлде баласының қылмыс жасағанын күтіп отырған ба? Осындай бейқамдық жантүршігерлік қылмысқа әкеліп соқтырғаны өкінішті. Түн болды, бала қайда жүр? Кімдермен жүр? Үйде ме, жоқ па? Балаларға қадағалау болмаған. Бір сәт осы сауалдарға зер салып, бала тәрбиесіне мән бергенде, бұл оқиға болмас та еді.
Бала – тал шыбық. Қалай қарай қисайса, солай қарай өседі. Олардың опық жеп, теріс жолға түспеуін ойлағанымыз жөн. Әлі де кеш емес. Әлімжеттіктің тамырына балта шабуымыз керек. Өйткені жасөспірімдер арасындағы озбырлық аудан мектептерінде белең ала бастағандай көрінеді. Баланы бала ұрып өлтірген деген не сұмдық? Осындай оқиғаны сезгендей облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы да, аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы да «Ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар ауылдарға көшіп барып, елдің ортасында болсын, түн мезгілінде тосын оқиға болып қалса, ауыл тұрғындары осы екі тұлғаны іздейді» деп қаншама рет ескерту жасады. Аяғы не болды? Бүкіл ел болып ұятқа қалдық. Көрікті Шиеліні көріксіз еттік. Шарасыздықтан қаншама қызметкер жазаға тартылып, қызметтерінен босатылды. Соңғы кездері облысымыздағы мектептерде оқушылар арасында ауыр қылмыс жасау деректері жиі орын алып жүр. Соның басты көріністерінің бірі балалар мен жасөспірімдердің екі топ болып төбелесіп, бір-біріне әлімжеттік жасауы. Яғни жоғары сынып оқушылары өздерінен төмен сынып оқушыларын күш көрсетіп ұрып-соғу, ақша бопсалау. Айтқандарын орындамаса, бастан, беттен, іштен, жүрек тұсынан ұрып талдыру әрекетін жасайтын көрінеді. Естуімізше, (оқиғадан соң) бұл жағдай 2-3 жыл бұрын басталған.
Жоғары сынып оқушыларының қатыгездігі, жауыздығы, өз ауылының балаларын, ағайын-туысқандарын аямай ұрып-соғуы – адамгершілікке жатпайтын, түсініксіз қылмыс. Жасөспірімдер арасында кісі өлтіру. Біз кімдерді тәрбиелеп жатырмыз? Мұндай қайғылы оқиғалардың орын алуының астарында не бар? Бұл, ең алдымен, ата-аналар мен білім беру ұйымдары тарапынан балаларға жасалатын бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетсе керек. Әдетте, кәмелетке толмағандар қылмысқа итермелейтін фактор – оның әлеуметтік жағдайы, отбасындағы тәрбиенің кемшіндігі, әрі бұл мәселедегі ата-аналар жауапкершілігінің төмендігі деген ой-пікірлер айтылып жатады. Кім біледі? Себебі бүгінде ата-ананың қарауынан тыс қалған балалар аз емес. Бақылаусыз және өз бетімен кеткен жасөспірімдер де жетерлік.
Бала мектепте сабақ оқу керек, бос уақытында спортпен шұғылданып, өнер үйірмелеріне қатысып, мектебінің, ұстазының, әке-шешесінің абыройын асқақтатып жатса, бұл да бір мәртебе емес пе? Абай атамыз «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» десе, Бауыржан Момышұлы батырымыз «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деді. Ендеше, бізге қатаң тәртіп қажет. Бала біреуден қорқып, не сескену керек қой. Бұл келеңсіз жайт құқықбұзушылыққа барған оқушылардың іс-әрекеттерін жасыруға тырысуы да жақсылықтың белгісі болмай шықты. Өйткені қылмыс та аурумен, дертпен тең. Ал ауруын жасырған өлетінін ата-бабаларымыз баяғы заманда айтып кеткен жоқ па еді? Шиелі өңірінде бұрын-соңды мұндай көрініс болған емес. Өзімізді де кінәлі деп отырғаным сондықтан. Бұған халық болып, ел болып атсалысуымыз керек.
«Ештен кеш жақсы» дейді халқымыз. Бұл жағдай ата-аналар мен мектеп ұжымдарын және құқық қорғау органдарын ойландыратын сабақ болуға тиіс. Қауіп-қатер айтып келмейді. Мектептердегі ата-аналар комитеттері, қамқоршылық кеңестері, мектеп инспекторларымен қоян-қолтық жұмыс істесе, алынбайтын қамал жоқ. Мектептердегі әлімжеттік, оқушылар арасындағы озбырлыққа тыйым салмасақ, мұның соңы неге апарып соқтыратыны айтпаса да түсінікті. Оқушылар арасындағы қылмысты азайтудың не болдырмаудың басты жолы – бала тәрбиесіндегі бірлескен іс-қимыл болып қалары сөзсіз.
Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Фото: Егемен Қазақстан