ОТАНДЫ ҚОРҒАУ - БӨРІКТІНІҢ БОРЫШЫ
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні! Мерейлі мерекеде жыл сайын Отан тыныштығы үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген сарбаздарды марапат мінберіне мінгіземіз. Әрине, олар құрметке лайық! Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары «әскерге шақыру» десе, әккі әрекеттерге көшіп, сап түзеуден үркитін жастардың қатары артуда. Оған әшкере болып жатқан әскердегі әлімжеттікті себеп дейміз. Бірақ таразылай келсек, оның бір емес бірнеше себепсалдарын аңғаруға болады. Өйткені смартфонды шұқылап, виртуалды әлемнің әлегімен өскен әлсіз баланың қару асынуға қауқары жетпеуі бек мүмкін. Одан қалды ата-ананың бала біткенді асыра мақтап, еркелетуі де енжарлыққа бастап, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүруге тәрбиелеп жібергендей ме, қалай?..
ӘЛІМЖЕТТІКТІҢ БАСТАУЫ ӘРІДЕ
Негізінен әскердегі әлімжеттік өткен ғасырдың екінші жартысында өршіген. Бастапқыда Ұлы Отан соғысынан оралған майдангерлердің біразы әскер құрамында қалып, жеңістен кейін шақырылған жас буынға аға болып, ұрыс жүргізу тәсілдеріне баулыған, темірдей тәртіп орнатқан. Артынша, 1960 жылдары олардың орнын басқан соғыс көрмегендері де бұл дәстүрді қабылдап, өз білгенінше бұрмалап, жаңа шақырылғандарға әмір етудің бейресми қағидасына, жазылмаған заңдылығына айналдырып жіберген. Себебі ол кезде азаматтар 3 жыл бойы әскери қызметтен өткен. Нәтижесінде, жаңа шақырылғандар жеткенше, бұрын кіріскендер «қартайып» қалады: олар өздерін әбден ысылған, тісқаққан жауынгер санап, командирлер рұқсатымен жас сарбаздарға көрген-білгенін үйретеді. «Сабақ» үстінде әлімжеттік те қолданылады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әскердегі әлімжеттікпен күрес мақсатында өз Қарулы Күштеріндегі мерзімді әскери қызметке шақыру уақытын 12 айға дейін азайтып тастады. Бірақ жағдайдың түзелгені шамалы сыңайлы. Өйткені бүгінгідей жауынгерлердің өз-өзіне қол салуы Қарулы Күштерде әлімжеттік тамырына балта шабылмағанын көрсетеді. Мысалы, «Айқын» газетінде жарияланған деректерге сәйкес 2010 жылы әскерде 17 суицид оқиғасы тіркелсе, 2011 жылы бұл сан 21-ге дейін өскен. Бұдан бөлек, 2015 жылы – 11, 2016 жылы – 6, 2017 жылы 6 жауынгер өз өмірін өзі қиған.
Сол басылым келтірген тағы бір деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда 23 суицид тіркелген. Оның ішінде құқыққа қарсы іс-әрекеттердің 4 дерегі ашылған. Ал қалған жағдайларда сарбаздар арасындағы суицидтің себептері отбасылық және жеке проблемалардан туындаған көрінеді. Статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда 200-ден аса әскери өз-өзіне қол жұмсапты. Бұл дегеніңіз – жыл сайын 20-дан аса отбасы Отан алдындағы борышын орындауға кеткен оғландарынан айырылып, қайғыдан қан жұтатынын көрсетеді.
ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ ЖҮРУДЕ
Әскерге шақыру науқаны басталды дегенді естіген ата-аналардың түн ұйқысы төрт бөлінетін болған. Әскерге жарамды ұлдарының бас амандығын ойлаған олардың да жайын түсінуге болады. Өйткені ауық-ауық әскердегі әлімжеттік, соңы суицидпен аяталып жатқан ақпаратты көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұрын сарбаз болу жас жігіттің арманы еді. Қыздар да сарбаз атанбаған азаматтың етегінен ұстауға асықпайтын. Ал қазір әскер деген сөзді естігеннен елдің төбе шашы тік тұрады. Өкінішті...
Қазіргі уақытта көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Әзірге Шиеліден 55 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге құлық танытып отыр. Бұл туралы аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Р.Шарипаевтан хабарласып білген болатынбыз.
– Ер азамат ең алдымен елге қызмет етуді ойлайды. Ол үшін әуелі Отан алдындағы борышын өтеуге тиіс. Қолына қару ұстап көрмеген азамат, ел басына күн туған сындарлы шақта тез сынып қалуы мүмкін. Сондықтан да әр отбасында дүниеге келген ұлды қайсар әрі жігерлі етіп тәрбиелеу, оған өз борышын өтеуді парыз санау шаңырақтағы тәрбиеден бастап беріледі. Міне, сондай қайсар жігіттер бүгінгі күні өз еркімен сап түзеп, сарбаз атануға сақадай сай отыр. Мәселен, 22 азамат ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, 2 азамат ҚР Қауіпсіздік комитетінің күзет қызметіне, 31 азамат ҚР Қарулы күштерінде борышын өтемек, – деді.
ОТАНДЫ СҮЮ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Әскерге міндетті борышкерлердің статистикасын сараптасақ, 60 проценті енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 проценті жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 проценті ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Сондықтан да бұл күндері «Ұлымды қорғаймын» деп балаларымызды қорқақ, әлсіз, босбелбеу етіп тәрбиелеп жүрген жоқпыз ба? Осыны да ой елегінен өткізіп қойсақ қайтеді?
– Дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасындағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жастарымыздың патриоттық сезімі биік, күшқайраты толық, жігері жалынды болғаны жарасымды емес пе?! Жасыратыны жоқ, еліміз нарықтық экономикаға қадам басқалы азаматтардың көзқарасы да өзгере бастады. Патриоттық тәрбиені тұрмыстық сана ұмыттырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі жастардың рухани айырмашылығы жер мен көктей. 2005 жылға дейін отбасында бір бала болса да, студент болса да, 18 жасқа толғандықтан әскерге алып кететін. Қазір жеңілдіктер көп. 1-2 келі салмағы жетпесе, жарамсыз болып танылады. Қатарынан қалып қойған азамат келесі жолы әскерге баруға құлықсыз болады. Екіншіден, теледидардан қылмыстық топтар туралы кинолар жиі көрсетіледі. Әскери өмірден сыр шертетін дүниелер көп болса, жастардың ынтасы артар еді, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил.
Ал кент тұрғыны М.Әлжанова: «Менің балам өткен жылы әскерден аман-есен оралды. Қазір әскердегі әлімжеттік тиылған. Әскери қызметтегі ұлымның аман-саулығына көз жеткізіп отыру үшін арнайы ата-аналарға арналған «ватцап» желісінен ортақ чат ашылды. Сол жерде борышкерлердің күнделікті жағдайы айтылып, арасында телефонмен тілдестіріп те тұрды. Бұрынғыдай 1 жыл бойы балаңнан хабар алмай қорқыныш күн кешпейсің қазір. Сондықтан ұлдарымызды әскерге жіберуден қорықпайық» дейді.
ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ҚАДАМ
Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбазды замандастары: «Әскерде қалай екен? Ұрды ма? Баруға тұра ма?» деп сұрақтың астына алатыны белгілі. Міндетін мінсіз атқарып келген сарбаз Ә.Қасымбектің айтуынша, әскердегі уақыт үлкен өмірге нық қадам басуға оң ықпалын тигізген. –
Мектеп қабырғасында жүргенде тентектігім басым болды. Үйдің кенже баласымын. Кез келген істі ақылға салып, ойланып істемейтінмін. Жауапкершілікті терең сезінбедім, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кезім көп еді. Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Әділханның арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Ең әуелі ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін түсіндім. Уақыттың маңыздылығын білдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жағынан өзгертті. Отан алдындағы борышымды өтеуге барғаныма қатты қуанамын. Жастарға да әскерден қашпауға кеңес беремін. Ел болашағы – жігерлі жастардың қолында! – дейді Әділхан.
Түйін: Бүгінде әскерге шақырушылардың денсаулығынан бөлек, білімі мен біліктілігіне де сұраныс артып отыр. Себебі, ел әскері жаңа технологиялармен жасақталуда. Сарбаздардың компьютерлік біліктілігі, сауаттылығы мен кәсіби шеберліктері қажет. Жай ғана қару ұстап, жаттығудан бөлек, логикалық-интеллектуалды білімінің бар болуы заман талабына айналған. Бастысы – әр азаматтың бойында патриоттық рух болуы тиіс. Тәуелсіз еліміздің шегедей нық тірегі, құрыш қамал қорғаны – айбынды әскері екенін естен шығармайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ