Отанды қорғау – абыройлы міндет
Ер бала отбасының тірегі, елінің қорғаны, айбынды сарбаз болуы тиіс. Өйткені бүгінгі бозаң шақта жүрген бозбала ертең әскер қатарына қосылғанда елдің шетінде, желдің өтінде жүріп ел тыныштығын қорғайды. Ата-ананың аялы алақаны, жылы ұясынан шыққан жеткіншек «әскер» атты үлкен өмір мектебінде шыңдалады, шынығады. Темірдей тәртіп пен таңқаларлық төзімді талап ететін әскери өмір көк байрақ пен қалың жұртты кірпік қақпай күзету қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі саналады.
Елді қорғау – абыройлы міндет. Сол абыройлы міндетті адал атқару сайдың тасындай сапқа тұрған әрбір сарбаздың парызы. Ең бастысы «Отан қорғаушылар күні» дегенде көз алдымызға форма киген сарбаздар, қорғаныс істері қызметкерлері келеді. Алайда, елінің қорғаны болу – шенге не сап түзеген әскерге байланысты емес. Ең бастысы – Отанына адал, елін, жерін сүйген нағыз азамат болып қалыптасу. Әрине, айдыныңды тасытып, айбыныңды асыратын, батылдыққа, патриоттыққа байланысты.
Бүгінгі таңда Қазақстан әскери техникасы дамыған, қорғаныс қабілеті күшті, бейбітшілігі баянды мемлекет болып саналады. Тәуелсіздікке 30 жыл толса да, бүгінде әскерімізге барынша жағдай жасалып келеді. Қарулы Күштердің қабылеті күшті, айбыны асқақ. Соңғы жылдары Қазақстан әскерінде жұмылдыру резервін дайындау, әскери қызметке шақыртуды ұйымдастыру, келісімшарт бойынша әскери қызметті білікті мамандармен жасақтау мәселесі қолға алынып, жыл сайын Қарулы Күштер қатары нығайып келеді.
Бүгінде аудан бойынша 1995-2003 жылы туылған азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Шиелі ауданының Қорғаныс істері жөніндегі жасақтау бөлімінің мәліметінше, барлығы 42 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Осы күні 2 азамат мемлекеттік күзет қызметіне аттанып үлгерсе, ҰҚК шекара қызметіне 8 жігіт жіберілді. ҚР Қарулы күштеріне 32 сарбаз бар. Сондай-ақ 15 мамырдан бастап ҚР Ұлттық ұланы қатарын толықтыратын болады. Олардың басым бөлігі Тараз, Алматы, Ақтау қалаларына жіберілген.
– Ер азамат үшін әскер қатарында болып, қасиетті борышын өтеу – абыройлы іс. Осы тұста әскерге шақырылған жастарымыздың денсаулық жағдайы өкінішке қарай мәз емес. Хирургиялық жолмен емделетін майтабан дерті және омыртқаның қисаюы секілді ауру түрлері, көз ауруы мен жүйке жүйесінің жарамсызыдығы себеп болып отыр, – деді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Р.Шәрипаев. Былтыр жалпы екі мезгілде шақырту алған 160 сарбаздың бәрі әскери міндетін өтеген.
Шапағат Тілеубаев