Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарбаздар сәлемі

Сарбаздар сәлемі

Қайырлы күн, Шиелідегі жерлестерім! Мен Ғани Манатбаев Өскемен облысы, Шеманайха селосы №6699 әскери бөлімшесінде әскери борышымды өтеп жатырмын. Әскердегі өмірім бірқалыпты. Мен үшін Отан алдындағы борышымды өтеп, сарбаз атанғаным аз да болса елім үшін пайдамның тигені деп білемін. Негізі әскерге баруға бала кезімнен қызығатынмын. Әскердегі өмір – әр азамат үшін есте қалар жарқын шақтың бірі десек болатындай, сондықтан әрбір азамат әскердегі өмірді көру керек деп ойлаймын. Барша қазақстандықтарды «7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен» шын жүректен құттықтай отырып, егемен еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болуын тілеймін. Осы сәтті пайдалана отырып, Шиелі ауданы, Алғабас ауылындағы ата-анама, ағайын-туысқа, жора-жолдасқа және барша қазақ еліне жалынды сәлем жолдаймын!

Қадірлі Шиелі жұрты! Мен Әлібек Сарыбаев Жаңаөзен қаласы, «Ұлттық ұлан» №5548 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы міндетімді атқарып жатырмын. Мен үшін әскердегі өмір қаншалықты қиын болса, соншалықты тәжірибе жинаумен өтуде. Бала кезімде ағаларым әскерге барсаң, өмір көресің деген сөзді жиі айтатын еді. Бүгінде сол сөздің байыбына барғандаймын. Әскердегі ең маңызды кезең ант қабылдау болды. «Ел қорғау – ердің ісі» деген сөзді түсініп, мінезім мен жауапкершілігімді қалыптастыруға септігін тигізіп келеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, белгілі бір уақытпен жүруге қалыптастым. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, Шиелі ауданы, Ә.Тәжібаев ауылындағы ата-анама, бауырларыма, достарыма және барлық жерлестеріме сәлем жолдаймын!

Армысыздар Шиеліліктер! Мен Олжас Бөлегенов Атырау қаласындағы Қарулы күштер бөлімінде отан алдындағы борышымды өтеудемін. Ел қорғау – абыройлы міндет болғандықтан, абыроймен адал атқаруға бар күш-жігерімді салып жүрмін. Әскерде болған соң, өмірге тез бейімделіп, болашағыңды ойластырып, қадамдар жасай бастайды екенсің. Өйткені, әрбір қадамыңды жіті бақылап отырған ата-ананың жанынан жырақтасың. Шынында әскер есейіп, өмірге деген көзқарас қалыптасып, еліңнің арқа сүйер азаматы болып бейімделуге зор мүмкіндік жасайды. Маған үміт артып отырған Шиелі ауданы, Бестам ауылындағы ата-анама, аға-қарындастарыма, сыныптас достарыма және барлық жерлестеріме сәлем жолдаймын!
07 мамыр 2019 ж. 1 654 0