Сыбайластық – семинардың тақырыбы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың қабылданғанына 20 жыл толуына орай «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 20 жылдығы» тақырыбында семинар болды.
Ғасырлар бойы тамырын тереңге жайып, қаншама күреске тойтарыс беріп келе жатқан сыбайлас жемқорлық дерті көркейіп келе жатқан жас елімізді айналып өткен жоқ. Өкінішке орай, жүгенсіз кеткендерді құрықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, қанша жанның айласы әшкере болып, ел алдына ұятты болғанымен, бұл індеттен әлі күнге толық айыға алмай отырмыз.
Осы олқылықтың алдын алуға бағытталған шара барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұғман Жакудаев пен «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Маханбет баяндама жасап, жақсыны жарға жығатын ғасыр дерті жайында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрем деп, еңбексіз ақша табам деп, қолына кісен тағылып, өмірі өкінішке толы жандар жайлы айтып, бұдан барынша аулақ болуға шақырды.
Е.ДАТҚА.
Сурет автордікі.