Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ НЫШАНДАРДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛЫ МҰРАТ

ҰЛТТЫҚ НЫШАНДАРДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛЫ МҰРАТ

Үш жасқа енді аяқ басқан Дария теледидардан әнұранның даусын ести салып, оң қолын жүрек тұсына қойды да, бір орыннан тапжылмай тұра қалды. Сөзін жатқа білмесе де, арасында аузын жыбырлатып, әсем әуенге ілесіп қояды. Ішімнен «Балабақшада үйренгені шығар» деп топшыласам да, үйде де әнұранға бей-жай қарамағаны қуантты. Себебі, әнұранды тыңдағанда тұла бойындағы алпыс екі тамыры шымырлап, жүрек түкпірінде «қазақ» болып туғанына мақтанбайтын жан жоқ шығар, сірә!
Тек әнұран ғана емес, көгімізде желбіреп тұрған Ту мен кез келген ғимаратта айбыны асып тұрған Елтаңба да ерекше патриоттық сезімді оятады. Бұл сөзімізге ақын Алмас Ахметбекұлының «Елге оралып келе жатқанда «Қорғас» бекетінде желбіреп тұрған көк туымызды алғаш рет көрдім, шағын ғана шатырлы үй болатын, соның төбесінде тұрған туымыз желмен лапылдап, өз тілінде дыбыс шығарып тұрған сияқты көрінді» деген сөзі дәлел. Бұл тек ақынның ғана емес, Қазақстан Тәуелсіздігін алғанда алғашқылардың бірі болып, елге оралған қандасымыздың да пікірі болатын. Осындай керемет сезімнен кейін ақын «Көк тудың желбірегені, бақыттың елжірегені. Қиырда қалған қазақтың, Көзінің мөлдірегені» деп шабыттанып, қазіргі таңда барлығымызға белгілі «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазып шығарады. Осылайша 2000 жылы композитор Ермұрат Зейіпхан өлеңге ән арнап жазады. Ән Ибрагим Ескендердің орындауында күллі Алашқа жол тартады.
Әңгімемізге көк туды бекерден бекер арқау қылған жоқпыз. Біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі – мемлекеттік рәміздер. Ту, Елтаңба мен Әнұранның мазмұны біздің өткенімізді айшықтап, болашақтағы мақсатымызды айқындап тұрғандай. Аспан түстес көк Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – біздің мақтанышымыз, ұрпақтан ұрпаққа жететін – ұлттық мұрамыз. Осындай құндылықтарға қарапайым халықтың құрметін арттырып, келешек ұрпаққа насихаттау – басты мақсат. Мақсат дейміз-ау, парыз. Үлкен жол кішкентай қадамдардан басталатыны сияқты, осындай насихаттау шараларын балабақшадан бастағанымыз – құптарлық іс. Бірақ қазіргі таңда, барлық жауапкершілікті балабақша мен мектепке тапсырып қоятын ата-аналар да жоқ емес. Сондықтан үйде де әр ата-ана Мемлекеттік рәміздердің маңызын балаға үйретіп, олардың ел үшін қандай рөл атқаратынын түсіндірсе, құба құп. Әлгінде айтқанымыздай, «Көк тудың желбірегені» немесе Әнұранды тыңдаған бала бойында міндетті түрде еліне деген сүйіспеншілік оянатыны анық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы» дегені бар. Бұл сөздің тереңіне үңілсек, тұжырым алатын нәрсе көп. Жаңа ұрпақ аға буын өкілдері көрген қиыншылықты көрмеді, сезінбеді. Бірақ ол тарихта ешқандай тар жол, тайғақ кешулер болмады дегенді білдірмейді. Сол себептен жаңа ғасыр ұрпағына осы мемлекеттік рәміздерді тәуелсіздіктің нышаны ретінде таныстырып, бағасын арттырып отыру керекпіз. Расында, ұлттық рәміздер – халқымыздың рухын, салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үміті мен арман-тілегін жеткізетін ерекше белгілер. Ешқашан естен шығаруға болмайтын тағы бір ақиқат бар. Ол – мемлекеттік рәміздердің тек образ ғана емес, әдемі бейне ғана емес, тәуелсіздіктің символы екендігі. Рәміздер қараған жанның жандүниесіне ізгі сезімді сіңіріп, ақыл-ойын дарытып, ел үшін еміреніп, жұрт үшін жұмылып жұмыс істеуге қызмет етеді. Осылайша тәуелсіздігіміздің алтын күмбезіндей болған мемлекеттік рәміздердің мәртебесін биікке көтеретін – өзіміз.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

04 маусым 2024 ж. 101 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (9237)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (9236)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (9235)

07 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30