Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚТЫҢ СҮЙІКТІ ДӘРІГЕРІ

ХАЛЫҚТЫҢ СҮЙІКТІ ДӘРІГЕРІ

Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагері Смайыл Сейітназарұлы Кәрімбаев тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді... Ақ халатындай ақ адал антына дақ түсірмеген дәрігерді еске алып, 7 маусым күні Шиелі ауданында әруағына Құран бағыштап, ас беріледі. Смайыл ағамыз жайлы баспасөз беттерінде әр түрлі авторлардың жүздеген мақалалары, жазушы, журналист Мұрат Күлімбетовтың «Аңызға айналған адам» атты кітабы жарық көрді. Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында дәстүрлі түрде футбол ойынынан С.Кәрімбаев атындағы турнир өткізіліп тұрады. Әрине, өмір өзен... Өкінішке қарай ол кісімен әріптес, дос, бауыр болып елге қызмет жасаған ағаапаларымыздың қатары сиреп барады... Дегенмен, олар арамызда әлі де бар. Ол кісілерге мықты денсаулық пен ұзақ өмір тілейміз. Осы орайда ардақты ардагерлеріміздің аңыз адам атанған С.Кәрімбаев жайлы естеліктерін жариялап, өскелең ұрпаққа адамдық пен өз ісіне деген адалдықты үйретер таптырмас тәрбиенің бір парасын ұсынбақпыз.

Рахым Мауяев, еңбек ардагері: Сәкең, әрқашан ашық жұмыс істеуді қалады. Бәлкім, ол өзіне, сонымен қатар аудан басшылары алдындағы тазалығы мен беделіне сенгендігі де болса керек. Осы ұзақ жылдар қызметтес болған кезімде мен Смайыл ағаның халық алдында зор беделге ие екенін, ұжым мүшелерінің сүйіктісі, сенімді серігі, арқа сүйер асқар тауы, корғаны екенін байқадым. Сәкең үшін олардың қандай да болсын іске батыл бара алатынын және жұмыс барысындағы жәйттерді жасырмай ашық айта алатынын көрдім. Бұл жетістікке С.Кәрімбаевтың адалдығы, бейнеткештігі, ашықтығы, ең ауыр оталарды өзі жасап, барлық жауапкершілікті өз мойнына ала алатын батылдығы, кызметкерлермен ара-катынастағы ұстамдылығы және байсалдылығы, қамқорлығы, әсіресе өте қарапайымдылығы басты себеп болды деп есептеймін. Дүниеқұмарлық, пайдакүнемдік оған жат еді. Ол адамды емдеуді, ажалға ара түсуді ғана білді. Барлық ықыласы жұмыста болатын-ды. Сәкең 50-ге толғанда шағын ғана той өткізіп, оны атап өтті. Халық депутаттары аудандық кеңес аткару комитеті оған «Москвич» жеңіл автокөлігін беру жөнінде шешім шығарады. Смайыл аға сол автокөлікті алмады. Араға біраз уақыт салып автокөліктің жайын сұрадым. «Ақша жоқ» деп қысқа қайырды. «Оу, Сәке інілеріңіз бар емес пе?» деп мен де шұқшия түстім. «Пусть сами заслуживают» деді де, сырт айналып жүре берді. Мен ағамды ренжітіп алдым-ау деп соңынан барып кешірім сұрадым. Ол маған: «Мен дүние қуған адам емес екенімді білмеуші ме едің?» деп жүзіме танырқай қарады. Сол жылдардың өзінде кеңсе жағалап ұлына немесе қызына автомашина, пәтер сұрап жүрген, өзін тәуір санайтын талай жанды көріп жүргенімді тілге тиек еттім. Ол мұндай адамдарды қаламайтынын айтты. Есіме түскен осы жәйт, оның қаншалықты адал адам екенін білдіріп тұр.

Өркен ИСМАИЛ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі : Иә, «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді дана халқымыз. Ағамыз Шиелі аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы, аурухананың бас дәрігері болып, 30 жылдан аса еңбек етті. Халықтың сүйікті дәрігеріне айналды. Ол өзінің кәсіби біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті арқасында кұрметке бөленді, үлкен беделге ие болды. Аудан көлемінде денсаулық сақтау саласына басшылық жасаған ол, емдеу мекемелерінің өсуіне, оларды жаңа медицина құралдарымен жабдықтауға, жас мамандарды тәрбиелеуге баса назар аударды. Жергілікті кадрларға байыппен қарады, олардың мамандықтарын жетілдіруге зор еңбек сіңірді. С.Кәрімбаев өзін үлгі-өнеге, тұлға ретінде ұстады. Солай болды да. Аудандык «Өскен өңір» газетінде редактор кезім. Дәрігерлер күніне орай Сәкең ағамыз жайлы мақала бермек едім. Халық суретін көріп, куанып қалсын деген оймен өз атындағы көшеде тұратын ағаның жан-жары Төлтай апамызға бардым. Апам сурет-альбомдарды ақтарып, «мына бір-ақ суреті қалыпты. Ағаң қызық адам еді ғой. Суретке түспейтін. «Оған уақытым жоқ» дейтін. Бұл да болса, оның айтып отыратын қасиетіне айналды. Суретті өзің әкеліп берерсің» деді, Төлтай апам қимастықпен. Жақсы адамдар қашан да халықтың жадында қалады екен. «Жақсының аты өшпейді» демекші, оларды ұмыту мүмкін емес. Олар туралы естелік жазу да жан рахаты. Смайыл Кәрімбаев ағамыздың рухына бас ие отырып, жаны жәннатта болсын, ұрпағы, отбасы мен әулеті аман болсын деймін.

Болат КҮЛІМБЕТ, денсаулық сақтау саласың ардагері: Смайыл көкеміз мені жұмысқа тұрған кезімде Қарғалыға ертіп әкелді. Ол кезде 25-тен енді аса бастаған кезім. Мұнда «неге келдім, неге әкелді, нені меңзеп айтты?», осылардың бәріне ден қоймаппын. Бірақ сол ауылға тек дәрігер ғана болып қоймай, мәдени жұмыстарына да етене араластым, көптеген спорт секцияларын ашып, аудандық жарыстарға команда әкеліп, жүлдегер ғана емес, спорттың кей түрлерінен ауданда І орын да алып жүрдік. Кейін есейе келе сол кездерді еске алсам, мені шалғай Карғалы елді мекеніне жіберу арқылы әрі сынағаны, әрі тәрбиелегені екен. Шын мәнінде, қиналған сәттерімде хабарлассам, маған әкелік камғорлығын, ағалык міндетін жан-тәнімен орындап, ақыл-кеңесін аямайтын еді. Кейде осы Болат қиналып жүр ғой деп аудандағы білікті дәрігерлерді 1-2 күнге тәжірибелік көмек көрсетуте жіберетін. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай атамыз айтпақшы, үлкенге ізет, кішіге ағалық аялы алақанын жайып ілтипат көрсетуі, панасызға пана болуы дәрігерлік үлкен жүрегінің қасиеті еді. Мен ол кісіден тәрбие алып, шәкірті болғанымды мақтан тұтамын.
Мақсұт ИБРАШЕВ

01 маусым 2024 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9234)

03 қыркүйек 2024 ж.

№69 (9233)

30 тамыз 2024 ж.

№68 (9232)

27 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30