ТАПТЫРМАС КӘСІП ИЕСІ
Аудан экономикасын еселейтін саланың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік бағыты. Қазіргі уақытта бұл бағытты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау барынша қолға алынып, жеңілдіктер де қарастырылған. Аудандық кәсіпкерлік палатасының берген мәліметі бойынша, ауданда жалпы саны 7000-ға жуық кәсіпкер тіркелген. Оның 4000-ға жуығы жеке кәсіпкер. Олардың ішінде шаштараз және әсемдік салондары, саудасаттықпен, ауыл шаруашылығымен, фибробетон өнімін өндірумен, кондитерлікпен, наубайханашылықпен айналысатын кәсіпкерлер де бар.
Әсіресе, жастардың кәсіпкерлікке ықыласы ерекше екені көңіл қуантады. «Жас келсе, іске» демекші, уақытты босқа өткізбей, тәуекелге бел байлайтын жастарды көргенімізде марқайып қалатынымыз рас. Солардың бірі – Нұрхан Алмасұлы. Бүгінде ол үйдің қасбетін әрлейтін фибробетон өнімдерін шығарумен айналысады. 25 жастағы жас кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 8 млн 600 мың теңге несие алып, жұмысын наурыз айында бастаған. Расында ескіні жаңа етіп, ғимараттарды ажарландыра түсетін түрлі-түсті панель жабындыларға сұраныс өте жоғары. Аудан тұрғындарының көпшілігі Нұрханды жиі іздеп келеді. Себебі өз ісіне, тиянақты, жауапкершілікпен қарайды. Ендігі мақсаты – кәсібін өркендетіп, алдағы уақытта аудан орталығынан үлкен цех ашуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде 10 нысанды фебробетонмен қаптап шыққан. Сондай-ақ үйінің ауласында ашылған цехта 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Жалпы фибробетонды дайындау – ерітіндіні арнайы формаларда араластыру процесінде талшықты біркелкі созатын қуатты электромагниттің көмегімен жүзеге асырылады. Материалдың негізгі бағасы – 2500 теңге. Жарамдылық мерзімі – 30 жыл. Өнімді өндіргенде оның сапалы болуына және құрамындағы заттарына аса мән беріп қараймын, – дейді кәсіпкер.
Осылайша еңбекке, сүйікті ісіне жанын арнаған нағыз еңбекқор Дәулет халыққа пайда тигізуі үшін аянбай тер төгуде. Ерекше кәсіпті шыр айналдырып отырған кейіпкеріміздің іскерлігі көпшілікке үлгі болары сөзсіз.
Айнұр ИБРАШ