Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "АУЫЛ АМАНАТЫ" ӘЛЕУМЕТКЕ ӘЛ БЕРЕДІ

"АУЫЛ АМАНАТЫ" ӘЛЕУМЕТКЕ ӘЛ БЕРЕДІ

Елімізде ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызды саласы саналатын мал шаруашылығы қазақтың ежелден дәстүрлі кәсібі ретінде жыл санап өркен жайып, дамып келеді. Төрт түліктің аймаққа етене жақын түрі мүйізді ірі қара мен қой малын өсірушілерге мемлекеттік қолдау кеңейіп, селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізуге көңіл бөлінуде. Кәсіпкерлерге ет өндіруге байланысты мемлекеттік субсидия беріліп, мал өсіруге қызығушылық артып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
– Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қатысты жағдай жасалуы тиіс, – деген болатын.
Бүгінде Шиелі ауданында мал шаруашылығын асылдандыру бағыты жүйелі жолға қойылып, ірілі-ұсақты шаруа қожалық саны 700-ге жуықтаған. Нәтижесінде, асылтұқымды мүйізді ірі қара саны 2171 басқа, асылтұқымды қой малының саны 6000 басқа, асылтұқымды түйе саны 367 басқа, асылтұқымды жылқы саны 281 басқа жеткен.
Елдің экономикасын дамытып, ауыл шаруашылығына «Ауыл аманаты» жобасының тигізер үлесі басым. Бұл жоба кәсібімді дамытсам деген шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау болғаны анық. Бағдарлама арқылы сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы жобалар қаржыландырылып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасы әлеуметтің табысын арттыруға, аграрлық бизнесті түлетуге, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Жоба аясында 2,5 процентпен несие алып, 5 жыл көлемінде және мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы бойынша кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Айта кетейік, несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Жобаға аудан тұрғындарының да қызығушылығы басым. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. Солардың бірі – Жуантөбе ауылының тұрғыны Сайлаубек Ағзамұлы.
Асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді әрі қолайлы екенін айтуда. Оның сөзінше, өткен жылы Жамбыл облысы, Шу қаласынан 50 бас қойды асыл тұқымды қошқарға асылдандыру мақсатында будандастырып алып келген. Бүгінде мал басы төлдеп, саны артып отырғанын жеткізді.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 4 млн несие алдым. Алғашқы жылдары кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып, тек алған несиенің пайызын ғана төледік. Сонымен Жамбыл облысы, Шу қаласында орналасқан «Ғани» шаруа қожалығынан 80 мың теңгеден 50 бас аналық қой әкелдім. Қазір 48 бас қой төлдеп тұр. Алдағы уақытта асыл тұқымды қой санын көбейтіп, қошқарлар шығаратын боламын, – дейді кәсіпкер.
Иә, ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі. Ауылдың көсегесін көгертуді көздеген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тиімді жағдай ұсынылып отыр. Тек соны сапалы түрде жүзеге асырып, әрмен қарай түлетіп, шаруасын ширатамын деген азаматтарға бұл жоба таптырмас мүмкіндік болмақ.

Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ

04 мамыр 2024 ж. 242 0