Қылышбек фибробетон өнімін өндіреді
Еліміздегі құрылыс нарығы қазіргідей қарқынды дамыған тұста заманауи құрылыс материалдарынан жасалған отандық өнім жетіспеушілігі айқын көрініп отыр. KazDataInsider порталының мәліметтеріне сүйенсек, жалпы отандық өндірушілердің 15 пайызы құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Дегенмен бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел үшін тым аз көрсеткіш. Ахуалды өзгертудің ең тиімді жолы – инновациялық, бәсекеге қабілетті өнім әзірлеу және импорттың орнын басатын өнім өндірісін жолға қою.
Шиелі ауданы ерекше кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерден кенде емес. Соның ішінде тәуекелге бел байлап, уақытты босқа өткізбеуге тырысқан жастардың легі жасаған еңбектің еш кетпейтінін түсінеді. Солардың бірі – Қылышбек Айтбай. Ол бүгінде үйдің қасбетін әрлейтін фибробетон өнімдерін шығаратын цех ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер.
Шиелі ауданы ерекше кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерден кенде емес. Соның ішінде тәуекелге бел байлап, уақытты босқа өткізбеуге тырысқан жастардың легі жасаған еңбектің еш кетпейтінін түсінеді. Солардың бірі – Қылышбек Айтбай. Ол бүгінде үйдің қасбетін әрлейтін фибробетон өнімдерін шығаратын цех ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер.
25 жастағы Ортақшылдың жігітін көрші аудандардан ғана емес, түркістандықтар да жиі іздеп келеді. Ескіні жаңа, сұрықсыз ғимараттарды ажарландыра түсетін түрлі-түсті панель жабындыларға расында сұраныс жоғары. Алайда есік алдынан басталған шағын кәсібі көп сұранысты қанағаттандыруға қауқарлы емес. Енді ғана өрлей бастаған кәсібін өркенкетуді ойлаған Қылышбек алдағы уақытта аудан орталығынан үлкен цех ашуды жоспарлап отыр.
– Қазіргі таңда Ортақшылдағы цехта 2 адам, кент ішінде 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бұл кәсіпті өткен жылдың тамыз айынан бастадым. Осы уақыт ішінде 25 нысанды фибробетонмен қаптап шықтық. Материалдың бағасы – 2500 теңге. Өнім сапалы шығу үшін құрамындағы заттарға баса мән беремін. Фибробетонның жарамдылық мерзімі – 30 жыл, – дейді кәсіпкер.
Сәт сайын бір жаңалық шығатын қазіргі заманда ерекше кәсіп ойлап табу қиын-ақ. Ал шығарған өнімді өткізу тағы бар. Ортақшылдық Қылышбек Мәжитұлы бұл мәселенің барлығын алдын ала саралап, халыққа қажетті дүниені сараптаған. Осылайша жаңа кәсіп ашып, өз ісін өрге домалатуда. Бұйырса Шиеліден үлкен құрылыс цехы ашылса, ауданның да әлеуеті арта түсер ме еді...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ