Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРДІ

ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРДІ

Сейсенбі мен бейсенбі күні аудан әкімі Н.Сәбитұлы мен ауыл әкімдерінің есеп беру жиыны Керделі, Жуантөбе, Бестам, Телікөл, Ақтоған, Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл елді мекендерінде жалғасын тапты. Есепті кездесуге Шиелі аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, дербес мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Сондай-ақ кездесуде аудан прокуроры Н.Қаратаев жасөспірімдердің қауіпсіздігі, алаяқтық қылмыстардан сақтану тақырыптарына арнайы баяндама жасады.
КЕРДЕЛІГЕ ӘКІМДІК ҒИМАРАТЫ КЕРЕК
Жиынның алғашқы отырысы Керделі ауылдық округінде басталды. Ауылдық мәдениет үйінде өткізілген есеп беруде кездесуге жиналған халықтың қарасы қалың. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Жергілікті билік – халыққа барынша жақын болу керек» деген пәрменін орындаған әкімдік қызметкерлері, бүгінде есеп берудің жаңа форматын қалыптастырып, әдеттегі кездесулерден бөлек ашық түрде өткізуде.
Мақаламызда әкімдердің баяндамасын қайта жазып, жаттанды сандарға тоқталмай, одан кездесуде көтерілген маңызды мәселелерді тарқатсақ дейміз. Керделіде өткен жиында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша бір реттік көмек мәселесі көтерілді. Осыған байланысты аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшысы 2017 жылдан бастап бұл бір реттік көмек тоқтап тұрғанын және берілетін көмек жергілікті бюджеттің шама-шарқына қарай шешілетін айтты. Ал аудан әкімі Н.Сәбитұлы биыл 2017-2018 жылдарға арналған төлем мәселесін мүмкіндігінше шешуге күш салатынын жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар қатарында Әуезов көшесі де бар. Жүк көліктері көп жүретін көше бойына жаяу жүргінші жолы салынса мектеп оқушылары үшін қауіпсіз болатынын айтып, назарға алуын сұрады.
Жиын барысында «Ауыл әкімдігіне дербес жаңа ғимарат соғылса және мектепке «көгілдір отын» кіргізілсе» дейді ауыл тұрғындары. Бұдан бөлек аудан әкімі Н.Сәбитұлы Керделі ауылдық округі әкіміне атқарып жатқан жұмыстарды жүйелеу керектігін ескертіп, аталған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді.
ҚОС АУЫЛДАҒЫ ТІРШІЛІК
Әрі қарай халықпен жүздесу Алғабас пен Бестам ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Жиында алғабастықтар «Батыс Еуропа» жолының бойына күріш егіп жатқан шаруалардың жұмысын сынға алып, шағымдарын айтты. «Ауыл тұрғындары қолданатын жайылымдық жер еді. Қазір күріш егуде. Шеткі үйлермен арасы 30-ақ метр. Ыза суы шығып, малымыз есік алдынан әріге аса алмай қалды» десе, егін егіп отырғандар «қайта бұл егіндік ауыл малдарының жайылымдығына қолайлы, қыс бойы ауыл малы осы егіндікте жайылып жатты» дейді. Сонымен қатар ауылда жеке кәсіпкер салған емханада жылу жүйесінің дұрыс еместігі тілге тиек етіп, талапқа сай жаңа емхана салып беру мәселесін көтерді.
Ал Бестам ауылының тұрғыны, көпбалалы ана А.Мәзенова «ауыл әкімін халық болып сайлағалы, ауылымызға табиғи газ келіп, енді емхана салынғалы жатыр. Осы секілді маңызды жұмыстарды атқарып келе жатқан аудан әкімі Н.Ахатов пен ауыл әкіміне алғысымды білдіремін» деді.
Жалпы Бестам ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігінде өркениетке деген ұмтылыс бар екені көрініп тұр. Оны ауыл әкімінің халыққа берген есебі мен тұрғындардың пікірінен де байқадық. Дегенмен, осы ауылда учаскелік полиция тұрақтамай тұр. Соңғы 3 жылда 3 инспектор полициясы келіп-кеткенін, қазір ауылда учаскелік полиция немесе сарбаз жоқ екенін жеткізді.
ТЕЛІКӨЛГЕ СПОРТ КЕШЕНІ КЕРЕК
Келесі бағыт Телікөл ауылдық округі. Бұл ауылда да осы жылдың І жартыжылдығындағы атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған мақсат-міндеттері айтылды. Аудан әкімі өңірдегі оң өзгерістер мен жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауылдың жағдайы мен халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесі үнемі басты назарда екенін атап өтті. Одан соң ауыл тұрғындарымен сұрақ-жауап алмасуға кезек берді. Ауыл тұрғындары көтерген мәселелер өзекті һәм халық үшін аса қажет екенін аңғардық. Балаларға спорт түрлерімен шынығатын арнайы спорт кешенін соғу және ауылдағы 8 көшенің тек 4 көшесі асфальтталғанын айтып, қалған көшелерге де асфальт төселсе деген талап-тілектерін білдірді. Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, жергілікті полиция бірнеше ауылда қызмет атқарып, керек сәтінде таба алмай қалатын сәттер болатынын жасырмады. «Өзіміздің ауылдан шыққан бала деп, ауданнан арнайы сұрап алғанбыз. Басқа ауылдарды қойып, ауылда отырса дұрыс болар еді. Қазіргі уақытта Алғабас, Бестам, Телікөл ауылдарында жұмыс жасап жүр» деп мәселе көтерді. Бұл көтерілген ұсыныстар бойынша тиісті мамандар кадр тапшы екенін айтып, амалсыздан қосымша ауылдарды бекітіп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары арасында алаяқтың арбауына түсіп қалғандар бар. Халықпен кездесу жиынын күткен Баян есімді ауыл тұрғыны қыруар қаржысынан айырылып отырғандарын айтты. Шиеліде алаяқтықпен айналысқан әйел адам 1 млн 950 мың теңгемді алғаны туралы арыз жазған болатынмын, сот орындаушысына өтіп, шешім шықты. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай шара болмай тұр» деп, осы істі тиісті мамандар қолға алса деген тілегін білдірді.
ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ЖЕТПЕЙДІ
Сәрсенбі күнге жоспарланған жиындар Ақтоған ауылында қорытындыланды. Кездесуде аудан әкімі Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы қысқаша баяндап, жоспарланған және атқарылған жұмыстар жайын түсіндірді. Өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің оң шешімін тауып, іске асып жатқан жұмыстарға ауыл тұрғындары ризашылықтарын айтты. Ал жиында тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселе жайылымдық жердің тапшы екені сөз болды. Бірақ осы кездесу барысында аталған мәселе тұрғындар мен шаруашылық иелері арасында ауызша келісім негізінде шешілетіндігі түсіндірілді. Кездесу соңында ауыл ақсақалы батасын беріп, елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға толағай табыс тіледі.
ТАЛАПТАНДЫҚТАРДЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Аудан әкімінің ауыл халқымен кезекті есептік кездесуі бейсенбі күні Талаптан ауылдық округінен басталды. Мұнда көтерілген алғашқы мәселе – аумақты жайлаған кенелерге қатысты болды. Зиянкестер санының биыл күрт өсуі тұрғындарға біраз қиындық тудыруда.
Сонымен қатар ауылдың шеткі көшелеріне тас төсеу, тозығы жеткен трансформаторларды ауыстыру, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысын қайта жандандыру мәселелері сөз етілді. Аудан әкімі аталған тақырыптар бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді. Халықаралық маңыздағы автомагистралды жергілікті жүк көліктерінен ұсталатын жолақы мөлшерін азайту мәселесі де сөз болды. Жауапты бөлім басшысы Ғабит Аманжолов ауылға қатынайтын бағыттың «әлеуметтік бағыт» деп танылып, тасымалдаушының жол шығынын өтеуге субсидия қарастырылғанын, дегенмен Талаптан мен аудан орталығына жолаушы тасымалдауға ниет білдіруші кәсіпкерлер табылмай жатқанын айтты.
Жыл басында пайдалануға берілген амбулаторияға дәріхана орналастыру ісі тұрғындардың келесі тілегі болды. Бұдан бөлек ауыл көшелерінде кәмелетке толмағандардың көлік тізгінінде отыратыны белгілі болып, ата-аналар тарапынан оларға ескерту жариялау ұсынылды. Тұрғындардың талап-тілегі толық тыңдалды. Ауыл халқы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, ақсақалдар ақ батасын жолдады.
БӘЙГЕҚҰМДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР
Бұдан кейін аудан әкімі Бәйгеқұм ауылдық округі тұрғындарымен жүздесті. Бәйгеқұмда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойына түнгі жарықшамдарын орнату және ауыл ішіндегі жарықшамдар мен электр бағаналарын қалпына келтіру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ ауыл балаларына жайлы жағдай жасау үшін оларға ойын алаңдарын салу, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жаңадан жедел жәрдем көлігін алу тақырыптары қозғалды. Аудан әкімінің сөзінше, биыл бұл мәселе төңірегінде аймақ басшысының бастамасымен жедел жәрдем көліктерін аудандарға лизинг бойынша алып беру көзделіп отыр.
«Хан қожа» көлін жағалай қоныстанып, маусымдық кәсіпке бейімделген тұрғындар салыққа тіркелу, белгіленген жердің нысаналы мақсатын кәсіпкерлік бағытқа өзгерту мәселесін көтерді. Аудан әкімі бастаған жұмысшы топ ауыл халқының қажеттіліктеріне құлақ түріп, ұсыныстардың қараусыз қалмайтынын атап өтті.
Жиында атқарылған жұмыстармен қатар бала тәрбиесі мәселесінің өзектілігі, әрбір тұрғынның олардың амандығына жауапты екені айтылды. Сондай-ақ кездесуде аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев жасөспірімдердің қауіпсіздігі, алаяқтық қылмыстардан сақтану тақырыптарында арнайы баяндама жасады.
БАЛАБАҚША БОЙ КӨТЕРЕДІ
Келесі халықпен кездесу Жөлек ауылында жалғасты. Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы ауданда болып жатқан оң өзгерістер мен жаңадан бой көтеріп жатқан нысандарға тоқталды. Ауыл тұрғындары тарапынан осыған дейін айтылған балабақша ғимаратын салу мәселесін көтерді. Аталған сұраққа қатысты аудан әкімі «аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қанат Сәулебековпен арнайы келісім бар екендігін, кәсіпкер балабақша ғимаратын салуға ниет білдіргенін атап өтті. Бұл арқылы уақыт та, мемлекет қаржысы да үнемделетін болады. Сондықтан алдағы уақытта демеушілер есебінен салынатын жұмыстарды күшейтудеміз» дейді.
Тұрғындар сонымен қатар жөлектіктер тұтынатын ауызсу таза болмай тұрғанын және ауылға спорт кешені қажет екенін жеткізді. «Ауылда спортқа қызығушылық танытқан жастар көп. Сол азаматтарды қолдау мақсатында жаңадан спорт мектебін салса, үлкен жарыстарға шығуға мүмкіндік алар еді» дейді ауыл ардагері.
Келелі кездесуге арнайы қатысқан аудан прокуроры Н.Қаратаев жиналған жұртшылыққа жасөспірімдердің қауіпсіздігі туралы, түнгі мезгілде көшеде жүрмеуін қатаң бақылауда ұстауды ескертті. Бүгінде өзекті болып отырған алаятық қылмыстардан сақтану тақырыптарында баяндама жасады.
ОРТАҚШЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ КІРЕДІ
Одан әрі аудан әкімі Н.Ахатов Ортақшылға табан тіреді. Ауыл мектебінің мәжіліс залына жиналғандардың жүздерінде қуаныш бар. Неге дейсіз ғой? Себебі, ортақшылдықтар үшін биыл ең қуантарлық жағдай, ауылға табиғи газ жүйесі жүргізілмек. Бұл туралы аудан әкімі баяндамасында атап өтті. Сонымен аталған ауыл газға қосылғаннан кейін Шиелі ауданының газбен қамтылу деңгейі 80 пайызды құрайды.
Кездесуге жиналған тұрғындар да талаптілектерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Ортақшыл мен Жансейіт елді-мекендерін жалғайтын автожолдың соңғы жылдары әбден тозығы жеткендігін айтып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілсе дейді. Бұл мәселе бойынша тиісті мамандар алажаздай жолдың екі жиегінде ыза су көтеріліп тұратындықтан, жол бір жылға жетер-жетпес қайта бастапқы күйіне түсетіндігін, алдымен тас төсеу арқылы жолды биіктетіп, асфальт жабындысы төселу керектігін айтты. Аталған жоба көп қаржыны қажет ететіндіктен бұл жолдар тиісті министрлікке ұсынылып, зерделеу жұмыстары жүргізілетінін түсіндірді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары жоспарланған жұмыстардың оң нәтижемен аяқталуын тілеп, бастамаларға қолдау көрсететінін атап өтті. Бұл ауылдың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, кездесуге келген ардагерлер қауымы қызметіне адал мал дәрігерлеріне алғысын жолдады.

Мейіржан ИБРАГИМОВ,
Таслима ӘЛІШЕР
27 мамыр 2024 ж. 161 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (9246)

15 қазан 2024 ж.

№81 (9245)

12 қазан 2024 ж.

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031